АЗЫҚ ТҮЛІК БАҒАСЫН ТҰРАҚТАНДЫРУ БАСТЫ НАЗАРДА

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Шымкент қаласында азық-түлікті инфрақұрылымын жақсартуға маңыз беріліп отыр. Өйткені бұл азық-түлік бағасын тұрақтындыруға тікелей әсер етеді.  Мегаполисте бүгінгі таңда  14 ірі қойма бар. Олардың 6-ы климаттық, 8-і құрғақ қойма мен базар.

Жергілікті билік алдағы уақытта ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін арттыру, егістік жерлерді ұлғайту, өнім сақтайтын қоймалар санын арттыру мақсатында инвесторларды бірге жұмыс жасауға шақыруда. Осыған орай бірқатар инвесторлар өз жобаларын ұсына бастады. Солардың бірі  «Кazakhstan logistics group» ЖШС-і. «Бозарық» шағын ауданында орналасқан қоймада қазір екі кезең бойынша жұмыстар жүргізілуде. Оның алғашқы кезеңінде  40 мың тонна өнімді сақтауға қауқарлы ғимараттар салынады. Ал екінші кезең  2025 жылға дейін аяқталады. Ол кезде қойманың  қуаттылығы екі есеге артады. Қазір алғашқы кезеңде тұрғызылуы тиіс    ғимараттардың құрылысы толық аяқталған. Пісіп жетілген ауыл шаруашылығы өнімдері шетінен қоймаға сақталуға кіргізілуде.

Тағы бір жоба  «Керемет сапа» ЖШС-не тиесілі. Олар шаһар аумағында климаттық қойма салуды қолға алды. 2 мың тонна көкөніс сақтауға болатын 1 мың шаршы метр қойма құрылысы жүргізілуде. Оған 500 миллион теңге қаржы жұмсалмақ.  Құрылыс биыл аяқталады. 15 адам тұрақты жұмысқа орналасады.

Азық-түлікті сақтау инфрақұрылымын жақсартуға байланысты тағы бірқатар кәсіпкер өз жобаларына  ұсынып, оған жер телімін беруді, кейбірі инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етуді сұрап отыр. Әзірге олардың әрбірін мамандар жіті зерделеп жатыр.  Мемлекеттен көрсетілетін көмектер бойынша ақыл-кеңес берілуде. Сондай-ақ Шымкент қаласында ірі азық-түлік сауда желілері мен әлеуметтік дүкендер санын арттыруға да көңіл бөлінуде.

Мегаполисте биыл  6 айдың ішінде 17 миллиард теңгенің  ауыл шаруашылығы өнімі өндірілді.  30 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Оның ішінде 13 мың гектарға дәнді дақыл, 3,6 мың гектар алқапқа  майлы дақыл, 9,6 гектар жерге мал азығы болатын өсімдіктер, 3,4 мың гектар егістікке көкөніс пен бақша, 0,4 мың гектарға картоп,  0,1 мың гектар алқапқа жүгері егілген. Диқандардың берекелі тірлігінің арқасында биыл 90,1 мың тонна өнім алу жоспарлануда.  Бүгінге дейін оның 33,5 мың тоннасы жиып алынды.