АЙМАН ОЗЫҚ СҰХБАТШЫ АТАНДЫ
-
Түркістан облысы, Келес ауданы
Еліміз бойынша жүргізілген халық санағында уақытпен санаспай қызмет еткен Түркістан облысы Келес ауданының тұрғыны Айман Аманова озық сұхбатшы атанды. Ол халық санағы кезінде 127 үйді аралап, 450 респондетті тіркеуге алған.
Елімізде 1 қыркүйектен 15 қазанға дейін жүргізілген халық санағында респонденттер онлайн режимінде sanaq.gov.kz, egov.kz сайты, egov.kz, aitu (қосымша) сайттары арқылы санақ жүргізді. Ал, 1 және 30 қазан аралығында сұхбатшылар офлайн режимінде санақ учаскелерін (тұрғын үйлерді), тұрғын емес үй-жайларды, мекемелерді, ұйымдарды, кәсіпорындарды аралап, санаққа тіркеді.
– Халық санағының сәтті өтуі – сұхбатшының халықпен жақсы қарым-қатынаста болуы, ол респонденттерге санаққа қатысу қажеттілігін, санақтың мақсаттары мен міндеттерін түсіндіруге байланысты. Планшетті дұрыс пайдаланып, санақ парақшаларын қатесіз толтыру сұхбатшы үшін өте маңызды. Сонымен қатар, сұхбатшылар респонденттерден алған ақпарат үшін жеке жауапты болады және құпиялықты сақтауға міндетті, – дейді Ұлттық статистика бюросының Түркістан облысы бойынша департаменті статистикалық ақпаратты пайдаланушылармен жұмыс басқармасының бас маманы, баспасөз хатшысы Баян Әшімова.
Түркістан облысындағы халық санағына 340 нұсқаушы-бақылаушы, 2121 сұхбатшы тартылды. Халық санағы кезінде кейбір сұхбатшылар көрсетілген мерзімнен бұрын санақ учаскелерін аяқтап, келесі учаскелерге ауысып отырды.
Көрнекі фотосурет egov.kz-тен