ҮШ МЫҢ ЖЫЛДЫҚ ТАРИХЫ БАР КӨНЕ САЙРАМ ҚАЛАЖҰРТЫ ЖӘНЕ ҚЫЗЫР ПАЙҒАМБАР КУЛЬТІ

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Тарихи сананы дұрыс қалыптастырудың негізгі жолы – әлем тарихын, Отан тарихын, өз халқыңның тарихын жан-жақты білу, соларды бір-бірімен салыстыра отырып зерттеу. Сол арқылы адамдар мен халықтар арасындағы ұқсастықтар мен өзгешеліктердің түп сырларын жете түсініп, екеуін де достық пен жарастыққа, өткенді аңсауға емес, ертеңді жоспарлай отырып қызмет өткізуге үйрену.

Осы ұсынып отырған шағын еңбекте:

– Рухани қазынамызды, тарихи тағылымды, сонау өткен дәуірден, ата-баба мұраларынан алатындығымызда;

– Ежелгі Исфиджаб-Сайрам қаласы тарихының баспасөз бетінде жариялануы туралы пікір;

Қызыр мұнарасы және аңыз бен ақықаттың арасындағы тартыстар кеңінен сөз болады.

 Сайрам (Исфиджаб, Испиджаб) – Қазақстанның оңтүстігіндегі орта ғасырдағы ірі қалаларының бірі болған. Көне қаланың орны қазіргі Сайрам ауылының оңтүстік-батысында, Шымкент қаласынан шығысқа қарай 12 шақырым жерде орналасқан.

Сайрам жайлы алғашқы жазбаша дерек Махмұд Қашқаридің «Диуани лұғат ат-түрік» атты еңбегінде кездеседі. Онда: «Сайрам – Исфиджаб деп аталатын ақ қаланың аты» делінген. Демек, Сайрам – Исфиджабтың кейінгі аты. XV-XVIII ғасырлар арасындағы Қазақ хандығы кезінде Сайрам ірі сауда, қолөнер және діни орталық болған. Зерттеу жұмыстарын 1923 жылы П.П. Иванов, 1925 жылы М.Е. Массон, 1947 жылы Н.Бернштам басқарған. Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясы жүргізген қазба жұмыстары барысында айналасы төрт қақпалы дуалмен қоршалған, көлемі 28 гектар жерді алып жатқан қала орны анықталған.

САЙРАМ ШАҺАРЫ – ТҮРКІ ХАЛЫҚТАРЫНЫҢ МАТЕРИАЛДЫ ЖӘНЕ РУХАНИ ҚАЗЫНАСЫ

Көптеген ғалымдар Сайрам қаласының орнын ертедегі Исфиджаб қаласымен байланыстырады. Исфиджаб қаласы Қазақстанның орта ғасырдағы ірі қалаларының бірі. ІІІ мың жылдық тарихы бар Сайрам шаһары – түркі халықтарының материалды және рухани қазынасы.

Исфиджаб қаласы сауда-қолөнер орталығы және маңайдағы далалық аудандарға исламды таратудың тірегі болды. Исфиджаб атауы соғды тілінен аударғанда «Ақсу» деген мағынаны білдіретіндігін орыс ғалымы В.К. Шуховцов ұсынған. Дегенмен де, Сайрам атауының шығу төркіні жайлы жорамалдар өте көп. Енді кейбір ғалымдардың жорамалдарына сүйенсек, Сайрам атауы «сайрим» атты тайпаның атауынан шыққан дейді. Бұл тайпа атауы алғашқы рет «Авестада» кездеседі.

