Қала тарихы: ШЫМКЕНТ ТУРАЛЫ ЖАЗБАША ДЕРЕККӨЗДЕР

  • Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
blog-single-image

ХХ ғасырда ежелгі, ахеменидтік және басқа дереккөздерден белгілі сақ, скиф, массагет тайпаларының орналасуы туралы түсініктеме беретін бірқатар даулы және ішінара пікірталас тудыратын жұмыстар жарияланды. Б.А. Литвинский осы мәселе бойынша толық тарихнамалық қорытынды береді.

Кангюй мемлекеттік бірлестігі мен оның бес шағын иеліктері: Сусе, Фуму, Юни, Ги, Юегяньді локализациялау туралы көптеген еңбектер жарияланды. Олардың локализациялау орны туралы В.В. Бартольд, С.П. Толстов, А.Н. Бернштам, С.Г. Кляшторный, Б.А. Литвинский және басқалардың жасаған бірнеше гипотезалары бар. Кангюйдің бес иелігін локализациялау мәселесіне қатысты толық тарихнамалық шолуды Л.М. Левин жасады.  Осы иеліктердің бірі біздің зерттеп жатқан аудан аумағында орналасқаны күдік тудырмайды. Бірақ бұл мәселенің шешімі әлі де алыста жатқандай. Осыған байланысты, Л. Н. Гумилевтің: «Иеліктің қытайлық атауларын (Сусе, Фуму, Юни, Ги және Юегянь) олардың жергілікті атауларымен немесе Страбоннан белгілі атаулармен сәйкестендіру ештеңе бермейді» деген тұжырымы маңызды болып саналады.

Осының бәрін ескере отырып, біз бұл шолуда жоғарыда аталған жазбаша дереккөздердің ерекшелігіне тоқталмаймыз. Өйткені, ондағы белгілі бір ақпараттарды локализациялау және түсіндіру мәселесі ғылымда әлі де даулы күйінде қалып тұр, бұл сәйкесінше арнайы жұмыс тақырыбына айналуы қажет.

Сондықтан, жазбаша дереккөздерге шолуымызда біз зерттеп жатқан тарихи-мәдени ауданның аумағына тікелей қатысты ерте ортағасырлық және ортағасырлық кезеңдер авторларының жазбалары ғана енгізілді. Бұл жұмыстар негізінен ортағасырлық Испиджаб-Сайрамға, және оның ұзақ уақыт бойы көлеңкесінде қалып, серіктес қаласы болып келген Шымкентке қатысты болады.

Төменде ұсынылып отырған жазбаша дереккөздердің ерекшелігі Шымкент қаласына, елді мекендерге, микротопонимдерге және оның айналасындағы керуен жолдарына тікелей немесе жанама қатысты. Оларды салыстыра отырып Нуджикетті Шымкенттің орнында локализациялау мәселесін шешуге мүмкіндік береді. Мұндай дереккөздерге орта ғасырлардағы қытай, араб, парсы жазба құжаттары, жаңа замандағы орыс және ағылшын тіліндегі құжаттар жатады.

ҚЫТАЙ ЖАЗБА ДЕРЕКТЕРІНДЕГІ ШЫМКЕНТ ӨҢІРІ

Қазақстан аумағы ерте ортағасырлық және ортағасырлық кезеңдерде қытай жазба деректерінде сипатталады. Алайда, б.з.д. II ғасырдан бастап және б.з. VI ғасырына дейін құрастырылған қытай жазбаларында Қытайдың батысында орналасқан мемлекеттерді Ұлы Жібек жолы бойында орналасу ретімен емес, кейде нақты географиялық тұрғыда байланыссыз көрсетілген. Бұл жағдайда географиялық пункттер мен оларда көрсетілген мемлекеттердің нақты орналасуын анықтау қиын, кейде мүмкін емес. Сюань-цзанның «Да тан сиюцзи» («Ұлы Таңның [кезеңінің] батыс өлкесі туралы жазбалар») деген еңбегі ерекше тоқталуға лайықты, онда автор керуен жолы бойымен жүріп өтіп, Қытайдан Үндістанға дейінгі жолында кезіккен барлық мемлекеттер мен халықтардың орналасуын сипаттаған. Бұған қоса, оған дейінгі барлық қытайлық зияраттаушы саяхатшылар Қытайдан Үндістанға бару үшін Оңтүстік Қазақстанды айналып өтетін оңтүстік жолымен жүрді. Бүгінгі таңда Сюань-Цзанның шығармасы ерте орта ғасырлар кезеңіндегі Қазақстанның керуен жолдары мен қалалары жайында алғашқы толық жазылған қытайлық жазбаша құжат саналады.

Ю.А. Зуевтің дерегінше, «жазбалардың» еуропалық тілдерге алғашқы аудармаларын ғалымдар Жульен мен Биль жасап, ХІХ ғ. ортасында және ХХ ғ. басында жариялаған. Бұл аудармалар Еуропада бірнеше рет жарық көрді. Ол аудармаларды революцияға дейін де, революциядан кейінгі уақытта да осы мәселемен айналысқан көптеген зерттеушілер қолданды. Жульеннің аудармасын В.В. Бартольд толық пайдаланды. «Жазбалардың» кем дегенде жиырмаға жуық түрлі басылымдары бар, бірақ біз жұмыста Ю.А. Зуевтің 1955 ж. Пекин басылымының негізінде жасалған аудармасына екпін бердік.

