ҚАУІПСІЗ ЕЛ БОЛУ ҮШІН, ҚОҒАМ СЕРГЕК БОЛУЫ КЕРЕК
-
Түркістан облысы, Түркістан қаласы
Ресми статистикаға сүйенсек, елімізде жыл сайын 20-25 тонна есірткі заңсыз айналымда болады екен. Соның 95 пайызы каннабистік топтағы есірткі, яғни, марихуана, гашиш болса, 5 пайызы синтетика, ал 1 пайызға жуығы опий, героин және есірткінің өзге түрлері екен.
Сонымен қатар синтетикалық есірткінің 300 түрі мен оған ұқсас мыңға жуық қауіпті баламасын тұтынатын, психикалық мінез-құлқы бұзылған 100 мыңға жуық адам қазір есепте тұр деген ресми дерек тағы бар. Ең өкініштісі, есірткі тұтынатындардың 6 пайызға жуығы 18 бен 29 жас аралығындағылар. Иә, қорқынышты сандар. Статистика осылай сөйлеп тұр.
НАШАҚОРЛЫҚ-ӘЛЕУМЕТТІК КЕСЕЛ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты өз Жолдауында «Қазіргі ахуал өте күрделі, соңғы үш жылда тәркіленген синтетиканың көлемі 10 есе артқан. Уақыт өткен сайын мұндай есірткі арзан әрі қолжетімді бола бастады. Нашақорлар оны әлеуметтік желі мен түрлі мессенджер арқылы емін-еркін сатып алып жатыр. Есірткіні, тіпті, үйге әкеп беретіндер бар. Бұл – аса қауіпті әрі ауқымды әлеуметтік кесел», – деп атап көрсетті. Тиісті мекемелерге кеселді жою жолдарын қарастыруды да тапсырды.
Осы орайда Түркістан облысы полиция департаменті мүдделі мемлекеттік органдармен және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе отырып, нашақорлыққа және есірткі қылмысына қарсы бағытта бірқатар жұмыстар атқаруда. Әсіресе, әлеуметтік кеселдің алдын алу бағытына ерекше көңіл бөлініп, нақты жұмыстың жоспары жасалған. Полицияның ұйымдастыруымен Түркістан қаласының адамдар көп шоғырланатын аумақтарында профилактикалық іс-шара өтті. Яғни теміржол вокзалындағы,
орталық автовокзалдағы жолаушыларға, базар мен дәріханаға
келуші тұрғындарға есірткінің зияны мен қауіпі, жазасы туралы
ескертіп шықты. Халық көп жүретін көшелер мен қоғамдық
орындарда түміндірме жұмыстарын жүргізді. «Нашақорлық, есірткі
және трамадолға жол жоқ!» тақырыбында жаднама таратты.