ӨЗБЕКСТАН АРХИВІНЕН ТЫҢ ДЕРЕКТЕР КЕЛЕТІН КҮН АЛЫС ЕМЕС
-
Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
Дәл бүгінгі таңда Өзбекстанның астанасы Ташкент шаһарында Қазақстан Жазушылар одағының Шымкент қаласындағы өкілі Момбек аға Әбдіәкімұлы жүр. Жай жүрген жоқ, қанша жылдан бері қазақстандық ізденушілерге есігі жабық болған Өзбекстанның Мемлекеттік архивінің құжаттарын қотаруға мүмкіндік алыпты. Алдағы уақыттарда Момбек аға ХІХ ғасырдағы біздің өлкемізге қатысты тың деректерді әкеледі деп нық сеніммен айтып, сүйінші сұрай берсек болар. Бұл туралы жазушының өзі фейсбук әлеуметтік желісінде бөлісіпті. Өзінің сөзіне кезек берейік:
Осыдан он-он бес жыл бұрынғы уақыттан бері Президентік аппараттан бастап, Өзбекстандағы елшіге дейін Ташкент архивіне кіруге рұқсат әперуді сұрап, талай рет хат жолдап жүргем. Анада соның реті келді.
Өзбекстандағы елшілік қызметкерлері сол елдің Сыртқы істер министрлігімен келісіп, архивке кіруге ақыры рұқсат әперді. Мұнда қырық-отыз жыл бұрын талай болып, қаншама деректерді жинаған едім ғой. Қалғандарын кейін алам деп жүргенде біз үшін олар архивтің есігін тарс жапқан. Содан бері оған қазақстандықтардың кіруі мұңға айналған. Өзім де біздің елге қатысты нешеме тарихи деректерді «енді жинай ала алмайтын болдым-ау» деп қатты өкініп жүруші едім. Бірақ, Құдай жарылқап, енді соған жолым қайта ашылды. Сөйтіп, бірнеше күннен бері сол архивте жұмыс істеп отырмын.
Мұндағы өткен ғасырлардан жеткен тарихи мәліметтер жинақталған папкалардың көптігінен басың айналады. Бірақ, өзіме керектілерді шетінен қарап, жинастырып жатырмын. Келесі жылдың аяғына дейін мұнда емін-еркін жұмыс істеуіме мүмкіндігім бар. Осы аралықта он мыңға жуық делоларды қарап шығуды жоспарлап отырмын. Жоқ, жоспарлау емес, мен іздеген мәліметтер осыншама іс қағаздарда жинақталған. Олардың ішінен керек дегендерін ғана аламын. Бірақ, бұл жұмыс өте көп уақытты алады.
Алдымен, 1868-1917 жылдардағы қазақ болыстарының және ауыл билері мен старшындарының аты-жөндерін анықтап, бір кітап етсем деймін. Одан кейін Түркістан өлкесіндегі оқу мекемелері мен орыс зерттеушілердің біздің өңірде пайдалы қазбаларды қалай тапқаны туралы мәліметтерді толық жинақтасам деген жоспар бар. Олардан басқа да қаншама тақырып бар.
Тек, мұнда келе беруге уақыт тапшылау, одан соң қаражат жағы біршама қолбайлау. Ташкент арзан қала емес. Мұнда қазақстандықтар үшін қызметтің барлық түрі әжептеуір қымбат…
М.Әбдіәкімұлы