1221 жылы Қытай монахы Чан-Чунь Оңтүстік Қазақстан арқылы өтеді. Чан-Чуньнің саяхатын үнемі қадағалап отырған оның шәкірттерінің бірі жазып алады. Бұл жазбалардың құндылығы сол, Чан-чунь жолы Қазақстанның оңтүстігімен өтіп, Сюань-цзан бағытын ішінара қайталады. Монах Тараздан өтіп барып Сайрамға келеді. Сайрамда Чан-чунь бірнеше күн болды. Сайрамда болған кезде оның шәкірттерінің бірі ауырып, қайтыс болды. Ол қаланың шығысында орналасқан биік жерлердің біріне жерленген. Сонымен қатар, Чан-Чуньнің саяхаты Сайрам топографиясының кейбір ерекшеліктерін және оның округінің ерекшеліктерін сипаттайды, бұл өте маңызды.

1222 жылы 16 мамырда Чан-Чунь өзінің серіктерімен Шыңғыс ханмен кездесіп, бірнеше рет қабылдауында болды. Әрі қарай, Қытай монахы Сайрам арқылы өз Отанына оралады. Чан-Чуньнің саяхаты бізге Кафаровтың аудармасы арқылы белгілі, біз ол шығарманы В.В. Бартольдтың берген түсініктемелеріне көз жүгірттік.

Қазақстанның оңтүстігі туралы қытай дереккөздерінің келесі мәліметтері XV ғ. қытайдың Мин әулетінің (1368-1644) билігі тұсына жатады. Ол кезең қытай тарихында Қытай мен Орталық Азия мемлекеттері арасындағы белсенді саяси-дипломатиялық байланыстар кезеңі ретінде белгілі. Бұл ақпараттар елшілік құжаттарында сақталған.

Билеуші Мин әулетінің жіберген алғашқы елшілігі 1395 жылы қытайлық санақшы Фу Ань бастаған миссия болып саналады, содан кейін ол Самарқанға және Орталық Азияның басқа да мемлекеттеріне тағы бірнеше дипломатиялық миссиялар жасады. Бірақ, оның алғашқы саяхатының ерекшелігі сол, Темір Фу Аньды 12 жылға дейін ұстап отырып, әмір қайтыс болғаннан кейін ғана отанына орала алды. Әйгілі қытай дипломаты және саяхатшысы Чэн Чэннің Самарқанға жасаған алғашқы миссиясына келетін болсақ, кейбір қытай дереккөздерінде бұл сапар Фу Аньды Темір ұстап қалуына байланысты жүзеге асырылды дейді. Чэн Чэн Орталық Азия елдеріне бірнеше рет барып, оларды өз жазбаларында сипаттаған.

Осы сапардан оралғаннан кейін Чэн Чэн өзінің әйгілі «Сиюй синчэнцзи» – «Батысқа саяхат туралы жазбалар» және «Сиюй фаньгожчи» – «Батыс өлкесі мемлекеттерінің сипаттамасы» шығармаларын құрастырды. Ол жолда жазған өлеңдерін «Сиюй ванхуэй цзисинши» – «Батыс аймаққа барар жолда және одан шыққан өлеңдер» жинағына жинады. Кейінірек оның ұрпақтары өз уақытында сыйға тартқан өлең шимайларын жинап, «Чэнь Чжушань вэньцзи» төрт тарауын құрастырды. «Сиюй синчэнцзи» – бұл Чэн Чэннің 1413-1415 жж. Орталық Азия елдеріне жасаған саяхатының күнделігі. Ал, «Сиюй фаньгочжи» жинағында ол өзі барған мемлекеттердегі тарихи жағдайды бейнелеп, жер бедері, жергілікті халықтың жоралғылары мен әдет-ғұрыптары туралы әртүрлі мәліметтерді жазып, ішінара саяси, экономикалық және мәдени өмірді суреттеді.

Чэн Чэн баяндаған мәліметтер Орталық Азия халықтарының, оның ішінде Қазақстан тарихының ғылымында аз зерттелген кезеңіне қатысы бар. Ең алдымен, маршруттың толық баяндалуы және саяхат жасау уақыты назар аудартады. Екіншіден, елді мекендердің топографиясының сипаттамасы, олардың стратегиялық маңызы. Үшіншіден, географиялық нысандар арасындағы нақты қашықтық. Сонымен, екі шығармада да Чэн Чэн Янги (Тараз) қаласы туралы ақпарат береді. Бір қызығы, автор топонимді Тараз-Янги емес, Янги түрінде көрсетті, бұл сол кезде ол атаудың қала сыртында қалыптасқанын көрсетеді. Моңғолдар жаулап алғаннан кейін қала Янги деп атала бастағаны белгілі. Янгиде шағатайидтар атынан соғынған теңгелер болды. 1354 ж. Талас өз. аңғары соңғы шағатайид Баянқұлидің қолына өтеді. Мұхаммед-Хайдар Дулатидің сипаттамасына дейін ол туралы жазбаша дереккөздерде аз айтылды. Аймақта болған қиыншылықтар мен қақтығыстар да бұл қаланы шетте қалдырмады, оны сол кезде құлдырап, қаңырап бос қалған кезеңін Чэн Чэн дәл сипаттады. Сондықтан, XVI ғасырда Мұхаммед-Хайдар былай деп жазды: «Мауераннахрдағы Йангиден шыққан адамдар көп, сол адамдардың барлығын «йангилик» деп аталады. Алайда, олар Йанги деп атайтын далада бірнеше қалалардың іздері: мұнара, ханака және медіресе күмбездерінің қалдықтары сақталған. Бірақ, бұл ежелгі қалалардың қайсысы Йанги деп аталғаны және басқалары қалай аталғаны белгісіз». Чэн Чэннің суайырықта орналасқан қала топографиясының ерекшеліктерін сипаттауы өте маңызды. Бұл тарихи топографиясында бірқатар даулы тұстары бар Янги мен Тараздың ұқсастығын тағы да растайды.

