АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ӨНІМДЕРІНІҢ ЭКСПОРТЫ ЕКІ ЕСЕГЕ АРТАДЫ
-
Шымкент қаласы, Абай ауданы
Шымкент қаласында биылғы бес айда 93 миллион АҚШ долларының ауыл шаруашылығы өнімдері экспортталды. Өзге мемлекеттерге жіберілген бұл тауарлардың 67 пайызы өңдеуден өткен. Мегаполисте биыл экспорт көлемі былтырғы жылмен салыстырғанда 133 пайызға артып отыр.
Шаһардың экспорттық әлеуетін көтеру бағытындағы жұмыстар әрі қарай жалғасуда. Ол үшін қайта өңдеу кәсіпорындарын іске қосу жұмыстары қолға алынды. Биыл құны 11 миллиард теңге болатын 14 жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр. Оның ішінде 3 жоба қайта өңдеу саласына бағытталған, 4 өндірістік жылыжай кешені салынады. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтайтын екі қойманың, құс шаруашылығымен айналысатын 3 жоба, 2 тауарлы сүт фермасын салу ұсынылып отыр. Сонымен қатар, Қаратау ауданы, Қайнар бұлақ тұрғын алабы маңында ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін «Бозарық» тамақ өнеркәсібі индустриалды аймағын құру жоспарланған. Мұнда сүт өндіру зауытын салынады, биологиялық қоспалары бар құнарлы құрама жем өндірісі іске қосылатын болады. Сонымен бірге шет ел инвесторларымен бірлесіп сүт, ет, жеміс пен көкөністі қайта өңдейтін, консервілейтін жобаларды жүзеге асыру ойластырылуда.
Қазіргі таңда, «Бозарық» индустриалды аймақты құру үшін 133 гектар жер телімі мемлекет мұқтажына қайтарылды. Бүгінгі таңда аталған аймаққа инфрақұрылым жүргізуге техникалық экономикалық негіздеме және жобалау-сметалық құжаттама дайындалды.
Қазіргі уақытта, құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізуге арналған мемлекеттік сатып алу конкурсының нәтижелері бойынша инфрақұрылым жүргізуге мердігерлік компания айқындалып, аталған компания межеленген жұмыстардың бірқатарын орындап үлгерді.
Индустриялды аймақтың ісі қосылуы 2 кезеңде жүзеге асады. Оның алғашқысы 2022-2023 жылдар аралығын қамтыса, екінші кезең 2023-2025 жылдар аралығында іске асырылатын болады. Жоспар бойынша I кезеңде 8,7 миллиард теңге болатын 7 жоба жүзеге асырылмақ. Бұл жұмыстардың нәтижесінде, Шымкент қаласында ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын 2019 жылғы деңгеймен салыстырғанда екі есеге артатын болады.