ҚАЛАНЫҢ ЕСКІ КӨШЕЛЕРІ: АМАНГЕЛДІ КӨШЕСІ

  • Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
blog-single-image

Қазіргі Шымкент қаласының аумағында көне заманнан жеткен қала құрылысы және сәулет ескерткіштері тым аз. Барының өзі бұрынғы келбетін жоғалтқан. Сәулет ескерткіші деп көрсететіндей құндылығы жойылып барады. Қазіргі «Ескі қала» аумағынан атам заманнан сақталып келе жатқан тар әрі қыңыр-қисық көшелер, ондағы балшық-саманнан салынған үйлерді де аз көретін болдық. ХІХ ғасырдың қоржын тамдары тұрмақ, ХХ ғасырдың 80-90-шы жылдары салынған қора-қопсы, шифер жабынды баспаналар да қалмай барады. Қаламыздың 2200 жылдық тарихы бар деп қанша жерден мақтана айтқанымызбен, ескі сәулеттік келбетін жоғалтып барамыз.

Амангелді көшесі және Жәми мешіт

Дегенмен, Ескі қала алабының Амангелді көшесі бойында тұрған Жәми мешіт пен ұстаханалар кешенінің сәулеттік келбетін қайта қалпына келтіріп, қолөнер шеберлерінің қатарына айналдырса, көзге көрінер біршама көрікті кейіпке енер ме еді?

Әлқисса.

Шымкент қаласының ескі көшелері туралы әңгімемізді жалғайық. Бұл жолғы тоқталатын көшеміз – Амангелді көшесі.

Бұл көше ХІХ ғасырда Цитадельдің іргесінде тұрған базардан шығып, Қошқарата өзенінің ескі арнасы Қарасу өзенін жағалай Түркістан қақпасына қарай жол тартады. Аткөпір алабы (қазіргі «Айгүл» аялдамасының тұсы, Қошқарата өзенінің оң жағалауы, ХІХ ғасырда сол тұста арбалылар өте алатын көпір болған) турасынан шығып, Түркістанға қарай баратын жол осы Амангелді көшесі тұрған жерге келіп ұласатын. Амангелді көшесі тұрған жердегі жол ХІХ ғасырда сол заманның ең үлкен магистральді көшесі саналды. Өйткені, қала ішіндегі өзге көшелерде тек жаяу және салт атты жүруге ғана мүмкіндік болса, мұнда арбалы жолаушылар да жүре алатын.

Шымкент 1864 жылы орыс патшалығына өткеннен кейін осы көшенің бойында уезд бастығының үйі болған. 1917 жылы ол үйге аурухана орналасып, кейіннен 50-ші жылдары Кремль (Кремлевская) көшесі жақтан ашылған жаңа ғимаратқа көшкен. Айтпақшы, уезд бастығының үйі демекші, Ахмет Кенесарин өз заманында Шымкент уезі бастығының көмекшісі бола жүріп, осындағы кабинеттердің бірінде қызмет атқарғаны бар. Бұл үй қазіргі Жәми мешіт тұрған жерден онша қашық емес, тура Қарасудың жағасында, қазіргі таңда темір ұстаханалары тұрған жерде болған. Сол ғимаратты қайта жөндеп, музейге айналдырса, қатып кететін дүние болар еді.

Тар әрі қисық жол Амангелді көшесінің ескі екенін көрсетіп тұрғандай

Амангелді көшесінің көркін келістіріп тұрған нысан – Жәми мешіт сәулет ескерткіші. Бұл ескерткіш туралы арнайы бөлек тоқталармыз. Десек те, бүгінде Шыңғысбай қажы атымен аталатын бұл мешіт бұған дейін ХІХ ғасырдың жарқын ескерткіші саналып келгенмен, қазіргі таңда сәулеттік құндылығын жоғалтып барады. Күмбезі, шатыр жабыны, сыртқы көрінісі, фасады, ішкі әрлеу элементтері, барлығы-барлығы қатты өзгеріске ұшыраған. Тек, қабырғасының кірпіштері мен михрабының аздаған өрнектері ғана мешіттің ХІХ ғасырдың сәулет өкілі екенін жеткізіп тұр.

Шымкент қаласының Бас жоспарында осы Амангелді көшесінің бойына ескі дәуірдің кейпін суреттейтін сәулеттік құрылыстар салу жоспарланған болатын. Туристер үшін ХІХ ғасырдағы қала кейпі мен тыныс-тіршілігін көз алдыңа келтіретін арнайы қонақүйлер мен қолөнершілер қатары салынып, туристік қалашық тұрғызылатыны туралы 2020 жылдары жиі сөз қозғалатын. Қазіргі таңда сол қызыл сөздер ұмытылды ма, ешкім ол туралы айтпайтын болды.

Көше бойындағы ХІХ ғасырдан жеткен баспаналарда қазіргі таңда ұстаханалар жайғасқан

Десе де, Амангелді көшесінің бойындағы темір ұсталардың мекеніне айналған, «шың-шың» етіп жататын балға мен төстің дыбыстарымен шулап тұратын әр-түрлі ұстаханалар ХІХ ғасырда бұл араның қыз-қыз қайнап жатқан қала тіршілігінен жеткен бүгінгі мұрагері секілді көрінеді.

Сейдалы ДҮЙСЕБАЙҰЛЫ
Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың 2005 жылғы түлегі, 2019 жылдан бері «Қызмет» республикалық қоғамдық апталық газетінің тілшісі, openkazakhstan.kz туристік-ақпараттық сайтының редакторы