Әр қазаққа баспана керек. Біздің қоғамның басты қажеттілігі де тұрғын үй. Шаңырағын тік көтеріп, уықтарын қадасып, киіз үй тігіп беретін дәурен келмеске кеткелі қашан. Тіршілігі сапырылысқан қаланың зәулім үйлерінен бір бұрыштың бұйырғаны бүгінде әр адамға қуаныш болып тұр. Тұрғын үй алудың да сан тараулы жолы, әртүрлі әдіс-тәсілдері бар. Бұл орайда мемлекеттік бағдарламалар қолға алынып, жолға қойылғаны рас. Біз бүгін соның ішіндегі «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй-комуналдық даму бағдарламасы туралы жазуды жөн көрдік.
Кешегі ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап қазақ даласында көп қабатты үйлер салына бастады. Әсіресе, ел астанасы болған, халқы көп, дамушы қалалардың ажарын кіргізіп, келбетін түзеген. «Көш жүре түзеледі» демекші, көп қабатты тұрғын үйлердің үлгісі жетіліп, жаңаша жаңғыруға бет алған. Әлемдік тұрғын үй үдерісінің көшіне ілесіп Қазақстан да тұрғын үй сапасын, жайлылығын арттыра түсуге бет бұрған. Осы орайда халықты баспанамен қамтамасыз етудің оңтайлы жолдары іске асып келеді. «Нұрлы жер» бағдарламасы ¬¬– ел азаматтарын қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету үшін қолға алынған мемлекеттік бағдарламаның бірі.
Бағдарламаның іске қосылғалы 2 жыл сол, осы уақыт аралығында 3,3 трлн теңге инвестиция салынған. Еліміз бойынша екі жылда 300 мың отбасы үйлі болған. 33,5 млн м2 баспана пайдалануға берілген. Осы бағдарламаның негізінде алғаш рет көп балалы отбасылар мен жұмыс істейтін жастарға арнап жалдамалы үйлер салынды. Табысы төмен отбасыларға жеңілдетілген ипотекамен құрылыс компаниясына субцидия берілген. Былтыр тұрғын үй қорын молайту үшін 59,3 млрд теңге қаражат аударылып, оның 96 %-ы игерілген. Биылдан бастап «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында «5-20-25» тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды. Бұл бағдарлама алдағы 5 жылда, яғни 2020-2025 жылдар аралығында жүзеге асырылады деп жоспарланып отыр.
Мұндағы басты талап ¬– халықтың табыс көзінің расталуы. Ең төмен күнкөріс деңгейіне 93 мың теңгеге дейінгі табысы бар азаматтарға «5-20-25» бағдарламасы бойынша әкімдіктердің кредиттік тұрғын үйлерін алуға мүмкіндік бар. Бағдарламаға әскерилер, мемлекеттік қызметкерлер, бюджеттік мекеме қызметкерлері қатыса алады.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің құрылыс және комуналды шаруашылық істері комитетінің мәліметі бойынша бүгінде 526 мың адам тұрғын үй кезегінде тұр. «5-20-25» бағдарламасы аясында қолдауға мұқтаж, әлеуметтік әлсіз топтарға басымдық беріледі. Жетім балалар, 1 және 2 топтағы мүгедектер, зейнеткерлер үшін сатып алуға болмайтын, жалдамалы пәтер жүйесі бар. Яғни, атыңызға ауыспай, қандай да бір уақыт аралығында жалдамалы пәтерде тұрып, баспанаға бастапқы жарнаңызды жинап алғанша тұруға болады.
«5-20-25» бағдарламасының шарттарына үңілсек:
– Несие мөлшерлемесі 5%-дан басталады.
– Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 5,2%.
– Бастапқы жарна үй құнының 20% құрайды.
Бағдарлама қатысушылар салынып жатқан нысаннан пәтерді өз бетінше таңдай алады. Және таза әрлеудегі (чистовая отделка) берілетін үйлерге несие ала алады. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі депозитінде жеткілікті соманың басы құралса, таңдап алған үйін сатып алуға немесе қарыз рәсімдеуге болады. Тағы бір ескертетін жайт – тұрғын үй бағасының 20 %-ы болса, бірден үй аласыз деген сөз емес. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арасында конкурсқа қатысу арқылы балл жинақтайсыз.
«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында берілетін үйлерді baspana.kz сайты арқылы қарап, таңдауға мүмкіншілік бар. Әрбір аймақ бойынша, салынып жатқан үйлердің ішкі және сырты жобасы көрсетілген. Соған сәйкес, әрбір бағдарламаға қатысушы өз таңдауын жасай алады. Сондай-ақ, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында мемлекет тұрғын үйге нақты баға қойып отыр. Яғни, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында тұрғын үйдің шаршы метрі 180 мыңгеден аспайды, өзге аймақтарда 140 мың теңгеден аспауы керек. Мысалы, Қостанай қаласындағы тұрғын үйдің шаршы метрі 140 мың теңгеден есептеліп тұр.
baspana.kz сайты арқылы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында тұрғын үй алу немесе таңдау үшін сіз Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшысы болуыңыз керек. Сол арқылы балл жинақтауыңыз керек. Баллды қалай жинаймын десеңіз, ай сайын тұрақты түрде үзбей, өз қаражатыңызды салып отыруыңыз қажет. Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында тұрғын үй кезегінде тұрушылар өте көп, сондықтан да конкурс бойынша балл жинау өте маңызды.
«5-20-25» бағдарламасына қатысу үшін қойылатын талаптар:
– Тұрғын үй кезегінде тұрған болуы керек.
– Отбасының тұрақты табысы 93 549 теңгеден асуы керек.
– Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде депозит ашып, алынатын үйдің 20 %-дық бастапқы жарнаны толтыруыңыз керек.
– Қатысушының атында соңғы 5 жылда үй болмауы шарт.
Егер, сіз Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында тұрсаңыз, міндетті түрде сол қалада 3 жылдық тіркеуіңіз болуы керек. Сол тіркеуден кейін барып, үйдің кезегіне тұрасыз. Ал, өзге аймақтарда тіркеуге сосын бірден үй кезегіне тұра бересіз.
Қадірлі оқырман, мемлекеттік бағдарламаның іске қосылып, жүзеге асуындағы жеңілдіктер мен халыққа оңтайлылығы осындай. Әрбір істің өз әдіс-тәсілі болатыны бар. Сондықтан, тұрғын үй алуға бағытталған «Нұрлы жер» бағдарламасы оңтайлы әдістердің бірі. Жоғарыда бұл бағдарлама арқылы үй алудың жолын тәптіштей түсіндірдік. Біздің ниет: «Әр қазақ үйлі болсын!».
Әзімбек ҚОЙЛЫБАЙ
Материал «Баспанаға бағыт» бағдарламасына сүйене отырып жазылды