«БЕЛСЕНДІ ҰЗАҚ ӨМІР ОРТАЛЫҒЫ» – ЕГДЕ ЖАСТАҒЫ АДАМДАРДЫҢ ЖАЙЛЫ ОРТАСЫ

  • Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
blog-single-image

Шымкент қаласындағы «Белсенді ұзақ өмір орталығы» ұзақ жыл беңбек етіп, бүгінде зейнеткерлік демалыста жүрген ардагерлердің ортасын кеңейтіп, тынысын аша түсті. Мұнда оларға  күніне 4 сағат ақысыз жартылай стационарлық жағдайда медициналық және арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі. Бүгінде орталық екі ауысымда жұмыс істейді. Бір ауысымның өзінде  400 адамға дейін қабылдап, қызмет көрсете алады.

«Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығы зейнеткерлердің бос уақытын тиімді өткізу бағытында және оларды салауатты өмір сүруге икемдеп, өмірге деген құштарлықтарын арттыру мақсатында қызмет атқарады. Орталыққа келген егде жастағы қариялардың біразы тек ем алып, тынығып қана қоймай шет тілін де меңгеруге талаптанып жүр.  Одан бөлек, қолөнермен айналысып, түрлі бұйымдар жасайды. Орталықтың кітапханасында сүйікті әдебиеттер оқып, таным көкжиектерін кеңейтеді.

– Орталықтың негізгі мақсаты зейнеткерлік жасқа толған қарттарға сауықтыру көмектерін көрсету. Бүгінгі таңда мұнда 27 түрлі қызмет түрі бар. Денешынықтырудан бастап иога,  хореография, теннис, бильярд, дойбы, шахмат, арт терапия бар. Биыл суда жүзу бассейні іске қосылды. Тағы бір артықшылығы тұзбен емдеу бөлмесі жасақталған, –дейді   Шымкент қалалық «Белсенді ұзақ өмір орталығының» директоры Мауия Алданазарова.

Орталықтың күн тәртібі зейнеткерлерді дәрігерлік тексеруден басталады. Қарттарға жоғары санатты кардиолог, терапевт, невропатолог және физиотерапевт дәрігерлер қызмет көрсетеді. Мекемеде қариялардың емдік массаж қабылдап, психологиялық тренингтер, спортпен шұғылдануына барлық мүмкіндік жасалған.  Сондай-ақ, орталық қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға да ерекше көңіл бөлінген.

Зейнеткерлік демалысқа шыққаныма 8 жыл болды. Оған дейін салық органдарында бухгалтер, экономист болып еңбек еттім. 2019 жылдан бері осы орталыққа келемін. Қазір денсаулығым өте керемет. Мұндағы жағдай шипажайдан бір мысқал кем емес.Барлығы да өз қатарластарым, замандастырым. Бір уақыт олармен әңгіме дүкен құрып, сыр тарқатамыз,-дейді Салтанат Қарашаева.

Айта кетейік, Шымкент қаласында бүгінде зейнет жасында 84 мың 844 адам бар.   Оның ішінде бесеуі екінші  дүниежүзілік соғыс ардагері , 2 мың 390-ы тыл еңбеккері. Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты «Белсенді ұзақ өмір орталығында» шаһардағы зейнет жасына жеткен барлық азаматты  қабылдайды. Ешқандай шектеу жоқ. Аталған орталыққа келуші жеке кәулігі пен зейнет кітапшасының көшірмесін, медициналық картамен келе алады. Анықтамасын алып келсе, болғаны.