ЧэнЧэн Янгиден Сайрамға дейін бұрынғы сүрлеужолменжүрді.ОлЯнгименСайрамарасындағықашықтықты360ли екенін нақты анықтады,бұл қазіргіТаразбен Шымкенттіңарасындағы шамамен 180 км қашықтық жолмен сәйкес келеді.ЧэнЧэнөзжолыныңосыбөлігін4күнде жүріп өтіп, бағытында жолай кездескенАэргэ,Хабусу дегенмекендерді атап көрсетті.Сайрамдатұрып,ЧэнЧэноныңтопографиясыменэкономикасының ерекшеліктерінсипаттады.СайрамнанкейінТашкентке барар жолдаол Юэдугуэрба деген жердісипаттады, біз ол жерді Қазығұртқа келеді деп сәйкестендірдік.

 АРАБ, ПАРСЫ, ЖӘНЕ ТҮРКІ ЖАЗБА ДЕРЕКТЕРІ НЕ ДЕЙДІ?

IX-XII ғасырлардағы араб-парсы әдебиеті мазмұны жағынан тарихи-географиялық бағытқа ие болды. Бұл әдебиет өз уақытында ғылыми басылымдарда лайықты бағаға ие болды. Бұл тұрғыда В.В. Бартольдтың жұмысын атап өту жеткілікті. Ең бастысы: бұл жазбаларда негізінен куәгерлер жасаған дереккөздер пайдаланылды, немесе жазбаларда авторлар өздері бақылағанын тікелей жазды, бұл ерекшелік жазбаның сенімділігін арттырады. Жазбаларда тарихи-географиялық сипаттамадан басқа, Орталық Азия өңірінің мемлекеттері мен халықтары туралы, оның ішінде Қазақстанның да бар, құнды мәліметтер келтіріледі. Атап өтер болсақ, авторлар арасында: ибн Хордадбех, Құдама ибн Жафар, Әл-Истахри, ибн-Хаукал, Әл-Мұқаддаси және т. б. бар.

Ибн-Хордадбех пен Құмада Ибн Жафардың «Китаб әл-масалик уа-л-мамалик» (Жолдар мен елдер кітабы»), «Китаб әл-харадж» («Салықтар туралы кітап») шығармалары IX ғасырда жазылған. С. Волиннің жазуынша, Құдама өз шығармасының географиялық бөлігінде Хордадбехтікі сияқты деректерді пайдаланғаны анық. Алайда, Шаштан Испиджабқа дейінгі жолдың сипаттамасы бұл авторларда біршама айырмашылығы бар. Хордадбехте Шаш пен Испиджаб арасында «Темір қақпа» географиялық орны болса, Құдамада ол жоқ. Құдамада Испиджаб пен Шараб арасында екі өзен бар: Мава мен Юран белгіленсе, олар Хордадбехте жоқ. Соған қарамастан, олардың мәліметтері жоғары сенімділікпен ерекшеленеді. Бұл авторлар қандай дереккөздерді пайдаланса да, олардың жазбаларын куәгерлер жазған және керуендердің жолында орналасқан географиялық объектілердің нақты сипаттамасымен ерекшеленеді.

Келесі автор Әл-Истахри өзінің «Китаб Массалик әл-мамалик» («Елдердің жолдары кітабы») атты еңбегін бізге жетпеген Әбу-Зейд әл-Балхидің IX ғасырда жазылған географикалық композициясы негізінде құрастырды. Оның шығармасында Испиджаб қаласының топографиясы берілген. Испиджаб округіндегі елді мекендер арасындағы керуен бағыттары және олардың қашықтықтары сипатталған. Әл-Истахридің шығармасы екі басылымда – араб және парсы тілдерінде жарық көрді. Парсы тіліндегі нұсқасында Испиджаб пен оның округінің сипаттамалары араб тіліндегісіне қарағанда толығырақ берілген. Мысалы, Испиджабтың төрт қалалық қақпасының сипаттамасы араб нұсқасында жоқ. Оған қоса, Испиджабтың шекараласатын ортағасырлық округтер аумақтары туралы нақтырақ мәліметтер бар.

Перу ибн-Хаукал жазған кітап «Китаб әл-массалик уаль-мамалик» («Жолдар мен елдер кітабы») деп аталады. Ғалым Истахридің жұмысын қайта өңдеп, оның мәліметтерін көп жағынан толықтырады. Мәселен, еңбекте Шаш оазисін сипаттау кезінде Шашпен шектесетін Испиджаб округі аумағының оңтүстік шектері көрсетіледі. Ол Әл-Истахри сияқты, Испиджабтың қалаішілік нысандарының сипаттамасын береді және қаланың төрт қақпасының аттарын көрсетеді. Испиджабқа арналған бөлім оның айналасындағы қалалардың тізімін толықтырады.

