Шымкент қаласында ашылған «Аялы алақан» орталығы бүгінде 110 ерекше баланың дамуына түзету көмегін көрсетіп келеді. Оның ішінде:
27- Психоневрологиялық ауытқуы бар қызмет алушылар
83- Тірек-қимыл аппараты бұзылған қызмет алушылар
36- Өздігінен жүретін қызмет алушылар
25- Сүйемелдеумен жүретін қызмет алушылар
49- Мүгедек арбамен жүретін қызмет алушылар
73- Ұл бала
37- Қыз бала бар.
Орталық – арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж психоневрологиялық ауытқулары бар үш жастан он сегіз жасқа дейінгі мүгедек балаларға және тірек қимыл аппараты бұзылған үш жастан он сегіз жасқа дейінгі мүгедек балаларға жартылай стационарлық жағдайда қызметтер көрсетеді. Мекеме 2021 жылы Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай, «Жұлдызды 30 күн» іс-шаралар жоспары аясында ашылған болатын. Орталық қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты мекеме.
– Балалардың жас ерекшеліктері мен жалпы жадайларын ескере отырып, арнайы топтарға орналастырамыз.Тәрбиешілер олардың іс-қимылдарын ширату ісімен күнделікті айналысады. Көрсетілген көмектің нәтижесінде балалардың қарапайым тұрмыстық дағдылары қалыптасып, өзіне-өзі күтім көрсете алатын дәрежеге жеткендері бар,-дейді «Аялы алақан» №5 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының басшысы Бекболат Салтай.
Мұнда кез-келген баланың бірқалыпты және жан-жақты дамуына бағытталған қажеттінің бәрі бар. Медициналық-әлеуметтік мекеме ем-шаралық, спорттық және өзге де қызмет көрсететін бөлмелермен жабдықталған. Бұл науқас балалардың психологиялық және физикалық тұрғыдан қабілеттерін дамытуға мүмкіндік береді. Әлеуметтік қызметтер көрсету мекемесінде педагог-психолог, дефектолог, логопед секілді мамандар жұмыс істейді. Орталық балаларға стационарлық жағдайда қызмет көрсетеді.
Өкінішке қарай, кейінгі кездері Даун синдромына, аутизмге шалдыққан сәбилер қатары сирейтін емес. Сондықтан оларды өмірге бейімдеуге мемлекет барынша қолдау көрсетіп келеді. Өйткені ғалымдар кез келген синдроммен туылған баланы қалыпты өмірге бейімдеуге болатынын айтады. Туа сала тағдыр тауқыметін тартқан мұндай жеткіншектер ата-ана мен арнайы мамандардың көмегіне мұқтаж. Сол себепті, мұндай орталықтар балаларға көмек көмек көрсетіп, өсіп-дамуына септігін тигізетіні анық.
Жалпы, Шымкент қаласында 40 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі азамат бар. Оның ішінде 6 мыңнан астамы 18 жасқа дейінгі балалар.