Қала тарихы: ШЫМКЕНТ ҚАЛАЖҰРТЫНЫҢ БАТЫС ЖАҚ БӨЛІГІ

  • Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
blog-single-image

Шымкент ескі қалажұрты (б.з.д. ІІІ-ІІ ғғ. – б.з. ХІХ ғ.) – жергілікті маңызы бар,  тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген Қазақстан Республикасының археологиялық нысаны. Мұнда 2003-2020 жылдар аралығындағы жүргізілген археологиялық қазба жұмыстардың нәтижесінде Ескі қалажұртты ашық аспан астындағы музейлендіру жұмыстары жүргізілді. 2021 жылы 1-ші мамырда «Шым қала» тарихи-мәдени кешені» деп аталып, келушілерге есігін ашты.

Қазіргі таңда Шымкент қалажұрты аумағы орасан үлкен тарихи-мәдени кешенге айналып отыр. Ондағы тарихи-мәдени ескерткіштер, жәдігерлер, нысандар туралы ұзақ әңгімелеуге болады. Сондықтан, кешеннің құрамдас бөліктеріне жекелей тоқталмасақ, басқалай мүмкіндігіміз шектеулі. Осыған орай, таныстырылымдарымызда шартты түрде шығыс, батыс, оңтүстік, цитадель деген секілді географиялық бөліктерге бөліп, таныстыруды жөн санадық.  Бұл жолғы тоқталар тақырыбымыз – Шымкент қалажұртының батыс жақ бетіндегі нысандар болмақ.

ҚАЛАЖҰРТТЫҢ БАТЫС БӨЛІГІНДЕГІ ҚОРҒАН ҚАБЫРҒАСЫ ЖӘНЕ КАЗАРМА

2004-2005 жылғы археологиялық қазба жұмыстары кезінде Цитаделдің батыс бөлігінде 54 метрге созылған қыштан және пахсадан тұрғызылған бекіністің қорған қабырға дуалдары ашылған. Қорғаныс қабырғасының екі шетінде мұнарасы бар. Екі мұнараның арақашықтығы шамамен 38 метрді құрайды.

Қорғаныс дуал қабырғаларының ішкі жағында азық-түлік, қару-жарақ сақтауға, сарбаздардың тынығуына арналған казармалар аршылды. Қамал дуал қабырғасына жапсырыла салынған тоғыз жайдың орны анықталды, олардың көлемі 4-4,2 метр. Сондай-ақ, қамал дуалы қабырғасының үстінгі оқ ататын алаңына апаратын аяқжол (пандус), баспалдақтар болғаны анықталған. Тағы бір айта кететін нәрсе, әскерлердің тынығу бөлмелерінің барлығында ошақ болған. Бұл казарманың жылыту жүйесі қызмет еткенін дәлелдейді. Бөлменің ішкі қабырғалары толықтай әктелген. Едендері тегістеліп, сыланған. Мұнара мен қарауыл жайы пахсадан қаланған.

Қорғаныс дуал қабырғалардың төменгі жағының ені 5-5,25 метр, ал үстіңгі жағының ені 3,3 метр. Дуал қабырғаның сақталған биіктігі 1,3-1,8 метр арасында.

Әскерлер тынығатын казарма жайлы жазба деректер А.К. Гейнстің «Күнделігінде» жазылыпты. Онда 1864 жылғы Шымкентке орыс әскерлерінің шабылуынан кейін бекіністі басып алған соң мұнда бір рота әскер жатқаны айтылады. Ал, оның алдындағы Қоқан хандығы тұсындағы әр-түрлі жазбаша деректерде бекініс ішінде кемі 500-1000 шақты қарулы әскер ұсталғаны туралы мәліметтер кездеседі. Археологиялық қазба кезінде аршылған казарманың тоғыз бөлмелі үй-жай жатақтың әр қайсысында 30-40 кісі жатты деуге келеді. Өйткені, сол кезеңге, яғни ХІХ ғасырға жататын Аппақ ишан мешіт-медіресесінің бүгінгі таңға жеткен құжыраханаларында медіресе шәкірттері бір сәкінің үстіне екіншісі орнатылып, бірнеше қабатты (двух или несколько ярусный кроват) кереует секілді пайдаланылғаны белгілі. Осы мысал негізін еске алсақ, Шымкент бекінісінің ішіндегі казармада да бірнеше қабатты кереуеттер орнатылып, онда шамамен 300-500 шамасында әскер жайғасуы мүмкін екенін жоққа шығара алмаймыз.

