«ҰЛТ АМАНАТЫН АРҚАЛАҒАН «АҚ ЖОЛ» ЖӘНЕ ХАНБИБІ ЕСЕНҚАРАҚЫЗЫ» АТТЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ

  • Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
blog-single-image

Бүгін, яғни 29-шы қараша күні Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде «Ұлт аманатын арқалаған «Ақ жол» және Ханбибі Есенқарақызы» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференциясы өтті. Бұл маңызды іс-шараға Қазақстанның және шетелдердің танымал ғалымдары, қоғам қайраткерлері мен әдебиетшілері және БАҚ өкілдері қатысты.

Конференцияның басты мақсаты – қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі, ақын әрі жазушы Ханбибі Есенқарақызының шығармашылық жолын насихаттау, оның қазақ поэзиясы мен журналистикасындағы орны мен рөлін тереңінен зерттеу болды. Осы орайда, Ханбибі Есенқарақызының өмірі мен шығармашылығы туралы деректі фильм көрсетіліп, ақынның «Көктеммен қоштаспаған жаз» атты жаңа кітабының тұсауы кесілді.

Шымкент қаласының әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы Құранбек өзінің құттықтау сөзінде Ханбибі Есенқарақызының қазақ әдебиеті мен журналистикасына қосқан баға жетпес үлесін ерекше атап өтті. Өз кезегінде, Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің басқарма төрағасы – ректордың міндетін атқарушы Гүлжан Даулетбекқызы Сүгірбаева Ханбибі Есенқарақызына университеттің құрметті профессоры атағын табыстады.

Конференцияға қатысушылар арасында мемлекет және қоғам қайраткері, академик Оразалы Сәбден, Гази университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Мұса Йылдыз, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының Хатшысы Бауыржан Өміржанұлы Жақып, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ханкелді Махмұтұлы Әбжанов, Өзбекстан республикасы Министрлер кабинеті жанындағы «Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу» мемлекеттік мұражайының директоры Бақтиер Вахапович Хасанов, Ресей тарихы институтының бас ғылыми қызметкері Дина Ахметжанқызы Аманжолова, Қырғызстаннан келген тарихшы ғалым Айнагүл Рысбайқызы Джоошбекова сияқты басқа да көптеген танымал тұлғалар болды.

Конференция барысында сөз сөйлеген ғалымдар мен қоғам қайраткерлері Ханбибі Есенқарақызының шығармашылығының қазақ әдебиетіне қосқан зор үлесін және оның қоғамдағы рөлін, ХХ ғасырдың басында Ташкенттен қазақ тілінде шығып тұрған «Ақжол» газетінің толық көшірмелерін Қазақстанға жеткізіп, Алаш арыстарының еңбегін елге таныстырудағы атқарған қайраткерлігін жоғары бағалады.