Авеста – біздің жыл санауға дейінгі VІ-VІІ ғасырларда жазылған Заратуштра дінінің кітабы. Мұнда Ария-тур, Дана, Сайна, Даха тайпаларымен бірге Сайрим тайпалары айтылады. Сайрам жөнінде ең алғашқы рет 629 жылы жазылған қытай саяхатшысы Сюань-Цзянның қолжазбаларында кездеседі, мұнда Сайрам – «Ақ өзен бойындағы қала» деп көрсетілген. Кейін Махмұд Қашқарий еңбегінде: «Сайрам – бұл Ақ қала (Аль маданият ал Байзо). Ол қаланы Исфиджаб және де Сайрам деп те атайды» деп жазған. Тарихи деректерде Сайрам қаласының онға жуық Сайрим, Исфиджаб, Нучингень, Сайлан, Бейшуйху, Аль маданият аль Байзо, Сайрам секілді атауларын кездестіруге болады.

Орта ғасырдың дәуірлеген тұсында, X-XIII ғасырдың басында Исфиджаб аса ірі қалаға айналды. Исфиджаб жөнінде Әл-Якуби IX ғасыр, Ибн Хаукаль X ғасыр, Әл-Мақдиси X ғасыр, Рашид Ад-дин XIII ғасырда өз еңбектерінде жазған. Исфиджабты Нух ибн Асад (Әл-Белазури) жаулап алған. Испиджабтың Саманидтерге бағынуы исламның әдеуір тез таралуына себепші болды. X ғасырдан бастап Исфиджаб Сайрам ретінде аталған. Ол туралы Махмұд Қашғари «Диуани луғат-ат-түрк» деген еңбегінде атап өтеді. 1214 жылы қаланы Хорезм шаһы Мұхаммед (Якут әл-Хамауи) қиратқан. Оны тағы 1219-20 жылдары моңғолдар қиратады. 1221 жылы Сайрам Қытай монахы Чань-Чунның сапарына байланысты шежіре баяндалады. 1582 жылы Абдаллах хан қаланы басып алып, тонайды, 1684 және 1723 жылдары Сайрамды жоңғарлар тонайды.

Демек, Сайрам – Исфиджабтың кейінгі аты. Исфиджаб қалашығы туралы зерттеу жұмыстарын 1923 жылдары П.П. Иванов, 1925 жылдары М.Е. Массон, 1947 жылдары Н. Бернштам басқарған. Олардың археологиялық зерттеу жұмыстарының нәтижесінен қаланың бірнеше қақпа дуалынан тұрғанын байқаймыз. Исфиджабтан басқа жерлерге ақ маталар, қару-жарақ, семсерлер, мыс пен темір жеткізіліп тұрды. Қала құл сату орталығы ретінде де бүкіл шығысқа әйгілі еді. Онда сол кездегі қырқысқан қыруар соғыстарда әр түрлі түркі тайпаларынан қолға түскен тұтқындар сатылып, құлдыққа әкетіліп жатты. Керуен жолдары бағыты бойынша алғанда, оңтүстік беттегі «Бұхара қақпасы» арқылы қалаға Шығыс елдерінің тауарлары әкелінетін. Шамамен, батыс бетте болған «Нуджикет қақпасы» Бадам өзені аңғарында орналасқан Дех Нуджикет қаласының атауымен аталған болса керек.

Бұл шағын қалашық алқаптық тура даламен шектесетін шекарасында тұрды да, ет пен мал саудасы сол арқылы жүрді. Солтүстік қақпа арқылы шығатын керуен жолы Сырдария бойында отырған Отырар, Сауран, Дженд пен Янгикент қалаларын аралап өтетін. Қала өз заманына қарай жақсы бекініс салған.