Сонымен қатар, қалажұрттың бұл бөлігінен ортағасырлық Ұлы Жібек жолына тиесілі материалдар да табылды. Қытайға, араб елдерінде жасалған нумизматикалық материалдар, сондай-ақ Риштанда, Ферғанада, Самарқанда жасалған керамикалық бұйымдар табылды. Оған қоса, ХІХ ғасырдағы Қоқан хандығына тән қару-жарақ, оқ-дәрілер, тұрмыстық заттардың қалдықтары да табылған.

Әлбетте, өзі әскери мақсатта пайдаланылған үй-жай, казарма болса, әскерге қажетті қару-жарақ соғатын шеберхананың да жақын маңда орналасуы бірінші қажеттілік, заңдылық. Казарма жайының тура алдында орналасқан Ұстахана мен Ұста баспанасы нысандары соның айғағы. Енді сол нысандарға тоқталайық.

ҰСТАХАНА ЖӘНЕ ҰСТА БАСПАНАСЫ

Археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде Батыс Шахристан аумағынан, бекіністің Батыс қабырғасына жақын маңнан ХVІ-ХVІІ ғасырлардағы Қазақ хандығы дәуіріне жататын ұстахананың орны анықталды. Аршылған құрылыс нысаны орнынан Ұстахана және Ұста баспанасы бой көтерді.

Ұсталық – көнеден үзілмей келе жатқан киелі кәсіп. «Ұсталы ел озар, ұстасыз ел тозар» деген халқымыз темірден түйін түйіп, ағаш жонған ісмерді «темірші», «дарқан», «ұста» деп төбесіне тұтып қадірлеген. Әйгілі Махмұд Қашқари «ағашты ұзын кес, темірді қысқа кес» деп ұсталық нақылды өсиет етіпті. Бағзыдан жеткен сақтардың әшекейлері де, мыңдаған жылдар мызғымай тұрған балбал мүсіндер де осы ұсталардың көз майының еңбегі.

Ұстаның теміршілік пен бақ­сылық қатар дарыған тұлға бол­ған­дығы кейінгі түркі халық­та­рында да сақталған. Қыр­ғыздың әйгілі жырында Манастың жо­рық­­қа шығар алдында міндетті түрде те­мірші ұстаға барып батасын алып, қару-жарағын сайлайтыны айтылады. Қазақ фольклорындағы секілді «Манас» дастанында да темірші өз атымен аталмай, «дархан» деп құр­мет­телген. Ал, ертеректе қазақ емші­лері мен бақсылары ауырған адамды төспен ұшықтаса, жүкті әйелдің шошымауы үшін төс соғып, «темірші келді, темірші келді!» деп темірші шақыру ырымын жасайтын болған.

Қазақ жерінде осындай он сау­с­ағынан өнер тамған небір ұста­лар мен ғажайып ұста­ха­налардың болғаны белгілі. Архео­л­огиялық қазбалар барысында көне шаһарлар мен қорғандардан ұсталыққа қатысты құрал-бұ­йым­­дар кездесті.

Бұл экспозиция залында 225 жәдігер қойылған. Жабдықталуына көңіл аударайық. Осыдан мыңдаған жылдар бұрын өмір сүрген ата-бабаларымыз  түрлі шикізатты пайдалана отырып, тұрмысқа қажетті тұтыну бұйымдарын, сан-алуан әсемдік әшекейлерді, қару-жарақтарды жасаған. Бұл кәсіп атадан балаға мұра боп қалып, бізге дейін үзілмей жалғасып келді. Ұсталық, зергерлік кәсіп орта ғасырға қарай қазақтар арасында айрықша қарқын алған.  Ұсталық кәсіпті түркі тектес халықтар «киелі өнер» деп санаған. Шеберлердің атын атамай «Ұста» деп атаса, ұстаның жұмыс орны «ұстахана» деп атаған. Ұстахананы «қасиетті орын» деген түсінік қалыптасты.

Ұстаның негізгі құралдары: көрік, төс, балға, көсеу, бұрғы, қашау, егеу, шеге т.б. Ұста қалыптап құю, соғу, шегендеу, зер жүргізу сияқты тәсілдерді қолданған. Ұсташылық көрік – көмір отынына арналған кірпіштен қаланған ошақ. Көрікке тоқталар болсақ, ұсталар мен зергерлер түрлі металдарды балқытып, қыздырып өңдеу үшін көрік пайдаланған. Оның негізгі қызметі оттыққа жел береді.

