ҚАЛА ӘКІМІ Ғ.СЫЗДЫҚБЕКОВ «ПАРАСАТ» ОРДЕНІН, М.МҰХАМЕДҚЫЗЫ «ҚАЗАҚСТАННЫҢ ХАЛЫҚ ӘРТІСІ» ҚҰРМЕТТІ АТАҒЫН АЛДЫ

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Республика күні қарсаңында Президент 2024 жылғы 22 қазандағы арнайы Жарлығымен еліміздің бір топ азаматы мемлекеттік наградалармен марапатталды. Бұл жөнінде ҚР Президентінің кеңсшісі, әрі баспасөз хатшысы Берік Уәли өзінің жеке парақшасында ресми бөлісті.

Ұлттық мереке – Республика күні қарсаңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақты нығайтуға қосқан елеулі үлесі мен белсенді қоғамдық қызметі үшін бір топ азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды. Олардың қатарында білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және ғылым қайраткерлері, өндіріс, бизнес салаларының көрнекті өкілдері, депутаттар, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, әскери қызметшілер, спортшылар және еңбек ардагерлері бар.

Олардың қатарында Шымкент қаласының әкімі Ғ.Сыздықбеков пен Шымкент қаласындағы Опера және балет театрының басшысы М.Мұхамедқызы да бар. Ұлттық мерекеге орай, үшінші мегаполис басшысы «Парасат» орденінің иегері атанса, мәдениет саласының майталманы, қалалық опера және балет театрының басшысы М.Мұхамедқызы «Қазақстанның халық әртісі» құрметті атағын алған.

Енді ресми мәліметтің мәтініне кезек берсек:

«Қазақстанның Еңбек Ері» атағы отандық ғылымды дамытудағы айрықша жетістіктері, сондай-ақ қоғамдық қызметтегі аса үздік еңбегі үшін Президент жанындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті А.Жұмаділдаевқа, елдің әлеуметтік-гуманитарлық дамуындағы аса үздік жетістіктері үшін Алматы қаласы №4 арнайы мектеп-интернатының мұғалімі Г.Нұрпейісоваға, Орал қаласы А.Тайманов атындағы №34 мектеп-гимназиясының мұғалімі Э.Траисоваға және өндірістік қызметтегі ерекше еңбегі үшін Қарағанды облысы «Шахтерское» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Г.Прокопқа берілді.

І дәрежелі «Барыс» ордені Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары А.Рауға, Р.Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының әртісі Н.Өнербайға, еңбек ардагерлері Қ.Жақыповқа, Ө.Озғанбаевқа, В.Редкокашинге және С.Шәкіратқа, Алматы қаласы «Persona» халықаралық клиникалық репродуктология орталығының басшысы В.Локшинге, ІІ дәрежелі «Барыс» ордені Қазақстанның Германия Федеративтік Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Н.Онжановқа және еңбек ардагері Ж.Шәріповке, ІІІ дәрежелі «Барыс» ордені Премьер-Министрдің орынбасары Т.Дүйсеноваға, шахматтан әлем чемпионы Б.Асаубаеваға, Қызылорда облысының әкімі Н.Нәлібаевқа, Тараз қалалық Қоғамдық кеңесінің төрағасы С.Сейдәзімовке табысталды.

Сонымен қатар «Парасат» орденінің иегері атанған бір топ белгілі ғалым, мәдениет, білім саласының қайраткерлері және өндіріс өкілдері, мемлекеттік қызметкерлердың қатарында Алматы қаласы «Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығы» акционерлік қоғамы Директорлар кеңесінің төрағасы З.Аманжолова, Қызылорда облысы Шиелі ауданындағы «Арғымақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры О.Байділда, «Қазақстан авторлар қоғамы» республикалық қоғамдық бірлестігінің бас директоры Б.Есенәлиев, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Х.Қалиламбекова, С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театрының актері К.Кемалов, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының бас директоры К.Матыжанов, Түркістан облысының әкімі Д.Сатыбалды, «Мағжан» әдеби-көркем журналының бас редакторы Ж.Сүлейменов, Шымкент қаласының әкімі Ғ.Сыздықбеков, М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының актрисасы Д.Темірсұлтанова бар.

«Қазақстанның халық әртісі» құрметті атағы еліміздің көрнекті мәдениет қайраткерлері: театр және кино актерлері К.Жұмабековке, Л.Кәденге, О.Коржеваға, И.Лебсакқа, Р.Махпироваға, Г.Шынтемірге және Ә.Ыдырышеваға, опера әншілері М.Мұхамедқызы мен Ж.Баспақоваға, дирижер А.Мұхитдинов пен күйші С.Тұрысбекке, сондай-ақ белгілі әнші М.Ілиясоваға берілді.

Жалпы биылғы мемлекеттік наградаларды тағайындауда қарапайым жұмысшылардың мәртебесін асыруға, еңбек әулеттерінің қоғамдағы абырой-беделін арттыруға айрықша мән берілді. Марапат иелерінің қатарында 450-ден астам жұмысшы, 137 педагог, 80-нен аса ғалым, 100-ге жуық құтқарушы мен ерікті бар. Еңбек династияларын марапаттау дәстүрі биыл да жалғасын тапты. Бұл жолы мұғалімдер, өндірісшілер, теміржолшылар әулеттері құрметке бөленді» делінген ресми хабарламада.

Марапат иелерін шын жүректен құттықтаймыз!

Көрнекі фотосурет Б.Уәлидің парақшасынан алынды