Махмұд Қашқари: Исфиджаб қаласының картасы, 1072-1078 жылдары

САЙРАМ ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНА ӨТКЕНДЕ БҰҚАРА МЕН САМАРҚАНҒА ЖОРЫҚТАРДЫҢ ТІРЕК ҚОРҒАНЫНА АЙНАЛДЫ

Атап айтқанда, X ғасырдағы араб географы ибн Хаукаль былай деп жазады: «Испиджаб – шамамен, Бинкенттің үштен біріне тең келетін қала. Ол мединадан (Цитадель), қамалдан және рабаттан тұрады. Қамал бұзылған, медина мен рабатта халық қоныстанған, мединаның да, рабаттың да айналасында 1 фарсахтай (1 фарсах – 6240 метр) қабырға қоршаған. Рабатта бақ және су болған құрылыстары саздан тұрғызылған. Ол жазықта жатыр, рабад пен жақын маңдағы таудың аралығы үш фарсах болады». Мединаның қақпасы төртеу, оның ішінде «Нуджыкент қақпасы», «Фархан қақпасы», «Шауғар» және «Бұқара қақпалары» бар. Базарлары Медина мен Рабаддан орын алған, ал басқару үйі және абақты мен ғибадатхана мешіті мадинада орналасқан. Бұл адам көп жиналған үлкен қала, бүкіл Хорасан мен Мауераннахрда Испиджабтан басқа, харадж (салық) алынбаған қала жоқ. Исфиджаб аса ірі әкімшілік орталығы ретінде ғана емес, сонымен қатар, транзитті сауда орталығы ретінде де белгілі болған. Қалада сауда құрылыстары – керуен сарайлары мен «тимдер» көп болған. Керуен сарайлары рабадтар Нахшебтегі, Бұқарадағы, Самарқанттағы көпестер иеленген. Халықаралық сауда да, Орта Азия мен Шығыстың қалаларында шығарылған теңгелерін пайдаланған. Испиджабтың өзінде XI-XII ғасырларда шекілген жергілікті теңгелермен жүргізілді. Испиджабтан басқа жерлерге ақ маталар, қару-жарақ, семсерлер, мыс пен темір жеткізіліп тұрды. Қала құл сату орталығы ретінде де бүкіл Шығысқа әйгілі еді. Онда сол кездегі қырқысқан қыруар соғыстарда әр түрлі түркі тайпаларынан қолға түскен тұтқындар сатылып, әкетіліп жатты. Керуен жолдары бағыты бойынша алғанда, оңтүстік беттегі «Бұқара қақпасы» арқылы қалаға Шығыс елдерінің тауарлары әкелінетін. Шамамен, батыс бетте болған «Нуджикет қақпасы» Бадам аңғарында орналасқан Дех Нуджикет қаласының атауымен аталған болса керек. Бұл шағын қалашық алқаптық тура даламен шектесетін шекарасында тұрды да, ет пен мал саудасы сол арқылы жүрді. Солтүстік қақпа арқылы шығатын керуен жолы Сырдария бойында отырған Отырар, Сауран, Дженд пен Янгикент қалаларын аралап өтетін. Қала өз заманына қарай жақсы бекініс салынған.

XV-XVI ғасырлардың тарихшысы, «Мехман наме – и Бухара» шығармасының авторы Рузбихан Исфахани былай жазды: «Қаланың негізгі бөлігі қоршалған дуалдардың биіктігі сонша, иемденіп алмақшының қолы оның қабырғасына тез жете қоймас; оны айнала қазылған ордың тереңдігі сонша, одан аттауға қазақтың аяғы да бармас». Сайрам сыртындағы ор Хафиз Таныштың XVI ғасырдың аяқ шеніндегі оқиғаларды сипаттап жазған шығармасында да еске алынады. Кейінірек қаланы қазақтар қолға алған кезде ол Бұқара мен Самарқандқа сол жерден жасалатын жорықтардың тірек қорғанына айналды.

