БҰҚАРАЛЫҚ СПОРТ СЕРПІН АЛДЫ
-
Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
Шымкент қаласында жыл басынан бері әр түрлі жастағылар арасында спорт бірнеше түрінен 29 қала чемпионаты өткізілді. Бұл бәсекелерге барлығы 4 мың 350 спортшы қатысты. Сондай-ақ, 9 республикалық жарыс ұйымдастырылды. Республикалық деңгейдегі спорт сайыстарына Қазақстанның барлық өңірлерінен 13 мың 800-ге жуық спортшы қатысып, шеберліктерін танытты.
Солардың бірі теннистен ұйымдастырылған «ATP SHYMKENT CHALLENGER 80» халықаралық турнирі. Жарысқа әлемнің 20 мемлекетінен 60 спортшы келді. Қызықты спорт бәсекесі бірнеше күнге созылды.
Сонымен қатар, мегаполисте бұқаралық спорттың дамуына да ерекше көңіл бөлінуде. Биыл жыл басынан бері қала тұрғындары мен әр түрлі сала қызметкерлері арасында 27 бұқаралық спорттық іс-шара өткізілген. Олар барлығы 17 мы 300 адам қамтыды.
Бұқаралық спортты дамыту мақсатында ұйымдастырылған ірі жарыстардың бірі ретінде «ЖАСТАР ЛИГАСЫН» айтып өткен ләзім. Осымен екінші рет ұйымдастырылған жобаға жастардың қызығушылығы жылдан жылға артып келеді. Өткен жылы спорт жарысына 140 мектеп қатысқан болса, биылғы біріншілікте 151 білім ұясының шәкірттері өнер көрсетті. Спорттың төрт түрінен ұйымдастырылған «Жастар лигасына» 6 мыңға жуық оқушы қатысты. Алғашқы кезеңде жеңімпаз болған 4 командалардың әрқайсысына демеушілер есебінен су жаңа шағын автобустың кілті табысталды. Екінші кезең қатысушыларының үздіктері де осындай марапатқа ие болады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялауына байланысты, мектеп оқушыларының бос уақытын тиімді пайдалану және салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында Шымкент қаласының төрт ауданында орналасқан спорт алаңшаларында әр аптаның жексенбі күндері аудан әкімдіктерімен бірлесіп «Аула чемпионаттары» ұйымдастырылуда. Аталған спорттық іс-шараға 5-17 жас аралығындағы балалар команда жасақтап, қатысып келеді. Олар асық ату, ләңгі тебу, баскетбол добын торға түсіру, футбол қақпасына доп тебу, қыздар арасында скакалкамен секіру, гимнастикалық шеңбер айналдыру сияқты спорттың 6 түрінен сынға түсіп, өз қатарластары арасындағы үздіктерін анықтап келеді. «Аула чемпионатында» жеңімпаз болған балаларға диплом, медаль және кубоктар табысталып, қатысқан барлық балаларға арнайы сыйлықтар берілуде. Бүгінгі таңда Шымкент қаласында жалпы саны 346 алаңша бар.
Бүгінгі күнге дейін Абай, Әл-Фараби, Еңбекші, Қаратау аудандарындағы 48 спорт алаңшада «Аула чемпионаттары» өткізілді. Осы өткізілген спорттық іс-шараларға 3 мың 600 ден астам бала қатысып, 120-ға жуық спорт саласының мамандары жұмылдырылды. «Аула чемпионатын» жыл соңына дейін тағы 32 спорт алаңшада өткізу жоспарлануда.