Шымкент қаласының туристік әлеуеті тағы бір саябақтың ашылуымен арта түспек. Қала тұрғындары мен қонақтарының серуен құрып, бой сергітетін, веловипед теуіп, белсенді демалыс жасайтын алаңдар қатары көбейіп келеді. Біз жеткізгелі отырған жаңалығымыз – құрылысы басталған ЭКОПАРК демалыс аймағы туралы.
Шымкенттіктер білер, бұрын қаланың батыс жағынан қала сыртын айналып жүретін А-2 автожолының бойында қоқыс полигоны болатын. Айналма жолмен жүре қалсаң, сол қоқыс полигоны тұсынан мұрнын баса өтетін кездер әлі есте болар? Кейіннен «Достық» шағынауданынан жер учаскелері беріле бастағанда тура іргесінде тұрған қоқыс полигоны да жойылып, ой-шұқырлы аймақ толық тегістеліп тасталған болатын.
Бүгінде Шымкент қаласының Абай ауданына қарайтын «Достық» және «Ынтымақ» шағынаудандары ортасындағы сол қоқыс полигоны орны гүлзар баққа айналмақ. Алдағы уақытта ол парк жанындағы шағынаудандар атындағыдай нағыз достық пен ынтымақтың жарасатын мекеніне айналмақ.
Лириканы былай қоя тұрсақ, бүгін қала әкімі Ғабит Сыздықбеков жаңадан құрылысы басталып жатқан экопарктің басына барды. Қала әкімінің тапсырмасына орай, мұнда 45 гектар аумақты алып жататын жасыл желекке бөленетін жаңа саябақ болады. Жалпы 45 гектардың 36,8 гектары көгалдандыру мен гүл бағына арналса, қалған бөлігі велосипед жолдары, жаяу жүргіншілердің серуен аяқжолы, демалыс және сауықтыру орындарына бөлінбек. Жауапты тұлғалардың сөзінше, құрылысқа тек табиғи материалдар ғана пайдаланылады екен. Ал, жоспарланған аяқжолдар мен веложолдар табиғи ландшафтқа сәйкестендіріле жобаланыпты. Көмірқышқыл газын шығаратын құбырлар қолайлы етіп жүргізілетін болады.
Экопарк бұрынғы қоқыс полигоны үстіне салынып жатыр дедік. Ал, бұрынғы қатты қалдықтардың үстіне органикалық тыңайтқыштармен байытылған қалыңдығы 1,5 метр топырақ қабаты салынады. Бұл топырақ қабаты өз кезеңінде саябақтың жасылдана түсуіне сеп болмақ. Жобада экопарк ойын алаңдарынан спорт нысандарына дейін 9 ашық демалыс аймағы ұсынылған. 10 шақырымдық серуендеу жолында 4000-нан астам жапырақты ағаштар отырғызылып, табиғи оазис атмосферасы құрылады.
Жоба құрылысының аяқталуы 2025 жылдың соңына жоспарланған. Жоба инвестициясы 5 млрд теңгені құрады, бас демеушісі – «Hexo Foundation» компаниясы. Барлық жұмыстар тек бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында жүргізілетін болады.
Айта кететін нәрсе, биылғы жылдың көктемінен бастап полигонда ауқымды дайындық жұмыстары жүргізілді, 250 мың текше метр топырақ төселді, тереңдігі 120 метр бес ұңғыма бұрғыланды, жоспарланған 3 мыңнан 500 метр қоршау орнатылған.
Шымкент қаласының Өңірлік коммуникация орталығының берген ақпаратында әкім жергілікті журналистермен кездесу кезінде саябақтың атауы таңдалып, қала әкімінің тарапынан қолдау тапты делінген.
|
Сейдалы ДҮЙСЕБАЙҰЛЫ |
Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың 2005 жылғы түлегі, 2019 жылдан бері «Қызмет» республикалық қоғамдық апталық газетінің тілшісі, openkazakhstan.kz туристік-ақпараттық сайтының редакторы |