XV-XVI ғасырлардың тарихшысы, «Мехман наме-и Бухара» шығармасының авторы Рузбихан Исфахани былай жазды: «Қаланың негізгі бөлігін қоршаған дуалдардың биіктігі сонша, иемденіп алмақшының қолы оның қабырғасына тез жете қоймас; оны айнала қазылған ордың тереңдігі сонша, одан аттауға қазақтың аяғы да бармас». Қала және оның аймағын жергілікті түркі тайпалары биледі. Исфиджаб аймағы өте үлкен болды. Оның шекарасы солтүстік-батыста Сауранға дейін, ал шығыста Талас аймағына дейін созылды. Исфиджаб аймағына саманилер арқылы мұсылман діні тарады да, енді ол оңтүстіктегі ірі сауда және мәдениет орталығы ғана емес, сонымен қатар үлкен діни орталыққа айнала бастады. Х ғасырдың ақырында, яғни 990 жылы Исфиджаб Қарахан мемлекетінің қарамағына енді. Қарахан әскері болса, саманилерді Исфиджаб аймағынан түгелдей ығыстырды. Сайрам тек сауда жолдарын ғана емес, сонымен бірге ортаазиялық иеліктерге және Қазақ даласына қарай оңтүстікке өтетін өткелдерді де бақылауға ұстаған маңызды стратегиялық орталық болды.

ӘЛ-ИСТАХРИ: «… ОНЫҢ АЙНАЛАСЫ ТОЛҒАН ҚАЛАЛАР МЕН ҚЫСТАҚТАР»

Сайрамның XIV-XVII ғасырларда өмір сүрген кезеңінен хабар беретіндей деректер өте мардымсыз. Дегенмен, Сайрамның орта ғасырдың аяқ кезінде де Орта  солтүстіктегі Орталық Қазақстан көшпенділеріне және шығыста Моғолстанға баратын жолдардың торабында жатқанының өзі осы бір қалалық және отырықшы өмір ауданының мән – маңызын көтеретін дерек. Сайрам тек сауда жолдарын ғана емес, сонымен бірге ортаазиялық иеліктерге және Қазақ даласына қарай оңтүстікке өтетін өткелдерді де бақылауға ұстаған маңызды стратегиялық орталық болды.

Сондықтан болар, деректер көрсетіп отырғанындай, Сайрамды жеке иелену үшін, қазақ пен өзбек феодалдары өзара үздіксіз арпалысып келген.

Испиджаб төңірегінде көптеген калалар мен қыстақтар болған, ол туралы X ғасырда әл-Истахри былай жазады: «Оның, құрылыстары саз балшықтан жасалған, оның базарлары жеміс-жидекке тұнып тұр, онда түрлі өнім көл-көсір және сан-алуан пайдалы заттар да көп. Оның айналасы толған қалалар мен қыстақтар».

Жазба деректер олардың ішінде Манкет (Манкент), Джуми-шлаг, Газгерт, Харлуг атауларын атайды. Өз округі мен іргелес қалаларды қосып алғанда Испиджаб – Сайрам халқы өте тығыз орналасқан аудандардың бірінен саналатын. Археологтардың есептеулерінше, қаланың өзінде және қала маңында 40 мыңға тарта халық тұрған. Қала халқының саны көшпенді жұртшылықтың тұрақты түрде отырықшылана бастауы есебінен өсіп отырды. Мұны орта ғасыр авторларының деректері де дәлелдей түседі. Мәселен, Махмұд Қашқари VI-VIII ғасырларда осы жерге ауысып қоныстанған соғдыларды XI өздеріне сіңіріп алғандығы жазады: «Баласағұн тұрғындары соғдыша да түрікше де сөйлейді. Тараз бен Аққала (Мединат ал – Байда) тұрғындары да сондай».

