ҰЛТТЫҚ РУХ ПЕН ЗАМАНАУИ СӘН ЖАРАСЫМЫ: «ЖІБЕК ЖОЛЫ АЙШЫҚТАРЫ»

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

«Жібек жолы айшықтары» ұлттық киім дизайнерлерінің байқауы Шымкент қаласындағы мәдениет пен өнерді ұштастырып, жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан маңызды іс- шаралардың бірі. Ұйымдастырушы – «Көрме орталығы».

Бұл шараның басты мақсаты – ұлттық мұрамызды заманауи сәнмен үйлестіре отырып, қазақ халқының бай мәдениеті мен рухани құндылықтарын дәріптеу. Бұл жолы да байқауда жергіліктң дизайнерлер көрерменге қазақ халқының мәдениеті мен ұлттық құндылықтарын жаңғыртқан бірегей туындыларын ұсынды. Шеберлер қазақи нақыштағы заманауи сән үлгілерін жасап қана қоймай ұлттық киімдерді сахна салтанатта қана емес күнделікті өмірде киюге ыңғайлы етуді мақсат еткен. Ұлттық киімдеріміздң сән әлемінің ажырамас бөлігіне айналдыруды да естен шығармаған.

Жалпы, байқауға 33 білікті киім дизайнері мен жас сәнгерлер қатысты.  Араларында сән өнеріне жаңадан қадам басқан дарынды жастар, нәпақасын этностилдегі киім шығарып тауып жүрген кәсіпкерлер де болды.

Қатысушылардың ішінде Aru collection, «Нұрхан шапан», «Әсем» сән үйі, «Қаракөз» бренді және балалар киімі дизайнері Ш.Есеналиева сынды танымал есімдер болды. Сонымен қатар, М.Әуезов атындағы ОҚУ, Ж.Тәшенов университеті және Ә.Қастеев атындағы өнер және дизайн колледжінің жас дизайнерлері де өз еңбектерін көрермен алдына алып шықты.

Қазылар алқасының құрамында сән индустриясының тәжірибелі мамандары мен мәдениет қайраткерлері болды. Олар туындыларды мазмұнының тереңдігі, техникалық орындалуы және ұлттық ерекшеліктердің сақталуы бойынша бағалады.

Байқау үш номинация бойынша өтті:

1) «Ең үздік балалар мен жасөспірімдер киім үлгісі»

2) «Ең үздік күнделікті және жұмыс киімі»

3) «Ең үздік жас жұбайларға арналған киім үлгісі»

Бас жүлдені жас дизайнер Жанерке Мұхтар жеңіп алды. Оның «Арал теңізі» топтамасы көпшіліктің ықыласына бөленді. Сонымен бірге, басқа да жас дизайнерлер арнайы марапаттарға ие болды.

Ұлттық рух пен заманауи сәннің үйлесімін көрсеткен бұл шара тарих пен болашақты жалғайтын көпір іспетті. «Жібек жолы айшықтары» байқауы қазақ мәдениетінің мол әлеуетін және оның әлемдік сән сахнасындағы маңыздылығын айқындаған ерекше жоба ретінде есте қалды.