ӘСЕМ ГҮЛДЕРІМЕН КӨЗ ТАРТҚАН ШАҺАР

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Шымкент қаласы күн өткен сайын жасыл желегі жайқалған, гүлдері құлпырған шаһарға айналып келеді. Биыл  қала көшелерін көгалдандыру мақсатында Қаратау ауданы бойынша  6 мыңға жуық ағаш көшеті   қондырылды.  

Сондай-ақ,  шаһардың  орталық көшелері мен саябақтар, демалыс орындары 120 мың түп қызылды-жасылды алуан түрлі көпжылдық гүлдермен көмкерілді. Онан бөлек,  шаһар аумағына 250 мың түп голландық қызғалдақтың 5 түрі отырғызылыпты. Қызғалдақ жастықтың, пәк махаббат пен берік достықтың белгісі. Дүниежүзі «голланд қызғалдағы» атап кеткен Грейг тұқымының отаны – Қазақстанның оңтүстігі екені қазір көпке мәлім. Оның айқын дәлелі алқызыл гүл Шымкенттің топырағын жерсініп, шаһарға айырықша көрік беріп тұр.

Запырангүл. Көпжылдық раушан мен түймедақ. Катарандус. Тагейтис.  Бүгінде дала гүлдерінің  осындай алуан  түрі де қала көшелірнде жайқалады. Әсіресе, голландиялық шырайгүлге көз салмай өту мүмкін емес.  Мамандар бұл гүлдердің тамыры өңірдің табиғатына аса бейім екенін  айтады. Қала көшелері мен алаңдарды бірыңғай гүлдермен әсемдеу талғаммен бірге үлкен қажырлықты да талап етеді. Өйткені жас өскіндерге күнделікті күтім қажет.

Көгалдарды күтіп ұстау жұмыстарымен қатар, ағаштарды пішіндеу, қураған шөптерді отау, оларды әктеу, дәрілеу жұмыстары да уақтысында атқарылуда. Осы орайда,  екі ауысыммен жұмыс жасап жатқан жұмысшылар, жасыл желекті күндіз де, түнде де суғаруда. Оларға елді мекендердің еріктілері көмекке келіп, қолғабасы жасайды.

– Қаратау ауданы бойынша биыл 120 мыңнан астам көпжылдық гүл егілсе, 250 мыңға жуық бір жылдық қызғалдақтар қала көркіне сән беруде. Оларды күтіп ұстауда күннің ыстығы кедергі емес,-дейді бағбандар.

Алдағы күзде аудан аумағында тағы да 5 мың түп гүл егіледі деп жоспарлануда. Сонымен қатар, 2,5 мың түп жас көшеті отырғызылмақ екен. Айта кетейік, өткен көктемде егілген 6 мыңға жуық тал көшеті бүгінде жайқалып өсіп, қала көркіне сән беруде.  «Жасыл  ел» бағдарламасы  – халқының саны күн санап өсіп келе жатқан қаланың экологиялық ахуалын жақсартуға да айырықша ықпал етіп келеді.