ДЕНДРОСАЯБАҚТЫҢ ГЕНДІК ҚОРЫ ҰЛҒАЮДА

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Шымкенттің өкпесі саналатын Асанбай Асқаров атындағы дендросаябақ көпшіліктің сүйікті демалыс орнына айналғалы қашан. Бүгінде табиғи аймақ  аптап ыстықта жанға сая табатын орын болып қана қоймай, мегаполистің жасыл экономикасына да елеулі үлес қосуда. Сондай-ақ шаһардың туристік әлеуетін де еселеп отыр.  Себебі, Шымкентке қонақ болып, ат басын бұрғандардың дені жасыл желек жамылған дендросаябаққа соқпай кетпейді. Ал, қала тұрғындарының тұрақты мекеніне айналып үлгергені сөзсіз. Саябаққа кірген бойда отбасымен серуен құрып жүрген жандарды көз шалады.

Саябақ аумағындағы жалпы ағаш-бұталардың саны 100 мыңнан асып жығылады. Сонымен қатар«Қазақстанның қызыл кітабына» енген ағаштардың 10 түрі кездеседі. Одан өзге сирек кездесетін 96 ағаш түрі бар. Сондай-ақ, биыл қыс-көктемде дендросаябақ қызметкерлері 30 мың түп  гүл тұқымын арнайы тұқымбақта өздері өсіріп, тұрғындар серуендейтін аумаққа гүлзар жасап үлгерген. Биыл дендросаябақтың Самал алқабында бос жатқан 6 гектар жерге  2000 түп жеміс және әртүрлі сәндік ағашт отырғызылды. «Қатон-Қарағай» ұлттық паркінен 1500 түп сібір шыршасы да әкелінген. Қазір оларды жерсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Серуеннен бөлек, спортпен щұғылданатын жасөспірімдер де көп мұнда. Жақында ғана жеке кәсіпкер демеушілігімен салынған спорт алаңшасы салауатты өмір салтын сүйетіндердің саябақтағы сүйікті орнына айналып үлгерген.

 Дендрологиялық саябақ тыныштықты жаны сүйетіндер үшін бой сергітіп, таза ауамен тыныстауға таптырмас орын. Ал, осы демалыс орнының шаһар тұрғындары мен қонақтарына қолайлы болуы үшін жасалатын еңбек ерен. Келушілер тамашалайтын әдемі көрініс пен саф ауаның қалыптасуы үшін тынымсыз тірлік қылатын қанша жан бар. Аумағы 117 гектарды құрайтын желекті аймақты тұрақты түрде 30-ға жуық адам күтіп ұстайды. Онымен қоса тазалық қызметкерлері тағы бар.