Сайрам халқының этникалық құрамы әр түрлі болатын. Қалалықтар құрамында иранша да, түрікше де сөйлей алатын ежелгі қалалық тұрғындар әулеті де, сондай-ақ, қалада тұрақты отырықшылана бастаған көшпенділер де бар еді. Көшпенді – малшылардың кедейленіп қалған топтары отырықшылыққа ауысып, егіншілікпен айналысты. Якубидің жазбасы бойынша, Испиджаб ғасырлық көшпенділіктің шекарасында орналасқан үлкен қала еді. Соған сәйкес, ІХ-ХІІ ғасырларда Қазақстанның оңтүстігінің барлық территориясында қалыптасқан, Сығанақтан Сауранға дейін, батыста Құланнан шығыста Меркеге дейінгі аймаққа тән жергілікті ерекшеліктерді ескере отырып, Мауреннахрдың феодалдық құрылысының принциптері негізінде құрылған классикалық қаланың үлгісі болды. Испиджабқа қатысты анықталған деректерді археологиялық зерттеулердің мәліметтерімен сәйкестендіре отырып қарастырғанда, оның құландылары біздің зерттеуімізде ерекше маңызға ие болады. Бірақ ежелгі Испиджабқа қатысты бірнеше ғылыми жұмыстар болғанына қарамастан, танылған ғылыми әдебиетте ежелгі Испиджаб қаласының белгілі бір анықталған қаламен сәйкестендіру жайлы сұраққа жауап табылмай жатыр.

САЙРАМ ЖӘНЕ ҚЫЗЫР КУЛЬТІ ҰҒЫМЫ

Сайрамдағы Қызыр мұнарасы мен мешіті XVIII ғасырдан – XIX ғағсырдың екінші жартысы аралығында өмір сүрген деп шамаланады. «Мадинат-әл- Байда мен Испиджаб әулиелерi хақындағы трактат» (XVII ғасырдың аяғы – XVIII ғасырдың басы) еңбегінде мешіттің орналасқан жері «Шейх Аттар Вали моласының шығысында» деп көрсетілген. Бұл – Сайрамның тарихи орталығының оңтүстік-шығыс бөлігі. Мұнара мен Қызыр пайғамбар мешітінің археологиялық қалдығы қаланың басты көшелерінің қиылысынан 200 метр қашықтықта, оңтүстік қақпаның («Базар дарбаза») шығысында, айналасы егілген ағаштармен қоршалған кеңістікте орналасқан.

Мұнара мен Қызыр пайғамбар мешітінің археологиялық қалдығы

Мұнара Сайрамның (Испиджаб) киелі тарихында және аңыздарында маңызды орын алған агиотопонимді білдіреді. Ол – исламға дейінгі Қызыр пайғамбар есімімен аталатын мешітке біріктірілген тарихи-мәдени және рухани кешен алаңына шығатын жер бетінде сақталған жалғыз нысан. Ол сақталмаған Ыдырыс пайғамбар мешітімен бірге інжіл-құран дәстүрімен байланысты Сайрамның бірқатар ескерткіштері мен киелі жерлері қатарының басында тұр. Қызыр культіне қатысты ерекше киелі құндылыққа ие, сәулеттік жағынан кейінгі кезеңге жататын қатардағы мұнара казіргі күнге дейін сақталып қалған.

Қызыр культі (ал-Хидр, Хизр, Хызр, Қыдыр, Қадыр және т.б.) жалпы мұсылмандық кітап дәстүрі негізінде әртүрлі халықтардың аңыздары мен жергілікті фольклорында қалыптасқан. Мұсылман агиологиясында бұл – аса тәкаппар және маңызды кейіпкер. Құранда ол Мұса (Моисей) пайғамбардың есімі белгісіз жолдасы – «Біздің құлдарымыздың құлы» ретінде кездеседі (Құран, 18, 64–65). Аңыздарда оның аты Хадир деп аталады. Исламға дейінгі және есте жоқ ескі замандағы пайғамбарлардың қатарында тұрады. Самның ұрпағы, Нұхтың (Ной) ұлы, Ибраһимның (Авраам) тұсында өмір сүрген. Мұса және Мұхаммед пайғамбарлардың данышпан жолдасы және ұстазы. Жасыл шапан және сәлде киген жылы жүзді қария түрінде суреттеледі. Оның культі мұсылманға дейінгі кезеңнен бастау алады. Аңыздарда ол – мәңгілік өмірге ие болған тақуа. Мәңгілік және табиғаттың әрдайым жаңаруы символы ретінде қабылданады. Ислам дәстүрінде ол – «мәңгілердің» бірі – Ілияс (Илии), Ыдырыс (Еноха) және Иса (Иисус). Ілияс және Ыдырыспен жиі байланыстырылады. Қызырдың бейнесі барлық мұсылман әлемінде кең тараған. Барлық жерде өзіндік ерекшелігі бар. Ол мұсылмандық Шығыстың әртүрлі мифологиялық кейіпкерлерінің қасиеттерін өз бойына жинаған. Қызыр туралы аңыздарда сопылық ілім кеңінен тараған. Осыған байланысты Сайрамда қазіргі күнге дейін мұнаралы мешіт құрылысымен бекіген жергілікті Қызыр культін құрудың қайнар көзі болған сопылық тәжірибе мен салт-жоралардың ізі кездеседі.

