БІРНЕШЕ ІСТІ ҚАБАТ АТҚАРАТЫН АГРЕГАТ ҚҰРАСТЫРДЫ

  • Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
blog-single-image

Шымкенттік ғалымдар егістік басында бірнеше істі қабат атқаратын ауыл шаруашылығы агрегаттарын жасап шығарды.  Бұл диқанның қол еңбегін жеңілдетіп, агротехникалық талаптарды орындауға жұмсалатын шығынды анағұрлым азайтқалы отыр. Ең бастысы, мейілінше мол өнім өсіруге сеп болмақ.

Мына әмбебеп тіркеме 4 түрлі қызмет атқарады. Егістікке су жүретін арық алады.  Сүйрік болып тұрған соқаларды көлбеу етіп ауыстырса, оны қайта көмеді. Мұнан бөлек жал болып қалған жерді және тұтас егістікті тегістейді. Агрегатты түрлі қызметке лайық етіп өзгерту қол күшімен атқарылады. Және аз уақыт кетеді. Оны Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің оқытушысы, техника ғылымдарының кандидаты Нұрлыбай Манабаев жасап шықты.

         – Бұл агрегатты егістік жағдайында 10-15 минутта ауыстыруға болады. Атқарылатын жұмысқа қарай 4  түрлі техниканың қалағанын лезде пайдалану уақыт үнемеумен бірге жанар-жағар майды да 2-3 есе аз жұмсауға мүмкіндік береді. Агротехникалық талаптар дер кезінде  орындағандықтан өнімділік 10-15 пайыз артады. Трактормен артық жүріс жасап, экологияны ластау азяды,-дейді өнертапқыш ғалым.

         Шымкенттік ғалымдар шаруаның жұмысын барынша жеңілдету мақсатында мұнан өзге де бірқатар техникалар жасап шығарды.  Енді диқандар қырққабат, құлпынай, болгар бұрышы, қызанақ пен қияр көшетін техниканың көмегімен отырғыза алады. Агрегат көкөністі бірдей тереңдікте, біркелкі аралықта  егумен бірге жерді қопсытып, су жүретін арығын да қоса алып кетеді.

         – Бір гектар жерге көкніс отырғызбақ болсаңыз  машина бұл  істі бір-ақ  күнде егіп береді. Ал қол күшімен 30 адам екі күн егеді. Қол күшімен көшет отырғызудың өзі 400 мың теңге талап етсе, ал машинамен ексең 40 мың теңге төңірегінде ғана ақша жұмсайды, –дейді тіркмені құрастырған ғалым, техника ғылымдарының кандидаты Бердияр Қалымбетов.

         Өнертапқыштардың бұл жаңалығын  жергілікті билік те құп алды. Шымкент қаласы әкімдігіне қарасты ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы үздік деп танылған 7 жобаның ішінен екеуін  таңдады. Енді оларды мемлекет тарапынан қаржыландырып, шаруалардың пайдалануына мүмкіндік жасамақ.

         Жаңа агрегаттардың бағасы 2-3 миллион теңгенің төңірегінде. Ол Шымкенттегі машина жасау зауытында құрастырылады. Ал бұл техникалар шарулардың бәріне қолжетімді болуы үшін шағын МТС-тер ашу көзделген. Яғни тіркемелер ортақ пайдаланымда болады.