Әл-Мұқаддасидің «Ахсан ат-такасим фи-ма’рифат әл-ақалим» («Климат туралы білімдегі ең тиімді бөлу») дейтін географиялық еңбегі Х ғасырда жасалған. Онда жер шарының географиялық белдеулері туралы кең ақпарат бар. Автор жұмысында өзінің алдындағы ғалымдардың мәліметтерін қолданғаны сөзсіз. Қолжазбалардың бірнеше нұсқалары бар. Еңбекте Испиджабқа айтарлықтай орын беріліп, ортағасырлық Испиджаб округіне кіретін қалалардың, ауылдардың және шағын географиялық мекендердің толық тізімі көрсетілген. Жалпы, тізімнен басқа, жұмыста елді мекендер арасындағы қашықтық, олардың маңыздылығы туралы мәліметтер бар. Кейбір жағдайларда халықтың этникалық құрамы көрсетілген. Сонымен қатар, Испиджаб қаласы туралы мәлімет бере отырып, Әл-Мұқаддаси оның топографиясының ерекшеліктерін толыққанды сипаттаумен қатар, халықтың құрамы, өмір салты және олардың мінезінің ерекшеліктері туралы кейбір ескертулер береді. Басқа авторлардан әл-Мукаддасидің айырмашылығы, Испиджабтың рабадтарын сипаттады және олардың атауларын атап көрсетті. Одан басқа, оның жұмысында ірі округтерге кіретін шағын қалалар мен ауылдардың толық топографиялық сипаттамасы бар.

Х ғ. парсы тілінде жазылған авторы белгісіз «Худуд әл-алам» («Әлемнің шекаралары») географиялық жазбасында Испиджаб қаласы және оның округінің ескерткіштері туралы мәліметтер бар. Жұмыста Испиджаб мұсылман әлемінің түріктермен шекарасындағы саяси және сауда орталығы ретінде кеңінен сипатталған. Еңбекте Испиджабтың өте бай қала екені және саудагерлер үшін қазына саналатыны атап өтілген.

Географиялық бағытты қамтитын еңбектерден басқа, әртүрлі тарихи фактілермен қатар Оңтүстік Қазақстан өңірінің саяси және этникалық тарихы бойынша деректер де бар. Бұл еңбектер қатарында әл-Белазури, әт-Табари, ән-Наршахи, Махмұд Қашқари, ас-Самани, ибн әл-Асира, Якут әл-Хамави және т. б. авторлардың шығармалары аталады.

Әл-Белазуридің«Китабфутухәл-бұлдан»(«Елдердіжаулап алу кітабы»)жәнеат-Табаридің«Тарихар-русулва-л-мулук»(«Пайғамбарларменпатшалартарихы»)еңбектерінденегізіненИспиджабаумағындажәне оған іргелес жатқан аудандардағы араб басқыншыларыныңжаулапалуәрекеттеріненүзіндімәліметтербар. Ан-Нершахидің«ТарихиБұхара»(«Бұқаратарихы»)шығармасы да осымәліметтерденарылғанжоқ, онда алдыңғызерттеушілердің,соныңішіндеӘл-Белазуридің компеляциясынегізіндеИспиджаб туралы ақпаратберіледі. Әл-Белазуридіңхабарынерекше атап өткенжөн, онда Испиджаббекінісініңнегізі қаланған жәнеоныңайналасынақабырғатұрғызылғануақыткөрсетілген.

Испиджаб және оның халқы туралы ақпарат Махмұд Қашқаридің «Диуан лұғат ат-Түрк» («Түркі сөздерінің жинағы») шығармасында айылады. Бұл еңбек XI ғасырда жазылған және бүгінгі күнге дейін өзектілігін жоғалтқан жоқ. Қашғари шығармасы – Испиджаб қаласын Сайрам қалажұртымен сәйкестендірудің кілті. Ол жерде Сайрам топонимінің айтылу нұсқалары беріледі және аймақтағы этникалық жағдайды сипатталады. М. Қашғаридің Ыстамбұл басылымы өзбек, қазақ тілдеріне аударылған. Біздің жұмысымызда барлық қолданыстағы аудармалар пайдаланылады. Негізгі тірек С.Волиннен алынып, сілтеме жасалады.

Испиджаб, оның қалаларының тарихы мен мәдениеті туралы мәліметтер ас-Саманидің «Китаб әл-ансаб» («Нисб кітабы») шығармасында қамтылған. Бұл жұмыста Испиджаб округінің қалалары туралы қысқаша құнды мәліметтермен қатар, ортағасырлық филологияда, әдебиетте, заңнамада із қалдырған адамдар туралы ақпарат бар. Ас-Саманидің «Нисбіне» толық талдауды Ш.С. Камалиддинов жасады.

Ибн әл-Асирдің «Әл камил фи-т-тарих» («Тарихтың толық жинағы») шығармасын атап өткен жөн. Мұсылман әлемінің тарихын баяндауда Испиджабта болған оқиғаларға да орын берілген. В.В. Бартольд өзінің «Моңғол шапқыншылығы дәуіріндегі Түркістан» дейтін еңбегін жазу кезінде осы тақырып бойынша өзінен бұрынғы ғалымдардың еңбектерін сыни тұрғыдан пайдалана отырып, Ибн әл-Асирдің ақпаратының жоғары сенімділігін атап өтті. Жекелей қарағанда, ол еңбекте Испиджабқа алдымен Хорасан билеушілерінің, кейін Қарахан қолбасшыларының және т. б. жорықтары көрсетілген.

Испиджаб округінің қалалары туралы мәліметтер Якут әл-Хамавидің «Муджам әл-бұлдан» («Елдер сөздігі») шығармасында бар. Испиджаб қалаларын (Манкет, Мазанкет, Дахкет, Бадухкет және т.б.) сипаттай отырып, олардың орналасу бойлығы мен ендігін көрсете отырып, якут әл-Хамави осы қалалар бойынша құнды тарихи мәліметтер келтіреді. Испиджабты сипаттай отырып, автор шығармада моңғолдың алдындағы уақытта қалалардың жойылу себебін айтады.