Аңыз-әңгімелер бойынша осы мешіт құрылысының жерастында (шілдехана) Қызыр пайғамбар жалғыз өзі 60 жыл жасырынып, ораза тұтып, дұға оқыған. Осыған байланысты ол сопы-дәруіштерінің жебеушісі есептелген. Сайрамның бүркеме тарихынан көрініс алған («Рисаля», «Сайрам-шахри», «Сайрам туралы трактат») «Сайрамның аңыздары мен хикаяларында» көпшілік қабылдаған мифологиялық негізден жергілікті айырмашылығы бар. Жалпы алғанда, Қызыр туралы аңыздар Қызыр – Ескендірдің уәзірі, Ескендірдің досы, «түнек еліне» жол көрсетуші данышпан ретінде кездесетін Ескендір Зұлқарнайын туралы аңыздармен байланысты. Бұл қарым-қатынастар Сайрамның аңыздық және қасиетті тарихында Қызырдың ерекше орын алатындығын көрсетеді. Сайрамды жаулап алғаннан кейін Ескендір Қызырды ең қадірлі адамдардың бірі ретінде қабылдап, оны қаланың билеушісі етіп тағайындайды және өзінің барлық әскерін оның иелігіне берген секілді. Осыған орай, Қызыр пайғамбар Сайрамда туылып, осы жерде өмір сүрген деген аңыз нұсқасы да бар. Кейінгі аңыздар мен шежірелерде Сайрамның көптеген әулиелері қатарында Қызыр да аталады. Олардың желісінде Қызырмен әңгімелесіп, ақыл-кеңес сұрағандығы туралы кездеседі. Қызыр пайғамбар мешіт кешенін алғашқы болып А.К. Гейнс (1866 ж.) сипаттап зерттеген, одан кейін М.Е. Массон (1925 ж.) ғимараттың жаңартылған түріне көңіл аударған. Осыдан соң мешіт мұнарасы еш жерде айтылмайды, себебі сол уақытта XVIII–XIX ғ.ғ. жататын архитектуралық ескерткіштер көрнекті болып есептелмеді. 1963 ж. Шымкент облыстық музейінің тапсырмасы бойынша мұнара діңінің сақталған бөлігінің архитектуралық өлшемі алынады (Т. Поднебесная). 1981–1983 ж.ж. Қазақ КСР-і Мәдениет министрлігінің «Қазақ жобалау-қалпына келтіру» институтының экспедициясы сәулет ескерткіштерін төлқұжаттандыру кезінде зерттейді. Мұнара Қазақстанның тарих және мәдениет ескерткіштерінің жиынтығына енгізілген. Бұрынғы өлшемдері нақтыланып, толықтырылады. Қызыр мұнарасының қорғау аймағында ауық-ауық археологиялық жұмыстар жүргізіледі. 1970 ж.ж. 6х2,5 м көлемде салынған қазбадан (Н.П. Подушкин) XVIII–XIX ғ.ғ. жататын тұрғын үйлердің орны анықталады. 1989 ж. қазба жұмысы тікелей мұнара орналасқан жерге жүргізіледі (А.О. Итенов). 2004 және 2007 ж.ж. М. Әуезов атындағы ОҚМУ-дің археологиялық экспедициясы (Б.Ә. Байтанаев) Қызыр пайғамбар мешітіне қазба жұмыстарын жүргізіп, мешіттің жоспарын, оның типологиясын, сонымен қатар кешендегі мұнараның нақты орналасқан жерін анықтады.

