БАСТЫ БАҒДАР – БАСПАНАМЕН ҚАМТУ
-
Жамбыл облысы, Тараз қаласы
Тұрғындарды баспанамен қамту қашан да маңызды міндеттің бірі. Бүгінге дейін өзектілігін жоймаған бұл мәселе елімізде шешімін тауып келеді. Ол үшін Мемлекет басшысының арнайы тапсырмасымен үкіметтік деңгейде түрлі мемлекеттік бағдарламалар түзіліп, соған сай жұмыстар жүзеге асуда. Оның шарапатын шымкенттік тұрғындар да сезінуде. Осы орайда нендей жұмыстар атқарылуда? Нәтиже бар ма? Шымкент қаласы тұрғын үй басқармасының басшысы Жанат Өтебаевамен осы тұрғыда сұхбаттасқан едік.
– Жанат Өмірсейітқызы, тұрғындарды баспанамен қамту мақсатында биыл нендей жұмыстар атқырылуда?
– 2022 жылы тұрғын үй кезегін күткен азаматтарға 1 мың 605 пәтер беруді жоспарлап отырмыз. Оның ішінде жастар да бар. Оларға 857 пәтер сатып алу құқынсыз жалға берілмек. Қазір бұл үйлерде абаттандыру және инфрақұрылым жүйелеріне қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстар аяқталған соң тұрғын үй басқармасы байқау өткізеді. Ол туралы әлеуметтік желілер арқылы, БАҚ бетттерінде хабарландыру берілетін болады. 2020 жылы осы жоба бойынша 904 жас, ал 20221 жылы 300 жас маман жалдамалы пәтерге қоныстанған болатын. Тұрғын үй-коммуналдық дамудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының талаптарына сәйкес бұл пәтерлер жұмыс істейтін жастарға 5 жылға жалға беріледі.
– Тұрғындарға кредиттік тұрғын үйлер де беріліп жатқан болар.
– Иә, Шымкентте кредиттік тұрғын үй бағыттары бойынша 2 мың 96 азамат баспаналы болмақ.
– Жанат Өмірсейітқызы, ал тозығы жеткен үйлерді қалпына келтіру ісі қалай жүріп жатыр?
– Былтыр қала аумағындағы коммуналды тұрғын үй қорын сақтау бойынша көп қабатты 11 үй жөндеуден өтті. Олар «Нұрсәт» шағын ауданы мен Желтоқсан көшесіндегі үйлер. Оларды жөндеуден өткізуге жергілікті қазынадан қаржы бөлінді. Жалпы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 25 көпқабатты тұрғын үйді қалпына келтіру ісі жоспарланған. Былтыр оның 20-ы жөнделді. Қалған 5 үй биыл қалпына келтіріледі.
– Шымкент қаласында жалпы қанша азамат баспана кезегінде тұр?
– Бүгінгі таңда қала бойынша тұрғын үй алу кезегінде 48 мың 975 азамат тіркелген. Оның 17 мыңға жуығы әлеуметтік жағдайы нашар отбасылар. 9 мың 634 көпбалалы, 1 мың 838 жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар. Мұнан бөлек мемлекетік, бюджеттік мекеме және әскери қызметшілер мен тұрғын үйі апатты деп танылған отбасылар да бар.
– Сұхбатыңызға рақмет!
OpenKZ-АҚПАРАТ