Моңғолға дейінгі кезеңдегі еңбектердің ішінде Х ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген Фирдоусидің «Шахнаме» («Патшалар кітабы») эпосын атап өткен жөн. Поэмада Испиджаб қаласы, одан кейін Канг және Сиявушгирд қаласы туралы айтылады. Көптеген ғалымдар «Шахнаме» топонимдерін қарастырып, аталған мекендерді локолизациялауға тырысады. Алғашқы әрекеттердің бірін Г.В. Птицин жасады. Ол Кангты белгілі бір нақты географиялық объектімен қатар қоймай, «Шахнамедегі» Кангты «Авестада» аталатын Канг және қытайлық жазбаша еңбектердегі Кангюймен салыстыру мүмкіндігі туралы ұсыныс айтты. Бұл мәселеге қатысты дереккөздерге толық шолу С.Г. Кляшторныйдың жұмысында жасалды. Оның пікірінше, Фирдоусиде айтылған Канга Отырар оазисінің орнында локализацияланады. «Шахнаме» әдеби тұрғыда бірнеше мәрте зерттелген. «Шахнамада» кездесетін терминдердің ортағасырлық парсы сөздіктерімен бірге, бұл әдеби ескерткіш біз үшін де үлкен қызығушылық тудыратын маңызы бар.

Жақында ғана Т.К. Бейсембиев қазақстандық зерттеушілер үшін бұрын-соңды белгілі болмаған XIII ғасырдағы «Джавами’ әль-хикаят уа лавами ‘Ар-ривайат» («Әңгімелер және тамаша тарих жинағы») еңбегін ғылыми айналымға енгізді. Еңбек авторы Ауфи Бұқараның тумасы болған. Ол 1220 жылдары Шыңғыс хан әскерлерінен Делиге қашып барып, өз жұмысын сонда аяқтады. Ауфидің жұмысы негізінен ежелгі әлем, ортағасырлық шығыс және Византия халықтарының өміріндегі әртүрлі тақырыптарды қамтитын әңгімелер жиынтығы болды. Бұл жинақтың құндылығы сол, оған кейіннен жоғалып кеткен әртүрлі жазба дереккөздерден алынған үзінділер енген. Бізге жетпеген «Исмаилдың [және] Насыр Бен Ахмад ас-Самани тарихы» еңбегінен алынған Исмаил Саманидің Испиджабтың билеушісімен соғысы туралы әңгіме біз үшін үлкен қызығушылық тудырады.

Бұл жұмыста біз әр уақытта В.В. Бартольд, С. Волин, Е.К. Бетгер, Л.З. Писаревский, З. Н. Ворожейкина, М. Велиханова, Ш. Камалиддинов және т.б. аударған аудармаларда араб және парсы ғалымдарының жоғарыда аталған шығармаларына назар аударамыз. Қажет болған жағдайда, әсіресе дереккөздерде кезіккен топонимдерді салыстыру кезінде біз тікелей бастапқы дереккөз ретінде 1967 жылғы басылымға жүгінеміз.

С.Волиннің «IX-XVII ғғ. Талас өз. аңғары және оған көршілес аудандар туралы араб, парсы және түркі дереккөздерінің мәліметтері» еңбегі пайдаланылмайтын Қазақстанның ортағасырлық тарихы мен археологиясы бойынша бірде-бір заманауи жұмыс жоқ шығар. Автор оны 1940 жылы КСРО Ғылым академиясы Қазақ филиалының ұсынысы бойынша дайындады. Бұл жұмыс А.Н. Бернштам басқарған Жетісу археологиялық экспедициясының жұмысы үшін қажет болды, ол жазба дереккөздерінде көрсетілген географиялық пункттердің орналасқан жерін нақтылады. Қазақ КСР ҒА-ның қолжазба нұсқасында сақталған мәтіндердің аудармаларын кейіннен көптеген авторлар қолданды. Оларды Е.И. Агеева мен Г.И. Пацевич 1958 жылы жарық көрген бірлескен шығармасында кеңінен қолданды. Шығыстанушының жұмысы Жетісу археологиялық экспедициясының еңбектерінде ұсынылды. Бірақ экспедицияның еңбектері сигналдық данада жарық көрді және бірден библиографиялық тұрғыда сирек болды. Бұл туралы С.Г. Кляшторный танысу үшін ұсынған С. Волиннің жұмысын пайдаланған В. А. Лившиц жазды.

С. Волиннің жұмысы 1960 жылы ҚазКСР ҒА Тарих, археология және этнография институтының еңбектерінде қайта басылды. Сол кезде редакция С.Волиннің шығармасы тірі кезінде жарияланбаған деп жазды. Оны В.С. Храковский баспаға дайындады, ол аударманы арабша түпнұсқаларымен салыстырды. Алайда, С. Волиннің бұл жинақтағы жұмысы толық жарияланбаған. Онда тек араб дереккөздері орналастырылған, парсы дереккөздері жоқ. Аударманың кей мәтіндерін В.С. Храковский түзетіп, жақсарта түсуді көздейді. Ән-Нершахидің шығармаларынан алынған «Тарихи Бұқара», «Худуд әл-алам», «Зейн әл-ахбар Гардизи», «Тарихи бей хаки», «Муджмиль ат-тауарих уәл-қысас», «Тарих-и-джехангуша», «Мулхикат ас-сурах», «Джами ат-тауарих», «Тарих-и-Вассаф», «Рузнаме-и-газават-и Хиндустан», «Зафар-наме», «Матла ас-садейн уа маджма әл-бахрейн», «Раузат әс-сафе», «Масалик әл-мамалик», «Бабур-наме», «Тарих-и-Рашиди» В.С. Храковский дайындаған басылымға кірген жоқ.

