ӘДІЛЕТТІ МЕМЛЕКЕТ. БІРТҰТАС ҰЛТ. БЕРЕКЕЛІ ҚОҒАМ.
ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың биылғы халыққа арнаған кезекті Жолдауы осылай деп аталды. Бұл елімізде жаңа саяси дәуірге жасалған қадамдардың бірі еді. Күні кеше елордасы Астанада бұл туралы кеңінен әңгімеленіп, саяси күштер мен үкіметтік емес ұйымдар ортақ мүдде үшін біріге алатынын көрсетті.
Ал, бүгін Шымкент қаласының Сайрам тұрғын алабында мемлекет басшысының Жолдауда берген тапсырмаларын жүзеге асыру, түсіндіру бойынша ақсақалдармен кездесу өтті. Іс-шараны «Аманат» партиясы Шымкент қаласы Қаратау аудандық филиалы ұйымдастырды.
Саясаттанушы, М.Әуезов атындағы ОҚУ «Саясаттану» кафедрасының меңгерушісі Сәкен Мәжінбеков Жолдаудағы басым бағыттарды, мемлекеттік басқару саласы, жаңа экономикалық саясат, кәсіпкерлікті дамытудағы жаңа өзгерістерді жан-жақты талдап түсіндіріп берді.
Шымқаланың бұл аумағы тұрғындарының ауыл шаруашылығ дақылдарын егуде өзіндік қалыптасқан тәжірибесі бар. Осы орайда, енді кәсіпкерлік бағытын өндіріске өзгертуге болады.
Ал, өмірден көрген-түйгені көп қариялар, ендігі ретте өзінен кейінгі буынға қайта өңдеу өндірісі, адами капиталды дамыту, саналы ұрпақ тәрбиелеуге назар аудару қажеттігін айта жүрсе, бұл да Жолдауға көрсетілген қолдау болар еді. Шешен сөзінен кейін ақсақалдар да өз ойларын ортаға салып, ұсыныс-пікірлерімен бөлісті.
– Қазір нарық заманы. Әр адам өзін дамытып, бәсекеге қабілетті болса ғана, жетістікке жететіні белгілі болып отыр. Осындай азаматтары бар мемлекетте дүние жүзінде өзге мемлекеттермен бәсекелесе алады. Бүгінде кәсіппен айналысуға барлық мүмкіндік бар. Саналы ұрпақ тәрбиелеу ір ата-ананың, отбасының басты парызы. Қарап отырсақ, Президент Жолдауының өн бойы экономикалық мәселелерге арналған. Алға қойған мақсат-мұрат халықтың әл-ауқатын көтеру, барынша халыққа жағдай жасау. Егер ұлт қуатты болса, ұлт сапасын жақсарта алсақ, қоғам да орнықты дамиды, – деді С.Мәжінбеков.
Тәуелсіздік – ең басты құндылық болса, оны қамтамасыз ететін елдің бірлігі мен ынтымағы. Қазіргідей тәуекелі көп жаһандану дәуірінде ұлт болып ұйысудың өзектілігі бұрынғыдан артып отыр. Сайрам тұрғын алабының төбе билері мен тұрғындары да бұл мәселені жақсы түсінеді. Сондықтан да жерлестерін Жолдауды жүзеге асыруда бірлесіп, белсенді жұмыс істеуге шақырды. Еңбек адамдарына құрметті насихаттаған маңызды құжат елді адал еңбек етуге үндеп отыр.