БИЫЛ 66 МЫҢҒА ЖУЫҚ ҒИМАРАТ КӘРІЗ ЖҮЙЕСІНЕ ҚОСЫЛАДЫ

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Мегаполис мәртебесіне ие болған Шымкент қаласының аумағы соңғы жылдары күрт ұлғайды. Жаңадан шағын аудандар бой көтеріп, халық саны артты. Қарқынды дамуға бағыт алған шаһарда осыған байланысты коммуналдық мәселелерді шешу жұмыстары да жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Өйткені инженерлік инфрақұрылым қала дамуының іргетасы болуымен бірге тұрғындардың жайлы тұрмысы үшін аса қажет.

Осыған байланысты, Шымкент қаласындағы бірқатар аймақтарға биыл кәріз жүйесін тартылады. Қазір шаһардағы 9 нысанда құрылыс жұмысы басталған. Оның ішінде №3 магистралдық коллекторының 6 ішкі орамдық жүйесі бар. Биыл Ұланбек Арғынбеков көшесі мен «Тұран» ішкі магистральды коллектордың құрылысы жүргізілсе, «Достық» су сорғы станциясы қайта құрудан өтеді деп жоспарланған. Осы жұмыстардың арқасында «Самал-3», «Ұлағат», «Мирас», «Солтүстік-шығыс», «Шапағат-2» шағын аудандары мен «Мақтазаводы» көшесіндегі 48 мыңнан астам адам кәріз жүйесіне қосылады. Мегаполисте кәріз жүйесіне қосылған үйлердің үлес салмағы 60 пайызға жетеді.

Сондай-ақ, Әл-Фараби ауданындағы «Ақжайық» пен «Айқап» шағынауданы, Шолохов және Жандосов көшелеріне кәріз жүйесін тарту мақсатында қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы тарапынан жобалау сметалық құжаттамалары әзірленуде.

Бүгінде қаладағы 81 елді мекеннің 19-ы кәріз жүйесімен қамтылған.

Өткен жылы қалада «Тұран» сорғы станциясы және Самал-1 мен Наурыз шағын ауданыдарының ішкі жүйелерінің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Елдімекендерді кәріз жүйесімен қамтамасыз ету үшін былтыр жоспарланған 13 нысанның құрылыс жұмыстарына бюджет есебінен 6,2 миллиард теңге қаржы бөлінді. Жүргізілген құрылыс жұмыстарының үшеуі магистралды кәріз коллекторы болса, 10 елді мекенге ішкі жүйелер тартылды.

Қаланың 2022-2025 жылдарға арналған даму жоспарына сәйкес кәріз жүйесімен қамту көрсеткішін 75 пайызға жеткізу көзделіп отыр.