Жоғарыда аталған барлық шығармалар біз зерттеп жатқан ауданға қатысты және үлкен ғылыми қызығушылық тудырары сөзсіз. Оның ішінде Шереф-ад-дина-Йездидің «Зафар-наме» және Санда Джурджанидің «Масалик-әл-мамалик» еңбектерін атап өту қажет. Біріншісінде Шымкент пен Сайрам туралы мәліметтер бар, онда Шымкент бұл шығармада алғаш рет аталған, ал Сайрам Ұлықбектің бөлігі ретінде көрсетілген. Екіншісінде XV ғасырда Ташкенттен Сайрам арқылы Ыстықкөл арқылы өткен керуен жолы сипатталған. Сол кездің өзінде көптеген елді мекендердің атаулары өзгерген еді.

Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарихи-и-Рашиди» шығармасын ерекше атап өткен жөн. Дереккөзде Сайрам, Қазақ хандықтарының тарихы туралы мәліметтер бар. Бізді Сайрам қала мен бекініс ретінде қатысқан тарихи ақпараттың бөлігі қызықтырады. Шығармада Сайрам мен оның айналасында болған саяси күрес кеңінен сипатталған.

Сондай-ақ, Рузбиханның «Михман-наме» шығармасын да атап өткен жөн, онда Сайрамның егіншілікке қолайлы табиғаты мен климаты сипатталған.

Кейінгі ортағасырлық Сайрам туралы мәліметтер Абдаллах ханның жорықтарына байланысты жазылған Хафиз Таныштың «Шараф-наме-и-Шахи» және Мола Мусса Бен Мола Айса-Қожа Сайрамидің «Тарих-и Амния» шығармаларын қамтиды. Бірінші дереккөз негізінен Абдаллах хан әскерінің Қазақстанның оңтүстігіндегі, оның ішінде Сайрамдағы әрекеттері туралы баяндайды. Абдаллах хан әскерінің жол бойында географиялық пункттер мен олардың атаулары көрсетілген. Екіншісінде Сайрамды ойраттардың басып алуына және олардың тұрғындардың бір бөлігін өз иеліктеріне көшіруіне байланысты оқиғалар сипатталған.

Жақында ғылыми айналымға Сайрам туралы мәліметтерді қамтитын екі жазбаша дереккөз енгізілді. Біріншісі – Сафи ад-Дина Орын Қойлақының «Насаб-наме» еңбегі. Бұл шығарманы зерттеген З.З. Жандарбеков оның XIII ғ. жазылғанын атап өтті. Ысқақ бабқа арналған шығарманың бір бөлігінде Сайрамдағы діни ахуал туралы мәліметтер бар. Екіншісі – «Мәдинат әл-Байда және Испиджабтың әулиелері туралы трактатты» Ж. М. Төлібаева жариялады. Шығарма, үлкен ғылыми қызығушылық тудыратыны сөзсіз. Онда Сайрам аумағында және оның округінде орналасқан жерлеу орындары мен қасиетті орындар туралы ақпарат беріледі. Жұмыс Сайрамның агиологиясы, культтік сәулет ескерткіштері бойынша жақсы дереккөз болды. Бұл «Трактат» ғылымда «Рисоля» деген атпен танымал. Оны ішінара Н.П. Остроумов жариялады. Бұл шығарма туралы бір кездері В.В. Бартольд жазған. Дәл осы «Рисоля» бөлігін П.П. Иванов белсенді қолданды және алдыңғы бөлімде біз көрсеткен жұмысында кейбір үзінділерді жариялады. М.Ж. Төлібаева 1920 жылдары Сайрамда П.П. Иванов сатып алған «Рисоля» нұсқасын аударған болуы мүмкін.

XIX ғасырдан бастап Шымкент Қоқан хандығының құрамында болды. Шымкент тарихының оның Ресей империясына қосылуына дейінгі бұл кезеңін Т.К. Бейсембиев ұсынған Қоқан хандарының архивінің деректерінен белгілі болады.

 ШЫМКЕНТ ТУРАЛЫ ОРЫС ЖӘНЕ АҒЫЛШЫН ТІЛДІ ДЕРЕККӨЗДЕРДЕ

Оңтүстік Қазақстанның тарихи ескерткіштері мен қалалары туралы мәліметтер берілген алғашқы еуропалық географиялық шығармалардың бірі – «Үлкен Сурет Кітабы». Онда, атап айтқанда, Түркістан, Отырар қалалары және Шымкент көптеген ғасырлар бойы көлеңкесінде болған Сайрам қаласы көрсетілген.

XVII-XVIII ғасырлардан бастап Шымкент қаласы ірі тарихи-мәдени ауданның орталығы ретінде бұрын осындай мәртебеге ие болған Сайрамнан біріншілікті қабылдап, өңірде үстемдік ете бастады. Сондықтан, осы кезеңдегі әртүрлі дереккөздерден алынған хабарламалардан біз негізінен Шымкент қаласы туралы мәліметтерді табамыз. Осыған байланысты, ХІХ ғасырдың басында Шымкентке М. Поспелов пен Т. Бурнашев келгенін хабарламаны атап өткен жөн. Олар Шымкент Ташкенттен кейін өлкеде жетекші орынға ие болды деп жазды. Осы уақытта қалада 700-ге жуық үй болған, оның айналасында 10 шақты шағын ауыл болған. Олардың топографиясында бұл ауылдар биік жерде орналасқаны және кірпіш қабырғалармен қоршалғаны көрсетілген.

