ЕҢБЕК НАРЫҒЫНА КӘСІБИ-ТЕХНИКАЛЫҚ МАМАНДЫҚТАР ҚАЖЕТ

  • Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
blog-single-image

Қазіргі қоғамда кәсіби және техникалық мамандықтарды еңбек нарығының сұранысына қарай бейімдеу мәселесі жиі қозғалады. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында кеңірек айтылды. Осы тақырып аясында М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде «Ел экономикасына кәсіби және техникалық мамандарды даярлаудағы оқу орындарының рөлі» атты ғылыми-практикалық конференция өтті.

Бас қосуға мемлекет және қоғам қайраткері Сатқанбаев Еркін Тұрниязұлы, М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың әлеуметтік-тәрбие жұмысы жөніндегі проректоры, философия ғылымдарының кандидаты, саясаттанушы Мәжінбеков Сәкен Аралбайұлы және оқу орнының студенттері мен оқытушылары қатысты. Аталған іс-шараның мақсаты – «Ел экономикасына кәсіби және техникалық мамандарды даярлаудағы оқу орындарының рөлі» атты түсіндірме жұмысын жүргізіп, пікір алмасу.

– Қазіргі таңда жастарға мамандық таңдауда дұрыс бағыт-бағдар берудің маңыздылығы өте зор. Жоғары немесе орта білім беретін оқу орнын бітірсе, ол жас бір мамандықтың иесі атанады. Бірақ, ол таңдаған мамандық қоғамның сұранасына жауап бере ала ма? Қазір тұрмыстық салада қажетті электрик, сантехник, токарь, автоэлектрик деген мамандықтар тапшы. Бұл мамандықтарды жастар 9-сыныпты бітіргеннен кейін кәсіптік-техникалық колледждерде меңгеріп шығады. Сондықтан осы мәселені кеңінен дамытып, түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. Иә, рас болашақ жастардың қолында. Дегенмен, қазір жастарға барлық мүмкіндік бар. Тек дұрыс бағыт бағдар беру керек,– дейді Еркін Сатқанбаев.

Мемлекет басшысы еліміздегі осы бағытта білім беретін оқу орындарының жаңа экономикалық бағдардың міндеттеріне сай болу қажеттігін баса айтты. Бұл ретте М.Әуезов атындағы ОҚУ дамыған білім беру және зерттеу инфрақұрылымы бар көп профильді жоғары оқу орны. Маман даярлауда материалдық-техникалық базасы мен оқытушылар құрамы жеткілікті. Бүгінде аталған оқу орны еліміздегі үздік ЖОО тізіміне енеді.

– «Ел экономикасына кәсіби және техникалық мамандарды даярлаудағы оқу орындарының рөлі» атты түсіндірме жұмыстарын жүргізу үлкен рөл атқарады. Осы жоба аясында көптеген іс-шаралар іске асып жатыр. Солардың бірі және бастамасы бүгінгі конференция. Кәсіби-техникалық мамандықтар тапшы болғандықтан осы саланы тереңінен оқытып, мықты маман иесі етіп шығару керек. Сонда халыққа да қоғамға да өз үлестері тиеді ,- дейді М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың әлеуметтік-тәрбие жұмысы жөніндегі проректоры, философия ғылымдарының кандидаты, саясаттанушы Сәкен Мәжінбеков.

Конфренция соңында қатысушылар жиын аясында көтерілген мәселелер төңірегінде спикерлерге сұрақтарын қойып, жауап алды.

А.ӘБДІРАХМАН