ЕТ ӨНДІРУ ЕКІ ЕСЕГЕ АРТҚАН
-
Түркістан облысы, Келес ауданы
Түркістан облысы Келес ауданында биылғы жылы 60 миллиард теңгенің ауыл шаруашылығы өнімін өндіру көзделіп отыр. Бұл көрсеткіш соңғы үш жылдың ішінде 173 пайызға немесе 25,4 миллиард теңгеге артқан. Аймақта әсіресе мал шаруашылығы қарқынды даму үстінде. Бүгінгі таңда төрт түліктің саны 660 мыңға жетіп отыр.
Біртілек ауыл округіне қарасты Амангелді елді мекенінде былтыр «ақылды» мал бордақылау алаңы іске қосылды. Құрылысы 2 жылға созылған кешеннің аумағы жарты гектар. Бүгінде 300 ірі қара мен «ангус» тұқымды 32 сиыр бордақылануда. Мұндағы барлық «қара жұмысты» арнайы қондырғы, робот атқарады. Оны мал шаруашылығын кәсіп еткен жергілікті тұрғын Дәурен Әлімбаев жүзеге асырды.
«Бұл жобаны атқару үшін ізденіп, тиісті мамандардан кеңес алдым. Бұл саланың сырларын жетік білмегендіктен, әдепкіде қиындықтарға тап болғаным рас. Аудан әкімінің қабылдауында болып, құжаттандыру, субсидиялау жағынан көмек сұрадым», – дейді жеке кәсіпкер.
Роботтандырылған мал бордақылау алаңында 1 ғана адам жұмыс істейді. Жұмыстың басым бөлігін Ресейден сатып алынған «малақ тазалау» құрылғысы атқарады.
Жалпы, ауданда биылғы жылдың 8 айында 28,9 мың тонна ет өндіріліп, ТМД елдеріне экспортталды. Соңғы үш жылмен салыстырғанда ет өндіру 2 есеге артып отыр.
Көрнекі сурет ашық интернет көздерінен алынды