Шымкент қаласындағы Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығында мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым-этнограф Өзбекәлі Жәнібектің 93 жылдығына арнап «Өзбекәлі Жәнібеков және қазақ руханияты» әдеби-танымдық шара өткізді. Ақын Ақмарал Леубаеваның арнауымен басталған іс-шара орталық қызметкерлерінің жырымен өрілді.
Өзбекәлі Жәнібек және Қазақ руханияты. Бұл қос тақырып – қазақ үшін егіз ұғым. Өзбекәлі Жәнібек қазақ мәдениетінің, руханиятының жанданып, дамуына өлшеусіз үлес қосып, жанкештілікпен еңбек еткен тұлға. Оны қоғамға таныта түсуден жалықпауымыз керек.
Ғалымның қарындасы, ұстаз, этнограф, «Ыбырай Алтынсарин» атындағы төс белгі иегері, Түркістан қаласының құрметті азаматы Айғаным Абанқызы ағаның өткен күндерінен сыр шертті, шыққан тегі, балалық шағы,білім алуы жайында әңгімеледі. «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының ғылыми-зерттеу бөлімінің меңгерушісі Берік Қыстаубайұлы Өзбекәлі Жәнібековтің музейлік мұрасы мен тарихи маңызына тоқталды. Сондай-ақ Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік педагогикалық университетінің оқытушысы «Өзбекәлі Жәнібеков орталығының» басшысы Эльмира Бейсенбайқызы да қазақ руханияты мен әдебиеттану ғылымындағы маңызды мәселелерді көтерді.
Кездесуге қоғам қайраткерінің ізбасар інілері Қанжігіт Сыздық, Әскер Құлданов, Тәліп Әлжанов Өзағаңның тұсындағы көрген тәлім-тәрбиесі жайлы қызықты деректермен бөлісті. Кейінгі толқын Жәнібек Тағаев, журналист – Оралбаева Зәуре Абдухамитқызы және қаладағы Ө. Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің студенттері және мектеп оқушылары да өз ойларын ортаға салды.
Еңбек жолын тарих пәнінің мұғалімі болып бастаған этнограф ғалымның есімі былтыр Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік педагогикалық университетіне берілді.
Кездесуде орталық қызметкерлері шырқаған «Арқалықтың ақ таңы» әні Өзбекәлі Жәнібеков ағамыздың тапсырысымен жазылған. Сөзі М. Шахановтікі, әні Шәмші Қалдаяқовтікі.
Ғалымның 93 жылдығына арналған әдеби кеште қалалық Әл-Фараби атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасы ғалымның еңбектері және шығармашылығына арналған естеліктер, суреттерін жинақтап, «Ұлтын ұлықтаған азамат» атты көрме ұйымдастырды.
Бүгінгі шараның негізгі мақсаты — Өзбекәлі Жәнібековтің азаматтық, қайраткерлік қасиеттері мен рухани мәдени мұрамызға салт-дәстүрімізге деген жанашырлығын жас-жеткіншектерге насихаттау.
Әдеби кездесуді Орталық басшысы Бахтияр Әбілұлы әдемі ойларымен түйіндеді.
Ұлт жанашырын мәңгі жадымызда сақтау- әрбір қазақтың парызы деп санаймыз! Алдағы уақытта да, мұндай тағылымды шара өз жалғасын таба бермек.