«АСАР» АЖАРЫ АСҚАН АУЫЛҒА АЙНАЛДЫ

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Шымкент қаласы демографиялық өсіммен қатар  атажұртқа қоныс аударған қандастарымыздың арқасында да ірі мегаполиске айналды. Осыдан оншақты жыл бұрын қазығы қағылған «Асар» шағын ауданына  қазір жат жерде тіршілік кешкен  15 мыңнан астам қандасымыз қоныстанып үлгерді. Бір кездегі мидай жазық дала бүгінде көрікті қалашыққа айналған.

 «Асардағы» әрбір күн ауыл билері мен көше басшыларының жиынынан басталады. Шағын ауданның тазалығы, көгалдандыру жұмыстарының барысы, кейбір отбасылардың мұқтаждығы, өзге де проблемаларды шешу жайы талқыланады. Ел ағалары көпті ауызбіршілікке ынтымаққа ұйтады.

Бір кездері сағымданып жатқан сары далаға айналдырған он шақты жылдың ішінде 60-тан астам көрікті көше салынды. Оның жағалауынан замануи сәулетті үйлер бой көтерді. Қазір «Асарда» осындай 1 мың 700-ден астам тұрғын үй бар.

 «Асардағы» тұрғын үйлердің бір ерекшелігі әр аулаға баспанамен бірге  аумағы  3 жүздік болатын жылыжай қоса салынған. Бұл қандастарымыздың жыл он екі ай табыс тауып, дәулетті өмір сүруіне мүмкіндік  берді. Әрі қандастарымыз алыстан жұмыс іздемейді. Ең бастысы жылыжай әр отбасының тұрғын үй үшін  мемлекеттен алған несиесін қайтаруына кепіл болмақ.

– Мынау менің жинап жатқаным екінші өнімім. 4 шілдеде еккем. Содан бері қызанақ пен қияр жинап келемін. Машина, үйдің кредиттерін төлеп жатырмыз. істеп жатқан ісім балаларға үлкен жәрдем. Міне қара кеше үзілген тағы да сондай жеміс салып  тұр. Бұл еңбектің арқасы,-дейді «Асар» шағын ауданының тұрғыны Махамат Саңғылов. Ол бүгінде ауылдың ең жасы үлкені. Әрі диқандықтың қыр-сырын жетік білетін жан.

Ал, Қасиет Зайрулла – отбасы атажұртқа қоныс аударған кезеңде Шымкентте дүние келген перзент.  Биыл мектептің 4 сыныбында оқып жүр. Есімін ата-анасы туған жердің қадірі мен қасиеті дарыған ұрпақ болсын деп әдейі қойған екен.

           «Асардағы» екі мектеп білім сапасы бойынша  бүгінде үздіктер сапында. Оқушылар мұнда білім алуымен қатар жер шарының түрлі белдеуінде өсетін  800-ге жуық өсімдік пен ағаш түрін өсіруде.  Оқушылар оларды тек күтіп-баптап қана қоймай  генетика мен биотехнология, IT саласының жетістіктерін пайдаланып, ғылыми жобалар жасауға кіріскен.

Бүгінде шағын ауданда бірнеше мектеп пен балабақша, емхана жұмыс істейді. Жуырда халыққа қызмет көрсету орталығы ашылды. Енді көкөніс сақтайтын қойма мен ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін бірнеше кәсіпорын салынуда.