АҚШЕҢГЕЛ МАҢЫНА КЕСЕНЕ САЛЫНДЫ

  • Түркістан облысы, Келес ауданы
blog-single-image

Енді қасиетті Ақшеңгелдің жанында кесене бар. Келестіктер киелі орын деп құрметпен қарайтын осы бір орын маңына тұрғындардың өздері қаржы жинап, көркем кесене тұрғызды. Осылайша, жұрт көңіліне медеу тұтар қасиетті орын маңы көріктене түскен.

Келес ауданына қарайтын Бірлік ауылының маңындағы «Байташ атаның Ақшеңгелі» аталатын қасиетті орын жайында тылсым әңгімелер өте көп. Жергілікті тұрғын Пердалы Майлыбаев ақсақалдың ұйытқы болуымен қасиетті орын жергілікті маңызы бар нысандар тізбесіне ендіріліп, кесене тұрған жердің нысаналы мақсаты өзгертілді. Бұл жұмыстарға өлкетанушы Сейдалы Дүйсебайұлының де ықпалы зор болды. Оның «Қызмет» газетінің өткен жылғы желтоқсан айындағы нөмірінде жарық көрген «Етегін шеңгел сыдырып…» немесе Ақшеңгелдің қасиеті» деген мақаласы бұл іске қозғау болды. Көп ұзамай ауыл азаматтарының арқасында Ақшеңгел маңына қоршалып, кесене тұрғызылды.

– Кесене жобасын сәулетшілерге дайындаттық. Қазір құрылысы аяқталды. Тек, есік-терезесін орнату шаруасы ғана қалып тұр. Кесене салуға 30 шақты шаңырақ ағайын болып ат салысты. Жалпы, 2,5 миллион теңге шамасында қаржы жұмсадық. Енді, о баста бөлінгені 22 сотық жер еді, соны 1 гектарға ұлғайтып, абаттандыру және көгалдандыру ісін атқармақпыз, -дейді Пердалы Майлыбаев ақсақал.