«ҚҰҚЫҚТЫҚ КӨМЕК» – ХАЛЫҚТЫҚ ЖОБА
-
Түркістан облысы, Түркістан қаласы
«Құқықтық көмек» жобасы бойынша алғашқы жұмыс ә дегенде Атырау облысынан басталған болатын. «Жасыратыны жоқ, біздің қоғамда азаматтардың құқықтық, қаржылық сауаттылығы әлі де төмен. Соның салдарынан, олар сотта немесе басқа да мемлекеттік органдарда өз мүдделерін қорғай алмай жатады. Шалғайдағы ауыл тұрғындарының бәрі бірдей мұндай кәсіби көмекке қол жеткізе алмай отырғандықтан, партиялық жоба аясында заңгерлер ауыл-ауылды аралап, халыққа арнайы құқықтық көмек көрсетеді. Әділдік пен заңның үстемдік құруы осындай нақты істерден басталады», – деген «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов белгілі құқық қорғаушы, Мәжіліс депутаты Абзал Құспан бастаған бір топ заңгерлермен бірге Индербор, Мақат аудандары мен Құлсары, Атырау қалаларында болып қайтқан еді. Міне, содан бері бұл бастама әлі күнге дейін өз жалғасын тауып келеді.
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы «Құқықтық көмек» жобасы аясында шалғай елді мекендерде көшпелі қоғамдық қабылдау өткізу жұмысын жалғастырып келеді. Қазығұрт ауданындағы осындай шара барысында Үлгілі елді мекенінің Ермахан Аршабаев, Сынтас ауылының Сүндет Керімов, Рабат ауылының Ералы Сәрсенов, Жаңабазар ауылының Жазира Танкеева есемді тұрғындары «Ауыл аманаты» бағдарламасы шеңберіндегі өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Ал Тұрбат ауылының азаматтары ауыз су, газбен қамту, электр желісі бағаналарын жаңарту мәселелерін қозғады. Ағын су, жол құрылысы, жол белгілерін орнату, медициналық сараптамадан өту мәселелері де жиі көтерілді.
«Құқықтық көмек» жобасы заңда жиі кездесетін қарама-қайшылықтарды анықтауға мүмкіндік береді. Интернет алаяқтығы, банкроттық, баспанасын заңдастыру, одан бөлек әлеуметтік мәселелермен келген азаматтарға да сан мәрте тегін кеңес беріліп, мамандар жол көрсетті. Аталған партиялық жобаның серпінді дамып келе жатқанын осыдан-ақ аңғаруға болатындай.