1813 жылы Қазақстанның оңтүстігінде болған жеке Сібір корпусының аудармашысы Филипп Назаров бізге кейінгі ортағасырлық Шымкентті барынша толық сипаттап береді. Оның шығармасынан: «Шымкент Бадам өзенінің жағасында орналасқан; биік жерге салынған және жар жағалай өте биік қабырғамен қоршалған. Қалаға өзен жағасы жағынан бір аттылы адам ғана жүре алатын тар жолмен кіреді. Өзеннен ағып келетін су қабырғаның арнайы ойығынан өтіп бойында су диірмендер салынған қаладағы қазба арналарды толтырады. Үйлер қытайлар сияқты күйдірілмеген кірпіштен салынған, терезелері жоқ, сондықтан пәтерлерде жарық болуы үшін көшелердің барлық жерінен есіктер ашық екенін көресіз. Олардың әйелдері өте әдемі, әдепті және еркектерден жасырмайды» деген жолдарды оқимыз.

Он жеті жылдан кейін 1830 жылы Шымкентке келген хорунжий Н.И. Потанин былай деп жазды: «Чемкет қаласы Бодам өзенінің бойында, қуыста орналасқан, оның ортасында биік жерде кішкентай бекініс (Ташкент ордасы) орналасқан, ол барлық жағынан саздан жасалған биік қабырғамен қоршалған және өзен жағасынан кіреберісі бар, тар жолмен, тек бір атпен жүруге болады. Бекіністе қабырғаға салынған ойықтар арқылы өзеннен ағып келетін сумен толтырылған көптеген арналар қазылған, осы каналдарда диірмендер салынған. Бастықтың үйі де бекіністе орналасқан, оған қосымша 250 адамға дейін әскер орналастырылған. Шымкенттегі үйлер саны 600-ге дейін; қаладағы көшелер тар және ретсіз. Үйлер Шолаққорған қалажұртындағыдай салынған; олардың кейбіреулері жап-жақсы салынған».

Шымкентті зерттеудің келесі кезеңі 1865 жылдан басталады және Түркістан генерал-губернаторлығының құрылуымен байланысты болды. Бұл кезең Қазақстанның оңтүстігінің Ресей империясының құрамына кіруі, патша өкіметінің нығаюы, өлкеде мақсатты түрде отаршылдық саясатты жүргізу жағдайында өтті. Бұл жағдай өз кезегінде «аумақты табиғи-тарихи және этнографиялық қатынастарда мұқият және жылдамдатыла зерттеуді қажет етті».

1864 жылы Шымкенттің алынуы және мұнда орыс әскери гарнизонының пайда болуы өңірге арнайы тапсырмадағы шенеуніктерден басқа, түрлі міндеттермен бірге Оңтүстік Қазақстан қалалары, атап айтқанда Шымкент туралы мәліметтер қалдырған қарапайым азаматтарды тартты. Олардың ішінде П.И.Пашино, А.К. Гейнс, В.В. Верещагин, Ю. Скайлер және т.б. болды.

1866 жылдың көктемінде Шымкентке сол кездегі публицист, болашақта белгілі шығыстанушы П.И. Пашино келеді. Орынбордан Ташкентке дейінгі маршрутпен жүріп, ол өз жолында Оңтүстік Қазақстанның ортағасырлық қалаларын сипаттады. Онымен бірге бұл сапарда жас орыс суретшісі В.И. Вележев те болды, ол бізге Шымкент қалажұртының бірегей суреттерін қалдырды, оның топографиясы мен формациясының ерекшеліктерін тіркеді. П.И. Пашиноның еңбегі Шымкент және жалпы Түркістан өлкесі туралы алғашқы деректі графикалық куәлік болғаны сөзсіз.

Сол жылдың күзінде Шымкентке Орыс географиялық қоғамының мүшесі, нақты мемлекеттік кеңесші А.К. Гейнс келді. Ол енді ғана Бас штаб академиясын бітіріп, Түркістан бойынша жорықтарға қатысу үшін орыс армиясының құрамына жіберілді. Оның 1866 жылы жазылған күнделіктері мазмұны бойынша Шымкент қаласы мен жалпы Қазақстан бойынша бірегей құжат болып саналады. Оның Түркістан өлкесінде жасаған жазбалары автор қайтыс болғаннан кейін отыз екі жылдан кейін ғана жарық көреді. Шымкентке қатысты жазбаларда этникалық құрамы, қоғамдық және әкімшілік басқару, қала тұрғындарының дәстүрлі тұрмысы, әдет-ғұрыптары мен ойын-сауықтары, қаланың топографиясы мен географиялық ерекшеліктері туралы толық ақпаратты қамтиды. Оның жазбаларында Ресей әскерлерінің Шымкент қаласын басып алуы, шабуылдың нәтижелері және оның салдары егжей-тегжейлі көрсетілген. Бұл дереккөздің құндылығы сол, ең алдымен, жазба сол жылдардағы оқиғалардың куәгерлерінің сөздерінен жазылған.

