АУРУХАНАДАҒЫ ДӘРІГЕРЛЕР ҚАТАРЫ 15 ЖАС МАМАНМЕН ТОЛЫҚТЫ

  • Түркістан облысы, Келес ауданы
blog-single-image

Түркістан облысы Келес ауданында «Адалдық алаңы» жобасы аясында дәріханалардағы дәрі-дәрмек бағасына 20 білікті дәрігер бақылау жасауда. Әр дәрігерге қадағалау жүргізетін учаскесі бөлініп берілген. Олар сол территория бойынша жұмыс атқарады.

Бүгінге дейін бақылаушылар Абай ауылындағы жеті дәріханаға баға бойынша мониторинг жүргізген.​ Дәріханалардың ешбірінде халық жиі пайдаланатын дәрілік препараттардың негізгі санаттары бойынша бағаның көтерілуі анықталмаған.​ Мониторинг парацетамол, ацетилсалицил қышқылы таблеткалары, антибиотиктер, гипертонияға қарсы препараттар сияқты дәрілік заттардың бағасын зерделеген. Бұл іс әрі қарай да жалғасуда.

Аудандағы медицина саласында мұнан өзге де оң өзгерістер бар. Биыл Абай ауылындағы орталық ауруханада еңбек етіп жатқан 37 қызметкер әлеуметтік пакет алған. Аурухананың бас дәрігері Аида Бексұлтанованың айтуынша, олар үкімет тарапынан берілген қаржыны тұрғын үй жалдауға, “Отбасы банкіндегі” есепшоттарын толықтыруға, коммуналдық қызмет ақысын төлеуге жұмсаған. Осындай қолдаулардың нәтижесінде, соңғы жылдары аудандық аурухананың кадрлық құрамы жас мамандармен толығып келеді. Тек биылдың өзінде медициналық емдеу мекемесіне жоғары білімді 15​ қызметкер қабылданған.