Қызыр пайғамбар мешітінің бастапқы ғимараты туралы нақты деректер жоқ. 2004 және 2007 жылдары жүргізілген археологиялық зерттеулер мешіттің өмір сүруінің соңғы кезеңінде (XVIII–XIX ғасырлар) ортасында намаз оқу залынан (қыстағы мешіт) басқа ашық аула, айван, құжыра (зиярат етушілерге арналған), шіллехана жер асты құрылысы, дахма түріндегі екі сатылы қабір үсті құрылысы және т.б. бар мешіт-ханака түрінде көп қызметті культтік ғимарат болғанын көрсетеді. Мұнара – кешеннің ең биік зәулімі. Ол мешіттің оңтүстік- шығыс бұрышынан 3 метр қашықтықта орналасқан. 1948 жылғы жер сілкінісі нәтижесінде мұнара ішінара қирайды (шам бөлігі бұзылады).

Дегенмен, 1920–1940 жылдардағы фотосуреттері бойынша қалпына келтіріледі. Жеке тұрған цилиндрлі мұнара (іргесінің диаметрі – 2,96 метр, биіктігі – шамамен 10 мтер) балшықтың көмегімен қыш кірпіштен тұрғызылған. Діңі негізінен шамына дейін болмашы ғана тарылады. Шам (1990 жылдардың басында қалпына келтіріледі) сегіз биік жартылай дөңгеленген терезе-аркадан құралып, үсті сфералы күмбезбен жабылған ротондаға ұқсас. Діңінен ол дандана (кірпіштер қатары бұрышымен қойылған) белбеуі арқылы бөлінеді. Ішінен жоғары қарай биік кірпішті басқыштардан тұратын айналма баспалдақ арқылы көтеріледі. Ағаш маңдайшалы тікбұрышты есік шығыс жағында орналасқан.

ҚОРЫТЫНДЫ: САЙРАМДЫ ТАНУ – ТАРИХ ҒЫЛЫМЫНЫҢ МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕЛЕРІНІҢ БІРІ

Мақалада алдымен мәселенің зерттелу деңгейін анықтап алу мақсатында оның тарихнамасына көңіл бөлінген. Бұған дейінгі зерттелген еңбектерді топтастыра келе, оларды негізінде қалыптасқан тарихнама ретінде жіктеп талдауға тырыстық.

Нәтижесінде, Исфиджаб қаласының кейбiр тұстары мен кырлары тарихнамалық зерттеу жұмыстарына шолу жүргізу барысында айқындалып, мәселенің кейбір аспектілерінің зерттелу деңгейі біршама жақсы дамығанын көре алдық. Бұл еңбектер біз үшін өте маңызды әрі бүгінгі таңдағы зерттеулерді жалғастыру үшін негізгі платформа болып есептеледі.

Осы мақсатта, Ежелгі Исфиджаб, Сайрам қаласының тарихын араб деректері негізінде қарастырар тұста, қамтылған мәліметтер бойынша жалпы деректер тобын төмендегідей жіктеп өттік:

1) Ежелгі Исфиджаб-Сайрам қаласының тарихы. VI-XVIII ғасырлар;

2) Ежелгі Исфиджаб-Сайрам қаласы түралы ғалымдардың жазбалары;

3) Қызыр культі тақырыбымен Қызыр пайғамбар мешіті және мұнарасы.

