БЕЛСЕНДІ ӨМІР СҮРУ ОРТАЛЫҒЫНДА CТАЦИОНАРЛЫҚ БӨЛІМШЕ АШЫЛДЫ

  • Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
blog-single-image

Шымкент қаласындағы зейнеткерлерге арналған белсенді өмір сүру әлеуметтік-медициналық орталығы жанынан күндізгі стационарлық бөлімше іске қосылды. Бұл жерде жалғызілікті қариялардың 8 сағат бойына жатып, сауықтыру шараларын қабылдауына мүмкіндігі бар. 

Орталық күні бойы қызмет көрсетеді. Оның ашылу салтанатына  қала әкімі Мұрат Әйтенов арнайы барып, қызмет сапасының жай-күйін көрді. Күндізгі стационарлық орталықты ашу туралы бастаманы былтыр шаһар басшысының өзі көтерген болатын. Ондағы мақсат жалғызілікті қариялардың денсаулық күтіміне барынша  жағдай жасау.

–Кәрілік шағында қараусыз қалған қарияларымызға асқан қамқорлық қажет. Онсыз да жалғыздық адам жанына бататыны анық. Бөлімшені ашудағы мақсатымыз – оларға барынша қамқорлықпен емдік-сауықтыру шараларын көрсету болатын. Орталық мамандары қарияларға барынша мейірімділікпен қарап, жоғары сапалы қызмет көрсетуі қажет,-деді қала әкімі орталықтың ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде.

Сауықтыру бөлімшеде дәрігерлік тексеру, фитобар, емдік массаж бен физиотерапия кабинеті мен тұз шахтасы, сурет салу, қыш қолөнер шеберханасы мен еңбек терапиясы секілді 27 сауықтыру қызмет түрі бар. 25 төсек орынға лайықталған бөлімде 3 мезгіл ыстық тамақ та беріледі.

Белсенді ұзақ өмір сүру әлеуметтік-медициналық орталығына биылғы жылы  микроавтобус әперілмек. Ол үшін үшін қала қазынасынан 12,9 миллион теңге бөлінген.

Бүгінгі таңда  Шымкент қаласында 83 мың 928 зейнеткер  өмір сүреді, оның 568-і жалғызілікті қария.

Зейнет жасындағы азаматтардың санаторлық-емдеу орындарында тынығуына да қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы тарапынан  жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. «Ақсу-Жабағылы», «Денсаулық»  курорттарымен келісім жасалып,  биыл 9 мың 238 қария табиғаты әсем, емі шипалы орындарда тынығып қайтпақ.