Ұстаның қолынан шығатын негізгі бұйымдар – бес қару. Бес қару – қазақ батырлары қолданған жауынгерлік қарулардың жалпы атауы. Бес қаруға соғыста кесу, шабу, түйреу, соғу, ату арқылы жауына жарақат салатын, өзіндік қолдану әдісі бар қылыш, айбалта, найза, шоқпар, жақ (садақ) сияқты қарулар жатады. Әр қарудың өзінің бірнеше түрлері, үлгілері бар. Мысалы, кесу қаруына қылыш, семсер, сапы, т.б. үлгілері; шабу қаруына – айбалта, жауынгерлік балта, оның өзге де түрлері; түйреу қаруына – найза, сүңгі, жыда; соғу қаруына – шоқпар, күрзі, босмойын шоқпар, сылқетер, т.б.; ату қаруына – жақ, кейін шыққан мылтық түрлері жатқызылады. Бұрынғы кезде қарудың бір түрін пайдалануды өте шебер меңгерген жауынгерлерді бір топқа біріктіріп, арнаулы садақшылар, найзагерлер, семсершілер қосындары бөлек-бөлек құрылып, оларды қажетіне қарай қолдану әдісі соғыс тактикасын анықтаған. Бес қару әр түрлі әскери дәрежелерді белгілеуге де пайдаланылып, түрлі рәміздік рөлдер де атқарған. Мысалы, жақ – ханның, патшаның рәмізі ретінде, найзаға тағылған байрақ, әскери ту – әскербасылық дәреже белгілері ретінде қолданылған. Бес қару қасиетті, киелі саналып, оларды қастерлеу нәтижесінде көптеген әскери салт-дәстүрлер қалыптасты.  Батырлардың қарулануын білдіретін «бес қаруын асынды», «бес қаруы бойында», «бес қаруын сайланған» деген сөз тіркестері тек тарихи жырларда ғана емес, тілімізде, ауыз әдебиетімізде жиі қолданылады. Соғысқа қатысты «ер қаруы» деген сөз тіркесі халықтық әскери термин ретінде, жай қару емес, соғыс қаруы, жауынгердің соғыста қолданатын жеке қаруы (қылыш, айбалта, найза, т.б.) деген ұғымды білдіреді. Дәл осы бес қаруды дайындау ұстаның басты міндеті болған.

Осы ұстаханаға жапсарлас салынған баспана қарапайым құрылыс материалынан Қошқарата өзені жағасынан алынған саз балшық яғни шымнан тұрғызылған. Жазда салқын, қыста жылы болып келеді. Қонақ бөлме, жатын және ұстаның демалатын бөлмелерінен тұрады. Демалатын бөлмеде сыпа салынған, суық кездері астына от жағылып, жылынған еден үстінде отыруға немесе жатуға ыңғайлы болды.

Жалпы, мұнда қазақ халқының дәстүрлі мәдениеті оның материалдық мәдениетінен көрініс табады. Ағаштан жасалған жиһаз, ыдыс-аяқтар көшіп-қонуға ыңғайлы етіп жасалып, түрлі-түске боялған сырмақ, текемет, алаша, құрақ көрпелер көздің жауын алардай. Бұл халқымыздың ертеден қалыптасқан қоршаған орта, аспан әлеміне қатысты мифологиялық таным-түсінігінің туындысы деуге болады. Қазақ халқының қонақжайлылығы ортада тұрған дөңгелек үстелден көрініс тапқан.

Табалдырықтан оңға қарай қожайындардың ағаш төсегі орнатылды. Қазақ мәдениетіндегі кереуеттің декорына ерекше мән берілген. Ш.Ж. Тоқтабаева былай деп жазады: қазақтардың дәстүрінде төсек неке төсегін, отбасы мен неке бақытының мызғымастығын бейнелеген, сондықтан оны мүмкіндігінше бай безендіруге тырысты, бұл неке бақытын сиқырлы түрде ынталандырады және тиісінше отбасы мен байлықты арттырады деп сенген. Төсектің (немесе, кез келген басқа жиһаздың) алғашқы орнатылуы әрқашан әйелдердің сыйлықтарымен дастарқан басында жиналуымен қатар жүрді. Сонымен қатар, керует орналасқан бөлмеде тандыр пеш бүкіл бөлмені жылыту қызметін атқарған. Экспозицияда қабырға кілемі, тұскиіз, ұлттық аспаптар мен төсек-жабдықтар орын алған.

