«БЕЛСЕНДІ ҰЗАҚ ӨМІР» ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛАДЫ

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Биылғы «Қарттар күні» мерекесі қарсаңында Шымкент қаласында зейнет жастағы азаматтарды сауықтыруға арналған тағы бір «Белсенді ұзақ өмір» атты орталық ашылады. Бұл туралы ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифингте Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы  Балмаржан Нарбекова айтты.

– 1 қазан-Халықаралық қарттар күні қарсаңында қаламыздағы зейнет жастағы азаматтарды сауықтыруға арналған тағы бір «Белсенді ұзақ өмір» атты орталығының ашылуы жоспарлануда. Бұл Қаратау ауданы, Жібек жолы көшесі, 22/1 учаскесінде орналасқан. Жаңа бөлімшеде жартылай стационарлық жағдайда тәуліктің күндізгі 4 сағат уақытында егде жасына байланысты қарттарға екі ауысым бойынша 150 азаматқа дейін қызмет көрсетіледі. Онда дәрігерлік тексеру, бильярд, теннис, садақ ату, ART терапия, тренажерлық қызмет түрлері, бассейн, массаж, әсемдік жасару терапиясы, караоке зал (ән айту), хореография, йога, еңбек терпаиясы, инемен емдеу терапиясы, емдік денешынықтыру бар – деді  басқарма басшысы.

Жалпы, қалада «Белсенді ұзақ өмір» орталығының әр ауданда бөлімшелері ашылмақ. Бұл мекемелерде зейнет жасқа жеткен азаматтарға 4 сағатқа дейінгі екі ауысымда ақысыз арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетіледі. Сонымен қатар, жалғызілікті зейнеткерлерге арналған жартылай станционар да жұмыс істейді. Бұл жерде қарияларға 3 мезгіл ыстық тамақ беріледі. Олар тәуліктің  8 сағатын осында өткізуіне мүмкіндігі бар.

Биыл Шымкент қаласы бойынша 9 мың 238 зейнет жасындағы азаматты санаторлық емдеумен қамтамасыз ету мақсатында қазынадан қаржы бөлінген. Осыған байланысты 3 санаторлық емдеу орындарымен (Шымкент қаласының “Денсаулық” шипажайы, Түлкібас ауданының “Ақсу-Жабағылы” және Тараз қаласының “Айша бибі” курорттарымен) келісім шарттар түзіліп отыр. Биылғы жылдың тамыз айына дейінгі мәлімет  бойынша 2 мың 40 зейнеткерге арнайы жолдама беріліп, санаторлық-курорттық емдеуге жолданған.

Жалпы, Шымкент қаласында бүгінгі таңда 84 мың 844 зейнеткерлер бар. Оның ішінде бесеуі екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері, 2 мың 390-ы соғыс жылдарында тылда еңбек еткен азаматтар.

1 қазан – «Қарттар күніне» орай, Шымкент қаласында бірқатар  мерекелік шаралар  өткізу жоспарланып отыр. Оның аясында қаланың дамуына ерекше еңбегі сіңген еңбек ардагерлері мен қарттарды құттықтау көзделіп отыр. Ардагерлердің шаңырақтарына барып, сый-сияпаттар табысталады.