БИДАЙ ОРЫМЫ  ҚЫЗЫП ТҰР

  • Шымкент қаласы, Абай ауданы
blog-single-image

Биылғы жыл шымкенттік дихандар үшін былтырғыға қарағанда ырысты болайын деп тұр. Еліміз бойынша алғашқы болып астық ору науқанына кіріскен шаруалар егістіктің әр гектарынан 14-15 центнерге дейін өнім алып жатыр. Соның нәтижесінде биыл қамбаға жылдағыдан  артық  дән құйылмақ. Мұндай берекелі іс күн райының қолайлы болуы, егіс алқаптарында агротехникалық шаралардың дер кезінде әрі сапалы жүргізілуі арқасында мүмкін болып отыр.

Шымкентте қазір бидайға орақ науқаны қызып тұр. Бүгінге дейін 1500 гектар бидай орылып қамбаға 2100 тонна астық жиналған. Бидай оруға алғашқылардың бірі болып  кіріскен шаруашылықтың  бірі «Агросервис  БМБ»  шаруа қожалығы. Қожалықта  биыл мың гектар жерге  бидай мен  мың гектар мақсары егіпті. Қазір мұндағы шаруалар  дәнді дақылдың тең жартысын жинап үлгерген.

Оған ауа райы да қарасып тұр. Бір бидайдың басында жиырмашақты дәннен 4 қатар болғанда 80-90 дәннен түсіп жатыр. Тұқымы элиталық сорт болуына  байланысты ғой. Тұқымы таз болғандықтан  өнімі де жақсы боп тұр.  Орақта жүрген комбаиндардың дені шетелдік. Жаңа техникалардың артықшылығы көп. Бидайды ешбір ысырапсыз жинайды,-дейді шаруа қожалығының төрағасы Манас Бекбауов

Шымкент қаласы ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының мәліметінше  биыл 13 мың гектар жерге дәнді дақыл себілген. Мемлекет тарапынан берілетін арзан бағадағы жанар жағар май мен минералды тыңайтқыш та шаруаның қолына уақтылы тиді.

Биылғы көктемгі дала жұмыстары үшін 1000 тонна жанар жағармай бөлінген. Шаруалар сұйық отынның литрін жеңілдетілген бағамен, яғни 189-теңгеден алды. Ал, қара күзде тағы 1000 тонна жанар жағармай беріледі деп күтілуде.

Биылғы жылы өнімділікті арттыру мақсатында жергілікті шаруаларға минералды тыңайтқыштардың құнын субсидиялау үшін 122 млн 146 мың теңге бөлінді. Ал, тұқым шаруашылығын дамытуға 20 млн 480 мың теңге қарастырылыпты. Өткен  жылмен салыстырғанда қаржыландыру 12%-ға артқан.

Осылайша ешбір кедергісіз ораққа кіріскен диқандар астықты маусымның соңына дейін  толығымен жиып алмақ.