АБАЙ АУДАНЫ АБАТТАНЫП КЕЛЕДІ

  • Шымкент қаласы, Абай ауданы
blog-single-image

Шымкент қаласы Абай ауданында биыл «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында 17 ауланы абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, жоспарға сай 10 спорт алаңшасын салу көзделген. Бүгінгі таңда құрылыс жұмыстарының 85 пайызы аяқталды. Енді бірер айда ел игілігіне берілмек.

Жалпы Абай ауданындағы 453 көпқабатты тұрғын үй 258 аулаға біріктірілген. 2014 жылдан бері жалпы 222 аула абаттандырылды. Бұл жерлерге  56 спорт алаңшасы салынған. Өткен жылы 21 көпқабатты тұрғын үйдің ауласы абаттанса, биыл 17 аулаға балалар ойын алаңшасы орнатылуда. Олардың басым бөлігі шалағайдағы шағын аудандарда салынуда.

Мәселен, Қызылжар елді мекенінде бой көтерген балалар ойын алаңшасының құрылысы әне-міне аяқталуға жақын. Мұнда, балаларға арналған ойын элементтері, демалуға арналған бастырмалар, орындықтар, қоқыс жәшіктері орнатылған. Сонымен қатар, ересектер мен балалар үшін дене шынықтырумен айналысуға мүмкіндіктер де қарастырылған.

Сонымен қатар, аталмыш ауданда ағымдағы жылы 15 спорт алаңшасы салынбақ. Бүгінде 10 алаңшаға қажетті элементтер орнатылып, жақын күндері пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Ал, қалған 5 спорт алаңының құрылысы күзге дейін аяқталады деп күтілуде. Айта кетейік, өткен жылы аудан аумағындағы  12 спорт алаңшасы ағымдағы жөндеуден өтіп, 35 спорт алаңшасын жасақтау жұмыстары жүргізілген.

Шымкент республикалық дербес қала мәртебесіне ие болғалы қала бюджеті 4 есеге артты. Ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында «Халық қатысатын бюджет» жобасы жақсы тәжірибеге айналды. Өткен жылы 55 жобаға 1,2 миллиард теңге бөлінді. Ал биыл бұл мақсат 3,9 миллиард теңге қаржы қаралды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3 есеге артық.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдасы негізінде «Халық қатысатын бюджет» жобасына кез-келген қала тұрғыны шаһар  аумағын абаттандыру, дамыту және жақсарту бойынша өз идеясын ұсына алады. Олардың  «электрондық үкіметтің» веб-порталына кіріп, өз ұсыныстарын қалдырып, кері жауап алуына мүмкіндігі бар.