Табиғи парктің ғылыми-зерттеу жоспарына сәйкес, «Сырдария-Түркістан» өңірлік паркінің аумағында мекендейтін құстар мен сүтқоректілердің кадастрын жасау» бойынша ғылыми зерттеу жұмыстары жүргізілді. Парк аумағындағы құстар бойынша мониторинг жұмыстарын жүргізу барысында жалпы құстардың 245 түрі бақылауға алынды.
Атап өтетін жағдайлар: 2022 жылда қыстың жұмсақ болып, су айдындарына мұз қатпауына байланысты көптеген су және су маңы құстары қыстау үшін парк аумағында қалды. «Шардара» орманшылығы аумағында сұр тырна және «Шәуілдір» орманшылығы аумағында зымыран құстарының қыстауы бұрын Қазақстан аумағында кездеспеген. Көктемгі бақылау жұмыстары барысында «Отырар» орманшылығы аумағынан сирек кездесетін моңғол шүрілдегі дейтін құсы есепке алынды.
Ал, жұмыртқалайтын құстарды бақылау барысында Түркістан өңірінде ғалымдар жұмыртқалауға қалуы мүмкін деп болжап жүрген қарабай құсының ұялау жағдайы анықталды. Мамандардың жазбаларында бырылдауық үйректің 9-11 дейін жұмыртқа басады деп келсе, Көксарай көліндегі бырылдауық үйрек ұяларын бақылау барысында 16 жұмыртқаға дейін басатыны анықталып отыр. Осы уақытқа дейін қара қарғалардың су ортасындағы қамыстарға ұя салу фактілері кездеспеген, бұл жағдай қара қарағалардың ұялау жағдайы бойынша жұмыстарға жаңалық болып отыр.
Бұқар бұғыларының таралу аумағын зерттеу барысында еркіндікте жүрген бұғылардың саны қазіргі санақ бойынша есепке алынғаннан бірнеше есе көп болуы мүмкін. Аталған мәселе бойынша «Қызылшаруа» орманшылығымен шекаралас қамысты алқаптарда санақ жұмыстарын жүргізу қажет. Сондай-ақ, «Балтакөл», «Шәуілдір», «Отырар» орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесіне қарасты аумақтар мен Қызылорда облысының Жаңақорған мен Шиелі аудандарындағы аумақтардағы бұқар бұғыларының ресми санаққа енгізілуі үшін жұмыстар атқарылуы қажет.
ОФ «Центр изучение и сохранение биоразнообразия» (BRCC) ұйымымен бірлесе Боралдай филиалы аумағында өлекесеқор және жыртқыш құстарға мониторинг жұмыстары жүргізілді. Құстарды бақылау барысында олардың негізгі қорегі болып келетін кемірушілер мен бауырымен жорғалаушылардың санының азаюы байқалды. Құстардың (жұртшы, ақбас құмай) ұяларын бақылау барысында өлексеқор құстар өздеріне тән емес бауырымен жорғалаушылар және басқа да ұсақ құстармен қоректендіріп жатқаны анықталды. Бұл – жыртыш құстардың азықтық қорының бұзылуына алып келіп отыр деген сөз. Өңірлік парк құрылғалы бері парк аумағында бұрынғы жайылым жерлерге үй жануарларына шектеу қойылды, өз кезегінде жануарлардың қалдықтарымен қоректенетін құстардың азықтық қорының кемуіне алып келе бастаған. Бұл жағдай басқа да жыртқыш құстардың өңірлік парк аумағынан басқа аумаққа қоныс аударуына алып келуі мүмкін. Негізінен табиғи ортада саны өте сиреп кеткен ителгі құстарына қауіп төніп тұр. Бауырымен жорғалаушылар мен кемірушілердің санының азаюына соңғы жылдары таулы аумақтарда шибөрілердің санының артуы ықпал жасауы мүмкін.
Сонымен қатар, ҚР Қызыл кітабына енген жұртшы құсының 5 дана балапандарына GPS қондырғы орнатылып, Қазақстандық және халықаралық құстарды бақылауға арналған сақиналар тағылды.
Парк аумағында экологиялық тепе-теңдікті сақтап қалу мақсатында Боралдай филиалы аумағында жыртқыш және өлексеқор құстарға арналған қоректендіру алаңын ашу бойынша ОФ «Центр изучение и сохранение биоразнообразия» (BRCC) ұйымымен бірге құстарға арналған қосымша тамақтандыру орнын дайындау бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.
Өңірлік табиғи парктің өсімдік жабындысы мен флорасын зерттеу мен түгендеу тақырыбы бойынша далалық зерттеу іссапарларынан жинақталған гербарийлерді анықтау барысында жасалған өсімдіктер тізіміне 9 (тоғыз) тұқымдасқа кіретін 244 түрге толықтырылды. Қазіргі таңда өңірлік табиғи парктің флорасы тізіміне 95 тұқымдасқа кіретін 949 түрі тіркелді.
Басты және индикаторлық омыртқасыз жануарлар топтарын, биологиялық әртүрлілігін ұзақ уақыттық ғылыми мониторинг негізінде зерттеу тақырыбы бойынша далалық зерттеу іссапарларынан жинақталған омыртқасыздар коллекциясын анықтау барысында жасалған тізімге сәйкес барлығы 25 отряд, 122 тұқымдасқа кіретін 586 түр тіркелді оның 16 түрі қызыл кітапқа енген 20 түрі жаңа түрлер.
Өңірлік табиғи парк қызметкерлері ары қарай да флора мен фаунаны қорғап сақтауға барынша қызмет жасай береді. Сондай-ақ, табиғат аясында демалушыларға қоршаған ортаны ластамауға, гүлдерді жұлмауға шақырады.
А.Д.ТАЖИЕВА
«Сырдария-Түркістан» МӨТП Ғылым, ақпарат және мониторинг бөлімінің меңгерушісі
Көрнекі фотосуретте зымыран құсы. Сурет ашық интернет көздерінен алынды