Күнделікте сол жылдың күзінде күнделік авторы барған Сайрам туралы да сипатталған. Мүмкін, А.К. Гейнс Сайрам ауылына оның тарихи ескерткіштерін зерттеу тұрғысынан жақындаған алғашқы еуропалық шенеуніктердің бірі болған шығар. Ол ғалымдар арасында алғаш рет культтік сәулет ескерткіштер – байырғы тұрғындар арасында танымал болған жергілікті Жұма мешіт пен Қызыр пайғамбар мешітін зерттеді. Ғалымды Жұма мешітінің ішінде орналасқан тас баған қызықтырды. Сайрам мен Шымкент қалажұртының топографиясы туралы Г.И. Гейнс күнделіктерінде ұсынылған мәліметтер біз үшін ең құнды дереккөз екені сөзсіз.

Шымкент туралы А. К. Гейнс былай деп жазды: «Чемкенттің келбеті өте қызық. Бүкіл қала қазаншұңқыр ойпатта орналасқан, сондықтан ол ең жақын қашықтықтан әрең көрінеді. Әрбір үй барлық жағынан ағаштармен қоршалған, ағаштар қоршаулардың арғы жағынан жолдың екі жағына әдейі отырғызылған аллея сияқты көрінеді. Кейбір көшелерде биік теректерден, көктеректерден, талдардан, жеміс ағаштарынан үнемі көлеңке түсіп тұрады. Чемкентті аралап жүріп, ағашсыз бірде-бір ауланы кездестірмедім».

Оңтүстік Қазақстан халқының өмірінен алынған қызықты мәліметтер орыс баталист-суретшісі В.В. Верещагиннің суреттерінде салынған. Атап айтқанда, ол Шымкент тұрғындарының этнографиялық өмірінің суреттерін ұсынды. Ол Шымкенттен Ташкентке баратын ескі керуен жолы бойында Беклербек бекінісін салған. Ол Шымкент туралы былай дейді: «Чемкенд бау-бақшаға толтырған. Алыстан тек ағаштардың тұтас теңізін және көркем жотада тұрған бекіністің жартылай құлаған төбесі көрінеді.

Чемкент бекінісінің қабырғалары көрші көшелерден 60 футтан астам биіктікте тұр. Олар қаланы жаулап алған орыстарға қарсы тұра алмады».

Белгілі америкалық ғалым, жазушы және дипломат, И.С. Тургенев пен Л.Н. Толстой шығармаларын ағылшын тіліне аудармашыларының бірі болған Юджен Скайлер (Евгений Шулер) 1873 жылы Орта Азияға сапар шегеді. Орыс мәдениетінің жақсы білгірі бола отырып, ол Орыс географиялық қоғамының отырыстарына жиі қатысты. Ю. Скайлер ғылыми жұмысты қызметтік қызметпен тамаша үйлестірді, сондықтан оның алғашқы америкалықтардың бірі болып Орта Азиядағы жаңадан жаулап алынған аумақтарға баруға Ресей билігінен ресми шақыру алуы кездейсоқ емес.

Ол бұрын П.И. Пашино, А.К. Гейнс, В.В. Верещагиндер жүрген бағытпен, Санкт-Петербургтен Саратовқа, одан әрі Орынбор, Қазалы, Перовск, Түркістан, Шымкентке бағытымен жүреді.

Оның жанында жолсерік болып «Нью-Йорк Геральд» редакциясында жұмыс істеген америкалық журналист Януарий Мак-Гахан жүрді. Перовскіден Мак-Гахан орыс әскерін іздеу үшін Хиуаға бет алады, Ю.Скайлер Ташкентке, содан кейін Бұқараға сапар шегеді және Петерборға Сібір мен Орал арқылы қайтып сегіз айлық саяхатын аяқтайды. Оның сапарының нәтижесі 1876 жылы Англия мен АҚШ-та бір уақытта жарық көрген «Түркістан» кітабы болды.

Ю. Скайлер өз кітабының алғысөзінде оның жұмысындағы басты мақсат Орта Азия хандықтарының жаулап алынған аумақтары Ресей құрамына енгеннен кейінгі халықтар өмірінің саяси және әлеуметтік аспектілерін қамту екенін атап өтеді. Сол кездегі Шымкентке Ю. Скайлер 1873 жылдың жазында келеді. Ол цитадельдің, еуропалық үлгіде жасалған керемет базардың, жасыл ағаштарды, көлді атап өтеді және 1864 жылы қыркүйекте Шымкент қаласын басып алуды қысқаша сипаттайды. Оның еңбегінде Шымкент цитаделінің ерекше суреті бар, Ю. Скайлер ол суретті В.В. Верещагиннен алғанын жазады. В.В. Верещагин Шымкентте болған кезде қала туралы графикалық мұра қалдырған жоқ деп ұзақ уақыт бойы есептеліп келді, өйткені орыс баталистінің архивінде ондай сурет жоқ. Ю. Скайлер жариялаған В.В. Верещагиннің Шымкент цитаделі туралы суреті оның шығармашылығында жаңа парақ ашатыны сөзсіз.

Жазбаша дереккөздердің бұл шолуында біз абсолютті толықтықты талап етпей, Испиджаб пен Шымкенттің өмір сүрген кезеңіндегі қазіргі таңдағы қолда бар жазбаша құжаттардың басым көпшілігін талдауға тырыстық. Олардың талдауы зерттелген аумақтың орта ғасырларда, IX-XVII ғасырларда барынша егжей-тегжейлі сипатталғанын көрсетеді. Және ол ең алдымен Испиджаб-Сайрамға қатысты. Жаңа және қазіргі заманда біріншілік Шымкентке өтеді және ол туралы ақпарат орыс баспасөзінде жиі пайда болады.