ЕЛТАЙДА  ЖАҢА МЕКТЕП АШЫЛДЫ

  • Шымкент қаласы, Еңбекші ауданы
blog-single-image

Шымкент қаласы Елтай тұрғын алабындағы тұрғындардың көптен күткен қуанышы орындалды. Аймақта жаңадан 650 оқушыға арналған мектеп ашылды. Заманға сай сәулетті білім ұясы ең озық құрал-жарақпен жабдықталған. Биология, химия, физика зертханалары және кең спорт залы бар. Жеке инвестор салған мектепте білім беру жан басына қаржыландыру арқылы мемлекеттен қаржыландырылады және тегін.

Мектепке керекті жиһаздар түгел алынып,  мултимедиялық  қондырғылар орнатылды. Мектепте балалар бір ауысымда оқиды. Түстен кейін қосымша үйірмелерге қатысатын мүмкіндіктері бар. Ал, үйлері қашықта орналасқан  оқушыларды тасымалдау үшін  арнайы автобус бөлініп отыр. Ұстаздар жағы  жаңа мектептегі мұндай жағдай енді шәкірттеріміздің білімге деген ынтасын одан әрі арттыратын болды деп марқайып жүр.

–  Біздің мақсатымыз – тек қана білім беру емес, оқушылардың берген білімді меңгергеніне көз жеткізу. Сол үшін БИЛ, НЗМ, iQanat сияқты мектептер пайдаланатын EDUCON компаниясының ақпараттық технологиясын қолдана отырып, оқушы өткен сабақты бойына сіңіріп алғанша оқытамыз. Түсінбеген тақырыбын үйде отырып, видео сабақтар арқылы қайталай алады. Мұғалімдер мен ата-аналар оқушының барлық пәндер бойынша үлгерімін жыл бойы бақылап отыра алатын болады. Мұнда біз тек оқушылардың ғана емес, мұғалімдердің де білімін арттырып отыруға көңіл бөлеміз, – дейді ашылу салтанатында сөз сөйлеген мектеп директоры Ақмарал Көмекқызы.

Елтай ауылының 600-ден астам баласы осы дейін елді мекеннен 4 шақырым қашықта орналасқан көрші ауылдың мектептеріне жаяу барып келіп  оқитын.

Жаңа білім ұясы жеке кәсіпкер, инвестор Нұрзат Ахметтің қаржысына салынды. Оның  айтуынша, білім саласындағы жаңа технологиялар мектепке келген оқушылардың зейінін ашып,  білімді болып шығуына жол ашады.

– Келер жылы, Елтай ауылындағы мектеп жанынан интернат самақ ниеттеміз. Ондағы ойымыз жақсы  ізденімпаз, талапты ауыл балаларын жинап, пәндерді тереңдетіп оқыту, олимпиадаларға дайындау. Өйткені қазір көптеген мектептерде бюалаларға мұндай жағдай жасалмаған. Жоғары оқу орнына түскісі келетін түлектер өз қаржысына жеке мұғалімдерге барып дәріс алады. Ал біз осы мектептің базасында оқушыларымыздың жоғары оқу орнына түсуге сай білім беретін,  үлкен өмірге жолдама ұсынатын, жетістікке жететіндей тәрбие процесін ұйымдастырамыз, – деді ол.

Биыл жыл басынан Шымкент қаласында 40-қа жуық мектеп шәкірттерге есігін айқара ашты. Соның нәтижесінде үш ауысымды мектеп 9 дан 4-ке азайды. Келер  жылы бұл проблема түбегейлі шешілмек.