БАСПАНАНЫ ЖАЛДАУ АҚЫСЫНЫҢ ЖАРТЫСЫН МЕМЛЕКЕТ ТӨЛЕЙДІ

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Елімізде былтыр жалдамалы баспаналардың құрылысын  субсидиялау механизмі іске қосылды. Ал биылғы жаңалық әлеуметтік жағдайы нашар  топқа кіретін азаматтардың баспананы жалдау ақысының жартысы  субсидияланатын болды. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған былтырғы Жолдауында   айтылған осы тапсырманың  Шымкент қаласында қалай жүзеге асып жатқанын білу мақсатында  тұрғын үй басқармасының басшысы Жанат Өтебаевамен сұхбаттасқан болатынбыз.

 

– Жанат Өмірсейітқызы, бұл жеңілдікті нақты кімдер пайдалана алады? Осы туралы тарқатып айтып берсеңіз.

– Ескеретін жәйт, жеңілдікті белгілі бір санатқа жататын азаматтар ғана пайдалана алады.  Субсидиялау жеңілдігі әлеуметтік аз қамтылған топқа жататын азаматтарға бағытталған. Олар І және ІІ топтағы мүгедектер, мүмкіндігі шектеулі  балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар және көп балалы отбасылар.

– Ол үшін не істеу керек? Өтінімді қалай береді?

– Баспана жалдау ақысына субсидия алу үшін ешқайда барудың қажеті жоқ. Әлеуметтік аз қамтылған топқа жататын азаматтар туралы ақпарат арнайы жүйеге жинақталған. Банк қызметкерлері  өтінім берушілердің жағдайын сол мәліметтер негізінде  тексеріп, талаптарға сәйкестігін тексеріп шығады. Өтінім беретін отбасының соңғы 6 айдағы жалпы табысы сол жанұяның әр мүшесіне шаққанда 1 күнкөріс деңгейінен аспауы тиіс (1 күнкөріс деңгейі 01.01.2022 ж. жағдай бойынша 36 мың 018 теңге). Бағдарлама биылғы жылдың сәуір айында басталды. Операторы –«Отбасы банкі».  Тиісті санатқа жататын азаматтардың жекеменшік қордан  үй жалдау ақысының жартысы  осы қаржы институты  тарапынан төленеді. Субсидиялауға Қазақстан бойынша 50 миллиард теңге бөлінген.

– Бұл жеңілдікті пайдалану үшін өтінім бергендер болды ма? Шымкент қаласы бойынша  бүгінгі таңға дейін қанша азамат осы тізімге ілікті?

– Қазірге дейін қалада тұрғын үй кезегінде тұрған  704 азаматтың өтінімі мақұлданды.  «Отбасы банкі» ұсынған ақпаратқа сәйкес, осыншама отбасыға баспана жалдау ақысына субсидия беріледі. Ал жалпы министрілік бекіткен тізім бойынша Шымкентте 8 мың 841 отбасының жағдайы субсидия талабына  сай келеді. Егер осы мәселеге қатысты сұрақтар туындаған болса Шымкент қаласы, Бейбітшілік көшесі №3 ғимартта орналасқан «Аманат» партиясы қалалық филиалындағы «Отбасы банк» қызметкерлерінен толық ақпарат алуға болады.

– Жеңілдетілген пайызбен берілетін тұрғын үй бағдарламаларына қатысу үшін  қажетті жарнаның бір бөлігі ретінде  сертификат  беріліп келеді. Бұл да әлеуметтік жағдайы нашар отбасыларды қолдау мақсатында  жүзеге аса ма?

– Иә, бұл жеңілдік те сол топтағы азаматтарға бағытталған. Биылғы жылы басқарма  арқылы тұрғын үй сертификаттарын беру үшін жергілікті қазынадан 500 миллион теңге қарастырылған.  Бұл қаржы 1 миллион теңгеден 500 отбасыға беріледі деген сөз. Ол сертификаттар  қайтарымсыз, яғни өтеусіз берілетінін айта кеткен жөн. Баспанаға қолжетімділікті арттыру мақсатындағы сертификатқа бөлінген қаржы көлемі биыл көбейді. Былтыр  370 миллион теңгеге 416 миллион  тұрғын сертификаты берілген болатын.

– Сұхбаттасқаныңызға рақмет!

OPEN KZ-Ақпарат