БЕСІНШІ АУДАННЫҢ ҚҰРЫЛУЫ ШЫМКЕНТТІҢ ОҢТҮСТІК-БАТЫС БӨЛІГІНІҢ ДАМУЫНА ЫҚПАЛ ЕТЕДІ
-
Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
Бұл туралы қала басы Шымкент қаласы мәслихатының кезекті жиырмасыншы сессиясында айтты. Сессияның күн тәртібінде Шымкент қаласында білім берудің сапасын арттыру және жаңа оқу жылына дайындық; жылу маусымына дайындық шаралары; мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының орындалуы; Шымкент қаласында құрылған бесінші ауданға атау беру, сонымен бірге бірқатар мәслихат шешіміне өзгерістер енгізу мәселесі қаралды.
Білім басқармасының басшысы Жанат Тажиева баяндамасында биылғы жаңа оқу жылында қалада 24 жаңа мектеп пайдалануға берілетінін айта келіп, нәтижесінде үш ауысымды мектептер саны 9-дан 5-ке төмендейтінін айтты. Жақсы жаңалық, 2022 жылы өткен жылмен салыстырғанда 1-сыныпқа баратын балалар саны 3 мыңға артып отыр екен. Бұл демографиялық өсімнің бар екенін көрсетеді. Сондай-ақ, бастауыш сынып оқушылары бір мезгіл толықтай ыстық тамақпен қамтылмақшы.
Шымкентте жылыту маусымына дайындық жұмыстары 20 қыркүйекке дейін толығымен аяқталады. Бүгінде жылу қазандықтары 80 пайызға, сорғы стансалары 82 пайызға, көп қабатты үйлер 74 пайызға дайын. Бұл Энергетика және ифрақұрылымды дамыту басқармасының басшысының айтқаны.
Жаңадан құрылған бесінші ауданға «Тұран» атауының берілуі тарихи тұрғыдан ерекше шешім екенін атап өткен шаһар басшысы Мұрат Әйтенов:
– Құрылған жаңа «Тұран» ауданы қаламыздың оңтүстік-батыс бөлігінің дамуына ықпал етеді деп сенемін. Сонымен бірге, сессияда бағалау аймақтарындағы жер учаскелері базалық ставкаларының түзету коэффициенттері, қоршаған ортаға эмиссия мөлшерлемелері, мүмкіндігі шектеулі балаларды үйде оқытуға жұмсалған шығындарды өтеу мөлшері, абаттандыру қағидалары, коммуналдық қалдықтардың түзілуі және жинақталу нормалары бекітілуі туралы қабылданған шешімдер қаламыздың әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамуына оң серпін береді деп сенемін, -деді.
Сессияда «Шымкент қаласының құрметті азаматы» атағын беру Қағидасына» өзгерістер енгізілді.