«Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша өтінімдер қабылдау ағымдағы жылдың 20 маусымнан бастап қабылданатын болады. Бұл жөнінде Шымкент қалалық тұрғынүй басқармасының фейсбуктегі ресми парақшасы бөлісіп отыр.
Ресми хабарламаның мәліметінше, аталған жеңілдетілген несиелік ипотекалық бағдарламаға тұрғын үй кезегіндегі көпбалалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасылар, толық емес отбасы (ажырасқан уақыты 3 жылдан кем болмауы тиіс) санаттарындағы азаматтар қатыса алады.
«Бақытты отбасы» бағдарламасына берілетін өтінімдер www.otbasybank.kz жылжымайтын мүлік порталы арқылы онлайн қабылданатын болады. Ресми мәліметте биылғы лимиттерді бөлу барысында өтінімдер ішіндегі басымдық мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға берілетіні баса көрсетілген.
Бағдарламаға шарттары:
– Несие мөлшерлемесі жылдық 2%;
– Бастапқы жарна – 10%.
Ипотекалық несие 20 жылға рәсімделеді.
Естеріңізде болса, “Отбасы банкінің” жетекшісі Ләззат Ибрагимова биылғы мамыр айындағы мәлімдемесінде “Биыл біз “Бақытты отбасы” бағдарламасын шамамен 15 маусымда бастаймыз. 1 маусымда өтінім қабылдауды іске қосамыз деп жоспарлағанбыз, бұқаралық ақпарат құралдарында да жарияладық. Бірақ, бүгінде тұрғын үй төлемдерін субсидиялау жобасын аяқтау қажет. Сондықтан, “Бақытты отбасы” бағдарламасын шегеруге шешім қабылдадық” деген болатын. Демек, субсидиялау жобасының жұмыстарына байланысты құжат қабылдау мерзімі тағы да кешеуілдеді деген сөз.
Осы жерде бір айта кететін нәрсе, «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша 2 пайыздық ипотека алуға болады, бастапқы жарнасы – 10%, кредит 18-20 жылға дейін беріледі делінгенмен, қарыз сомасы бойынша шектеулер бар. Мысалы, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтау мен Атырауда алынатын ең қымбат баспана құны – 15 миллион теңгеден аспауы қажет болса, басқа аймақтарда пәтердің ең жоғары бағасы 10 миллион теңге болады деп көзделіп отыр. Алайда, бір қуанатын жағдай, осы қаржыға жаңадан салынған үйден де, ескі үйден де пәтер сатып алуға болады. Сонымен қатар, жеке тұрғын үй рәсімдеу мүмкіндігі қарастырылған.
Бағдарлама мұқтаж адамдарға ғана қарастырылғандықтан, өтінім берушілердің табысына қатысты талап бар. Оған сәйкес, соңғы алты айда әрбір отбасы мүшесінің бір айлық табысы ең төмен күнкөріс деңгейінің (36 018 теңге) 3,1 еселенген шамасынан аспауға тиіс. Яғни, әрбір отбасы мүшесіне келетін табыс 111 655,80 теңгеден артық болмауы шарт.
Тағы бір есіңізге сала кетейік, қазіргі кезде бағдарламаға көпбалалы, толық емес және мүгедек баланы тәрбиелеп отырған отбасылар қатысады. Болашақта бұл бағдарламаға тағы екі санат, жетімдер және I-II топтағы мүгедектер де өтінім бере алатын болмақ.