БАЛАЛАРҒА ҚУАНЫШ СЫЙЛАҒАН КҮН

  • Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
blog-single-image

 «Балалар жылы» және Қазақстан Республикасы Конституциясы күніне орай Шымкент қаласында «Біз бақытты баламыз!» атты  мерекелік шара ұйымдастырылды.  Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының «Қоғамдық келісім» мекемесі  ұйытқы болған салтанатты жиынға  қала әкімдігінің қызметкерлері мен этномәдени бірлестіктердің төрағалары, қалалық Ассамблея жанындағы құрылымдардың жетекшілері, қаладағы түрлі этнос өкілдерінің ата-аналары мен балалары, жалпы  300-дей адам  қатысты. Іс-шара барысында қаладағы оқушылар сарайының «Айгөлек» хореографиялық би ансамблі, «Алтын ғасыр» әншілер тобы, аниматор-қуыршақтар және басқа да өнерпаздар өнер көрсетіп, көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлады. Одан кейін балалар түрлі ойын алаңшаларында  асыр салып, ойнап, мәз-мәйрам болды.

Мерекелік іс-шараны өткізуге  Шымкент қаласындағы  17 этномәдени бірлестіктің өкілдері қолдау білдірген. Мерекелік жиынға қатысқан мәртебелі азаматтар  балаларды мерекемен құттықтап, тілектерін жеткізді.

– Лайым әр шаңырақтан бала күлкісі кетпесін. Бала – біздің болашағымыз десек, Қазақстанның жарқын болашағы ел тағдырына бей-жай қарамайтын, нағыз отаншыл, ниеттес, мүдделес азаматтардың қолында. Сіздерді қос мерекемен құттықтай отырып, еліміздің өркендеуіне зор үлес қосады деген сенімдемін. Баршаңызға бақытты балалық шақ тілеймін. Аспанымыз ашық, еліміздің ертеңі жарқын болсын!, -деді   Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысы Мұратжан Шотанов.

Сондай-ақ, мерекеде  Шымкент ҚХА хатшылығының меңгерушісі Мұхтар Төлепов, Қазақстан өзбектері этномәдени бірлестіктері «Дустлик» қауымдастығының төрағасы Икрам Хашимжанов та құттықтау сөз айтып,  жиналғандарды қос мерекемен құттықтады.

Мұндай тағылымды шаралар мұнан әрі қарай да жалғасын таппақ. Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақтану» жобасы аясында жыл соңына дейін бірнеше іс-шара өткізу жоспарланған.  Ондағы мақсат түрлі этнос өкілдерінің балаларын қазақ мәдениетіне, қазақи танымға үйрету болып отыр.