Деректер көрсетіп отырғанындай, Сайрамды жеке иелену үшін қазақ пен өзбек феодалдары өзара үздіксіз арпалысып келген. Сайрам халқының этникалық құрамы әр түрлі болатын. Қалалықтар құрамында иранша да, түрікше де сөйлей алатын ежелгі қалалық тұрғындар әулеті де, сондай-ақ қалада тұрақты отырықшылана бастаған көшпенділер де бар еді. Орта ғасырдың аяқ шеніндегі қалалар, сол бұрынғысынша, саяси экономикалық және мәдени орталықтар болып қалды әрі Қазақ хандығы өмірінде маңызды роль атқарды.

Бұдан бөлек, аймақтағы маңызы бар қалаларға да деректер негізінде талдау жүргізілді. Араб тілді деректердің мәліметтерін салыстыра отырып арнайы жол керуендері, арақашықтығы, қала атаулары мен олардың сипаттамалары қамтылып өтілген.

Исфиджабтың этникалық тарихын және этномәдени байланыстарын зерттеу де тарих ғылымының маңызды мәселелерінің бірі болып саналады.  Орта ғасырларда және одан кейінгі ғасырларда араб, парсы, түркі тілдерінде жазылған ғылымға беймәлім көптеген шығармалар әлемдік қорларда уақыт өткен сайын біртіндеп табылуда.

Дереккөздердің басым бөлігі – мұрағат материалдары, көне карталар, саяхаттаушылардың жазбалары, естеліктері, дүние жүзінің мұражайларында сақтаулы тұрған түрлі жәдігерлер топтамалары өз зерттеушілерін қашан да асыға күтеді.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Байтанаев Б.А., Богомолов Г.И., Ергешбаев А. Мечеть Хызыр-Пайгамбара в селе Сайрам // Известия НАН РК: Сер. обществ. наук. – 2008. – № 1. – С. 129–140.
  2. Гейнс А.К. Путешествие в Туркестан: Дневник 1866 года // Собрание литературных трудов Александра Константиновича Гейнса: в 3-х тт. – СПб.: М.М. Стасюлевич, 1898. – Т. II. – 742 с.
  3. Каскабасов С.А. Казахская несказочная проза. – Алма-Ата: Наука, 1990. – 240 с.
  4. Массон М.Е. Старый Сайрам // Известия Средазкомста-риса. – Ташкент, 1928. – Вып. 3. – С. 23–42.
  5. Мухамедиева Н.Н. Минарет Хызыр Пайгамбар // Свод памятников истории и культуры Казахстана. – Алма-Ата: Гл. ред. «Қазақ энциклопедиясы», 1994. – Т. 1: ЮКО. – 368 с. – С. 206.
  6. Пиотровский М.Б. Хадир // Мифологический словарь. – М.: Сов. энциклопедия, 1990. – 672 с. – С. 565.
  7. Р.Р. ал-Хадир // Ислам на территории бывшей Российской империи: Энциклопедический словарь. – М.: Восточная литература РАН, 1999. – Вып. 2. – 506 с. – С. 91–93.
  8. Трактат о Сайраме / Перевод с чагатайского, предисл. и прим. Ж.М. Тулибаевой. – Астана: Изд-во Национального центра археографии и источниковедения, 2007. – 60 с.
  9. Тулибаева Ж.М. Трактат о святых Мадиат ал-Байда и Испиджабе // Вестник КазНУ им. аль-Фараби: Сер. историч. – 2003. – № 3 (30). – С. 8–16.
  10. Devin DeWeese. “Sacred History for a Central Asian Town: Saints, Shrines, and Legends of Origin in Histories of Sayram, 18th–19th Centuries,” Figures mythiques des mondes musulmans, ed. by D. Aigle. – Aix-en-Provence, France: Edisud, 2000. – P. 245–295.

 

Бабуржан ФАЗИЛОВ

Шымкент қаласының Музейлер бірлестігі, «Сайрам тарихы» бөлімінің кіші ғылыми қызметкері