ЖАЙЛЫ ӨМІР – ЖАҢҒЫРҒАН ИНФРАҚҰРЫЛЫМ

  • Шымкент қаласы, Еңбекші ауданы
blog-single-image

         Инженерлік инфрақұрылым жүйелерінің жақсаруы-халықтың жайлы өмір сүруінің кепілі.  Бұған үйге баратын жолдың болуы, әлеуметтік инфрақұрылымның жақын әрі қолжетімділігі, сапалы ауыз умен, газбен, үздіксіз электр қуатымен және жылумен қамтамасыз етілуі сияқты бірқатар факторлар әсер етеді. Халық үшін аса маңызды саналатын бұл жұмыстардың Шымкент қаласы Еңбекші ауданында қалай атқарылып жатқанын білу мақсатында аудан әкімі Досбол Есілбекпен сұхбаттасқан едік.

 

         – Досбол Күздікбайұлы, ауданға қарсы ішкі жолдар мен көпірлердің, көшелердің жағдайы қазір қандай күйде?

– Бүгінде Еңбекші ауданында ұзындығы 702 шақырымды болатын 611 даңғыл, көше мен өткел бар. Жолдардың 502 шақырымына  асфальт төселген, 181 шақырымына тас, 19 шақырымы топырақ жайылған. Жолдардың жағдайын жақсартуға жылдан жылға жақсы көңіл бөлініп келеді. Мәселен былтырғы жылы 4 магистралдық және 53 қалаішілік көше асфальтталып жөнделсе, ағымдағы жылы  жалпы 86,4 шақырым болатын132 көшеге жөндеу жұмыстары жоспарланды. Оның ішінде, 131 көшеге асфальт қабаты төселіп, пайдалануға берілді, 1 көшені жөндеу жұмыстары басталғалы тұр. Сайрам су көпіріне баратын жолға көпір құрылысы толық аяқталғаннан кейін асфальт қабаты төселетін болады.

– Таза ауыз су халық денсаулығы үшін аса маңызды. Аудан халқының ауыз сумен қамту деңгейі қандай?

– Ауданда ауыз су тұтынатын абонент саны 66 283. Яғни, Еңбекші тұрғындарының  94,5 % таза ауыз су ішу мүмкіндігіне ие. Қазіргі таңда Қарабастау тұрғын алабының жаңақұрылыс аймағында құрылыс жұмыстары басталды. Құрылыс 2023 жылға өтпелі.  Ал, жаз мезгілінде ауыз судын шамадан тыс шаруашылық мақсатта пайдалануына байланысты Елтай, Тоғыс, Айнатас, Базарқақпа елді-мекендерінде ауыз су тапшылығы орын алған болатын. Бүгінде аталған елді-мекендерде ауыз су тапшылығын болдырмау мақсатында Базарқақпа және Тоғыс тұрғын алаптарынан қосымша ұңғыма қазу жұмыстары жүргізілуде.

– Сондай-ақ бүгінгі таңда тұрғындар тарапынан жиі көтерілетін мәселенің бірі табиғи газ жеткізу. Бұл әсіресе қала аумағына кейіннен енген аймақтарға тән. Бұл бағыттағы жұмыстарды да айтып өтсеңіз.

– Иә, Бүгінгі таңда аудан халқының  9,3% көгілдір отын тұтына алмай келеді.  Бұл мәселені шешу үшін қазіргі таңда 5 елді мекеннің жаңақұрылыс аймағындағы 3739 абонентке газ жеткізу үшін жобалау-сметалық құжаттары әзірленуде. Жалпы аудан бойынша 2025 жылы 6149 абонент табиғи газбен қамтылып, көрсеткішті 100%-ға жеткізу жоспарланған.

Сұхбатыңызға рақмет!