АУРУХАНАЛАРДЫҢ 77 ПАЙЫЗЫ ОЗЫҚ ҚҰРАЛДАРМЕН ЖАБДЫҚТАЛДЫ
-
Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
Медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай, бүгін Шымкентте салтанатты жиын өтіп, онда үздіктер марапатталды. Оларға «Еңбек ардагері», «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін», денсаулық сақтау министрлігінің «Құрмет грамотасы» және қала әкімінің «Алғыс хаты» табысталды.
Шымкентте онкологиялық ауруларды емдеу ісінде көптеген жаңашылдық бар. Орталық биыл эндо-видео лапроскопиялық қондырғылармен жабдықталды. Енді дәрігерлер қатерлі ісікті бұрынғыдай денені тіліп, кесіп алмайды. Құралдардың көмегімен дене қуысына еніп, қатерлі ісікті сылып алады. Сонымен қатар науқастарға сәулелік, таргентті, химия-терапиялық және гармонды емдер де қатар жүргізіледі.
– Бұл енді біріншіден науқастың тез айығып кетуіне, ауруханада ұзақ жатпауына мүмкіндік береді. Және отаның орны көп ауырмайды. Бұл әлемдегі соңғы жетістіктер. Біз сол әдіспен ота жасауға кірістік,-дейді Шымкент қаласы онкология орталығы хирургия бөлімінің меңгерушісі Аққали Маймақов.
Шымкент қаласында биыл жаңадан 13 емдеу мекемесі іске қосылды. Бұл халықтың медициналық көмекке қолжетімділігін анағұрлым арттырды. Сондай-ақ балалар жылына орай клиникалық аурухана жанынан нейро хирургиялық, күйік, урологиялық және оңалту бөлімшелері ашылды. Сондай-ақ «орфандық» аурулары бар 36 баланы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін қазынадан 1,5 миллиард теңге бөлініп отыр. Балаларды оңалту орталықтарында пациентке бағытталған агротерапия, арт-терапия, қолмен қолданбалы өнерге үйрету әдістері енгізілді. Соңғы екі жылда медициналық емдеу мекемелерін замани озық құралдармен жабдықтаудың арқасында ауруханалардың техникамен жарақтандырылуы 77 пайызға жеткен.
Емдеу ісінде дәрігерлердің тәжірибесі мен біліктілігі зор маңызға ие. Жыл басынан бері олар үшін 10 шеберлік класы ұйымдастырылды. 50 дәрігер білімін жетілдірді.