БИЫЛ 34 МЫҢ ОТБАСЫ ТАБИҒИ ГАЗДЫҢ ИГІЛІГІН КӨРЕДІ

  • Шымкент қаласы, Абай ауданы
blog-single-image

«Республика күні» мерекесі қарсаңында Шымкент қаласындағы Көкбұлақ шағын ауданының тұрғындары шад-шадыман қуанышқа бөленді. Шаһардың шеткері аумағындағы  аймаққа табиғи газ беріліп, елдің тұрмысы жайлана түсті.    

Көкбұлақ тұрғын алабында тұратын Гүлбара Үркімбаеваның көгілдір отын келгелі тірлігі жеңілдеді. Үйі жылы, қазаны қайнаулы. Қария жыл сайын күн суытса қысқа қамданып әбігерге түсетін едік. Биыл немерелеріммен жылы үйде уайымсыз отыратын болдым,-деп қуанып жүр.

         – 40 жыл болды. Осы кезге дейін көмір, тезек жағып күнелтіп келдік. Оны қамдау мен кейіннен күлін шығарудың қаншалықты машақтты жұмыс екенін білесіздер. Осылай бізге газ беріп, қолымызды жылы суға малып отырғанымызға қуаныштымыз. Қала басшыларына көп рақмет,-дейді ол.  

         Көкбұлақтағы 500-ге тарта шаңырақ осындай қуаныш үстінде. Елді мекенді көгілдір отынмен  қамту жұмыстары өткен жылы басталған болатын. Жобаға сай 16,1 шақырым жерге газ құбыры тартылып, 465 үйдің есік алдына дейін жеткізілген. Көшедегі магистральды құбырдан құжаттарын талапқа сай рәсімдеп үлгерген үйлерге қарай қазір газ желісі тартылуда. Тұрғын алабтағы балабақша да газ желісіне қосылды.

Биыл Шымкент қаласында Көкбұлақ секілді 11 шағын ауданда табиғи газ құрылысы жүріп жатыр. Жыл соңына дейін, Тұран, Ақтас-1, Ақтас-2, Нұртас, Батыс, Сәуле-276 орам, Ақжар, Арғымақ елді мекендері табиғи газбен қамтылады деп көзделуде. Осы орайда, шаһар халқының көгілдір отынмен қамтылу көрсеткіші 93 пайыздан 94,7 пайызға жетеді деп жоспарлануда. Нәтижесінде 34 мыңнан астам адам табиғи газ жүйесіне қосылуға мүмкіндік алмақ.

Жалпы соңғы екі жылда Шымкент қаласының дамуы үшін ел қазынасынан 180 миллиард теңге қаржы бөлінген.  Оның 130 миллиард теңгесі инженерлік инфрақұрылым жүйелерін жақсартуға жұмсалды. Соның нәтижесінде 2023 жылы таза ауыз су мәселесі 100 пайыз, 2025 жылы табиғи газбен қала аумағын тұтас қамту жоспарланып отыр.

Ал, мегаполистің сапалы жарықпен қамтылу деңгейі, биыл 98 пайызды құрайды деп күтілуде. Осы орайда,  22 мыңға жуық халық мемлекеттік қуат көзіне қосылатын болады. Тізімде жаңаталаптықтар да бар.  4 мың кВт қосалқы станцияның құрылысы өткен жылы басталған болатын. Жаңаталап тұрғын алабының жаңа құрылыс аумағына электр желілерін тарту жұмыстары да қатар жүргізіліп, 21 трансформатор мен  1312 электр бағанасы орнатылған. Соның арқасында, енді 1361 үй сапалы электр қуатымен қамтылмақ. Айта кетейік, 2022 жылдың соңына дейін электр қуаты сапасыз тағы  6  елді мекенде құрылыс жұмыстары аяқталып, пайдалануға беріледі.