Түркістан облысында қазақ тілінің елді біріктіруші ретіндегі рөлі артып келеді. Облысымыздың барлық аудан, қалаларында тілді оқыту орталықтары жұмыс істейді. Өткен жылы осы курстарға 4 мыңға жуық адам қамтылды. Жалпы, этнос өкілдері тарапынан мемлекеттік тілді үйренуге, қазақ халқының мәдениеті мен салт-дәстүрін біліп-үйренуге деген талпыныс жоғары.
Қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту – Ассамблеяның басты басымдығы, оны барша этнос өкілдері қолдайды, қуаттайды.
Этностық топтар арасында қазақ тілінде сөйлеп қана қоймай, сол тілде өлең жазу, өнер көрсету қалыпты жағдай десем артық айтқандық емес.
Қазақстан барлық этнос өкіліне өз тілін, мәдениетін, салты мен дәстүрін сақтап, дамытуына толық мүмкіндік берді. Қазақ даласынан нәр алып, осы топырақта туғаннан кейін қазақтың ұлттық құндылықтарын бірлесе дәріптеуіміз қажет.
Кентау қаласындағы №16 мектеп-гимназиясында ағылшын тілі пәнінің мұғалімімін, Түркістан облыстық славян этномәдени бірлестігінің мүшесімін.
Талдықорған қаласының тумасымын. Жолдасыммен арман қала Алматыда танысып, ешқашан көрмеген Кентауға келін болып түскеніме, міне, қазір 10 жылға жуықтапты.
Жолдасым Нұрсұлтан – үйдің ең кенжесі болғандықтан, қарашаңырақта ата-енеммен бірге тұрамыз, үш қызымыз бар.
Қазақ әулетіне келін болып табалдырық аттаған күннен бастап енем өзі бас-көз болып, қазақ халқының салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын үйретті, қазақы тәрбиеге баулыды.
Тілге деген құрмет – халыққа деген құрмет. Демек әрбір қазақстандық мемлекеттік тілді құрмет тұтуы тиіс. Әлем таныған ел болу үшін мемлекеттік тілді биіктетуіміз керек. Бұл – біздің басты парызымыз.
Қазақ халқы мемлекетіміздің өзегі және қоғамдық келісімнің қалыптасуында маңызды рөл атқарады. Қасым-Жомарт Кемелұлы барлық азаматтардың мемлекеттік тілді меңгеру мәселесі саясатымыздың стратегиялық бағыты болып қала беретінін айтты. Бүгінде ол азаматтық интеграцияның пәрменді құралы, мәдени-рухани бірліктің бейнесі. Сондықтан қазақ тілін үйрену мәселесіне баса назар аударуымыз керек!
Е.Н.Стребкова
Түркістан облыстық славян
этномәдени бірлестігінің мүшесі