ҚАРЖЫЛЫҚ ПИРАМИДА: ҚАЛТАҢЫЗДЫ ҚАҒЫП ҚАЛМАҢЫЗ!

  • Жамбыл облысы, Тараз қаласы
blog-single-image

Бүгінде елімізде табысқа кенелемін деп бар жиған-тергенінен әп-сәтте айырылып қалып жатқан жандар жетерлік. Көбісі алаяқтар құрған қақпанға түсіп, қапы қалып жатады. Ал оңай олжаға құныққандар халықты алдап-арбаудың түрлі айла-амалын ойластыруда.

Заман ағымына қарай қаржы пирамидалары да түрленіп келеді. Олар бағалы қағаздар, зергерлік бұйымдар, туристік жолдамалар, криптовалюта сатамыз дегенді желеу етіп, жұрттың қалтасына түсуде. Бұған қоса букмекерлік кеңселер мен түрлі инвестициялық қорлардың атын жамылып жүргендер де көп кездеседі. Сондай-ақ, қылмыстары әшкереленіп, жабылып қалса да, көп ұзамай басқаша атаумен қайта ашылып жатқандары қаншама. Нәтижесінде алданғандардың қатары әлі де азаймай тұр.

Қаржы пирамидасын қалай анықтауға болады? Олардың тұзағына түспеу үшін нені білу қажет? Ондай ұйымдарға тап болған жағдайда не істеу керек? Бұл туралы заңгерлер  палатасының заң кеңесшісі, заңгер, кәсіби медиатор Анар Мырзағалиевамен сұраған едік.

– Анар ханым, қаржылық пирамида деген не?

– Қаржылық пирамида – бұл ұйым. Олар алаяқтық жолмен адамдардың қалтасына түсіп, ақшаларын тартып алуды көздейді. Сөйтіп халықты сендіру үшін түрлі тәсілдерді пайдаланып, адамдарды жеңіл әрі оңай ақша табуға үгіттейді. Осылайша адамдарды өз құрықтарына түсіреді.

Оның қандай да бір белгілері бар ма? Бар болса қандай?

– Әрине. Ең бірінші белгісі – адамдарға үстеме пайданы уәде етеді. «Мынанша қаржы салсаң, аз уақытта мынанша етіп көбейтіп аласың», – деп түсіндіреді. Неғұрлым көп ақша салса, үстеме пайдасы да соғұрлым көбірек болатынын айтады.

Екінші белгісі, қаржылық пирамидалар тауарлық, несиелік, туристік, құрылыс компаниялары ретінде жасырынуы мүмкін. Мысалы, тұрғын үй кооперативтерінің атын жамылып, адамдарды шақырады да, түрлі алаяқтық тәсілмен бастапқы жарнаны белгілі бір уақыттан кейін екі есе артық көлемде қайтарып алуға болатынын айтып, тіркелушілердің көзін жеткізеді.