Төрде ілінген қыл қобызға келетін болсақ, қобыз – көне музыкалық аспап. Ықылас, Қорқыт бабаларымыз халықтың мұңын зарын жеткізген. Қобыздың ішегі жылқының жал құйрығынан керіп тартылады. Сондықтан да, қыл қобыз деп атаған. Әр ішекте 20-30 қылшық бар. Ал, жарғағы малдың терісімен қапталған. Жарғақ үстіне сән ретінде асық қойылған. Қобыздың ұзындығы 73 см. Шанығының жалпақтығы 22 см. Ысқышының ұзындығы 65 см. Қобыз тұтас ағаштан шабылады. Аспаптың басына жапырақ тәрізді және құстарға ұқсас бейнелер мыстан иіліп ілінген. Бұрындары бақсылар осындай салпыншақтармен сылдыратып әуен тартқанда қобыз зарына ерекше үн қосады деп білген. Ал, қобыздың ішкі қуысына 2 айна мен жез орнатқан.

Табалдырықтан солға қарай қыз баланың бөлмесі орналасқан. Қазақта қыздарды жасырын ұстап, көпшілік көзіне түсірмеген. «Қызға қырық үйден тыйым» деп бекер айтылмаған. Ол бөлмеде көсеге түсірілген кереует, бірнеше сандық және киімдер бар. Бұл қыз өскен уақытқа дейін жасауын жинаумен байланысты дәстүр болып отыр.

 

«БАТЫС ҚАҚПА» – ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТАРИХЫН ЕЖЕЛГІ ДӘУІРГЕ ЖЕТКІЗЕТІН КІЛТ

Қазіргі Шымкент қалажұртының батыс жақ бетінде орналасқан ерекше нысандардың бірі – «Батыс қақпа». Бұл нысан туралы алдыңғы жарияланымдарымызда аздап байланыстырыла тоқталып өткенбіз.

Шымкент қалажұртының тарихы б.з.д. ІІІ-ІІ ғасырлардан бастау алатыны туралы археологтар дәлелдеді. Сол замандарға жататын жәдігерлерді тауып, қаланың 2200 жылдық тарихы барын алға тартты. Ол археологиялық дәлелдер.

Қала тарихына қатысты археологиялық дәлелдерден бөлек, қала құрылысы және сәулет ескерткіштерінің өзіндік стилі де қала жасын анықтауда маңызды тетік бола алады. Бұл туралы елімізге танымал сәулетші, реставратор маман Сәдуақас Ағытаев Шымкент қалажұртының жасына қатысты жиі сөз етеді. Ол кісінің сөзінше, көне Шымкент қамалының Батыс қақпасы – сондай дәлелдің бірі.

Қазақ жерінің ең көне қалаларының қатарында тамыры сонау б.з.д. ІІІ-І ғасырлардағы Қаңлы (Кангюй) дәуірінен қалған Жетіасар, Алтыасар, Шірік-Рабат секілді қалалардың құрылымындағы бекініс қақпасының өз ерекшеліктері бар. Онда сырттан келетін жау әскерінің бекіністі ала алмауы жан-жақты ойластырылып, кірер қақпа бір жағынан биік тұстан таңдалады. Қала ішіндегі қорғанушылардың екінші басымдығы, жау әскері қақпаны бұзып, ішке басып кіре қалған күнде де тар көшенің қос бүйірінен оқ жаудыратындай мүмкіндік қаралады. Бұл – ғылымға «Жетіасар мәдениеті» деп аталатын ерекшелікпен енген. Осы бір ерекшелікті Шымкент қалажұртының Батыс қақпасынан көруге болады. Бұл қала құрылысының ерекше сәулет стилі – Шымкенттің б.з.д. ІІІ-І ғасырларына жататынын дәлелдейтін қала құрылымы деп қарауға болады.

Айта кететін нәрсе, танымал сәулетші, реставратор маман Сәдуақас Ағытаев ағамыз еліміздің ең танымал сәулет ескерткіштерінің салынуына, қайта қалпына келтірілуіне еңбегі молынан сіңген маман. Оның аты-жөні Айыртаудағы Қарасай-Ағынтай батырлар кешені, Жидебайдағы Абай-Шәкәрім кешені, Алматыдағы Райымбек батыр кесенесі секілді жобалардың авторлары қатарында, сондай-ақ, Маңғыстаудағы Бекет ата жерасты мешітінің реставрациясы секілді жобаларда аталады.

 

С.ДҮЙСЕБАЙҰЛЫ