АРАБ ӘМІРЛІКТЕРІНІҢ КОНСУЛДЫҒЫ АШЫЛАДЫ

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Шымкент қаласында Араб Әмірліктерінің Бас консулдығы ашылады. Бұл жұмыс Сыртқы істер министрлігі және БАӘ-нің Қазақстандағы елшілігімен бірлесе жүргізілмек. Бұл туралы Шымкент қаласы Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Ерлан Қыдыров мәлімдеді.

Оның сөзінше, мұндай өзгеріс  шаһардың инвестициялық тартымдылығын насихаттап, туристік әлеуетін таныстыруда және сыртқы байланыстарды дамытуда зор маңызға ие.  Араб Әмірліктерінің Бас консулдығының ашылуы – ел үшін елеулі оқиға. Келіссөздер жүргізу үшін шетелдік дипломатия өкілдерімен және компаниялармен нәтижелі кездесулер өтті. Шымкент қазір 10 қаламен бауырлас қатынас орнатқан. Жыл соңына дейін қосымша 7 қаламен ынтымақтастық құру жоспарда бар.

Шымкенттің туристік әлеуеті әуелден-ақ жоғары. Соңғы 6 айда  шырайлы шаһарға 216 мың 249 турист келген. Олардан шаһар қазынасына 18 миллиард теңге қаржы түскен. Ал «экспресс-статистикалық» ақпаратқа сәйкес 9 айда шаһарға 300 мыңға жуық турист келетіні күтіліп отыр. Қонақжайлық бойынша Шымкент қаласы Алматы мен Нұр-Сұлтаннан  кейінгі үшінші орында.

Шаһарға  келген саяхатшылардың дені Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Түркия және Қытай азаматтары. Туризмнің дамуына  мегаполисте өзге елдермен жалғайтын әуе рейстердің көбеюі тікелей әсер еткен. Қазір шаһарға  Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтау, Атырау, Семей және Қостанай қалаларынан ішкі рейстері қатынайды. Ал, халықаралық бағыттар бойынша Стамбул, Мәскеу, Анталия және Кутаисиге тікелей Шымкенттен ұшуға болады.

– Шымкентте туризим саласын одан әрі дамыту мақсатында биылғы жылға 5 іс шара жоспарлаған едік. Бүгінгі күнге дейін соның үшеуін орындадық. «Оқиғалы туризм» шарасы, «Дәм дәстүр» және  Ел Президентінің биылғы жылды балалар жылы деп жариялауына байланысты «Балмұздақ» фестивалін өткіздік,-дейді Шымкент қаласы Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Ерлан Қыдыров.

Миллионды шаһар сондай-ақ әлем тануға тұрарлық мекен. Осы мақсатта шетелдік блогерлер мен журналистерді шақырып, инфо тур ұйымдастырылмақшы. БАҚ өкілдерінің қатысуымен өтетін шара 26-28 қыркүйек аралығында болады.