Шымкент қаласында Ұлттық мереке – Республика күніне орайласқан жағымды жаңалықтар легі көбейіп тұр. Соның қатарында бүгін 4 мәдениет үйі ашылып отыр. Қала іргесіндегі Қайнарбұлақ, Көкбұлақ, Базарқақпа, және Өтеміс тұрғын алаптарында төрт жаңа мәдениет үйлерінің ашылу салтанатына қала әкімі Ғабит Сыздықбеков те қатысып, тұрғындардың қуанышына ортақтасты.
Қала басшысы төрт елді мекеннің тұрғындарын Ұлттық мерекемен құттықтап, жаңадан ашылып отырған мәдениет нысандарының маңыздылығына тоқталды. Халықтың шығармашылығы мен мәдени өмірінің артуына сеп болатын бұл нысандар енді жұрт көп жиналып, қоғамдық-мәдени шаралардың жиі өтіп тұратын ошақтардың қатарына қосылмақ.
– Мәдениет үйлері түрлі іс шаралар ұйымдастыратын, бос уақытты тиімді өткізуге мүмкіндік беретін орынға айналады. Мәдениет саласы – басым бағыттардың бірі. Мемлекет жаңа шығармашылық алаңдар құруды және дарынды жастарды қолдау жұмыстарын жалғастырады, – деді қала әкімі.
Төрт мәдениет үйі де 2 қабатты, әрқайсысы 90 орындық етіп салынып, заман талабына сай жабдықталған. Мұнда көрермен залынан бөлек, кітапхана, оқу залы және түрлі үйірме жұмыстарына мүмкіндіктер қарастырылған. Осы ерекшеліктерді көзбен көре жүріп, шаһар басшысы тұрғындарды оқуға, өнерге, спортқа және салауатты өмір салтын ұстануына, балаларды тәрбиелеу жағына көп көңіл бөлуге шақырды.
– Білектінің емес, білімдінің заманы ғой қазір. Кітап көп оқыту керек. Жаңадан шығып жатқан заманауи робототехника деген сияқты салалар бар, содан орындар алу керек. Соған өздеріңіз ақылдарыңызды айтып, осы жерді жақсылыққа пайдаланыңыздар.
Балалардың гаджеттерге жұмсайтын уақытын шектеу және олардың жан-жақты дамуына жағдай жасау өте маңызды. Олармен бірге кітап оқып, пікір бөліскеніміз – болашағымыз үшін игі қадам, – дейді Ғабит Сыздықбеков.
Салтанатты ашылу рәсімі кезінде тұрғындар қала басшылығымен қатар отырып, мерекеге орай ұйымдастырылыған концерттік шаралардың куәсі болды. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков жиындағы өз сөзінде ел ішінде өнерпаздардың көбеюіне тілектестік білдірді.
|
Сейдалы ДҮЙСЕБАЙҰЛЫ |
Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың 2005 жылғы түлегі, 2019 жылдан бері «Қызмет» республикалық қоғамдық апталық газетінің тілшісі, openkazakhstan.kz туристік-ақпараттық сайтының редакторы |