ЖАСТАРДЫ БАР ЫНТАМЕН ЕҢБЕК ЕТУГЕ ШАҚЫРДЫ

  • Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
blog-single-image

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Шымкент қаласына келген сапарында жастар ресурстық орталығына барып, ондағы атқарылып жатқан жұмыстарға қанықты. Жастармен пікірлесіп, оларды толғандырған мәселелер мен сауалдарына жауап берді.  Министр мемлекет тарапынан әрбір жастың тың жобасын қолдауға дайын екенін айтып, әділетті Қазақстанды құруда жастардың қоғамдағы белсенділігі маңызды екенін жеткізді.

– Шымкент қаласының әкімдігі жастарға көп жағдай жасағанының куәсі болып отырмын. Осындай мүмкіндікті пайдаланып, елдің дамуына арналған кез келген тың жобаларыңызды ұсынып, бар ынтамен еңбек етуге, ізденуге шақырамын. Әділетті Қазақстанды құруда сіздердің де белсенділіктеріңіз өте маңызды, -деді  Дархан Қыдырәлі.

Бүгінгі таңда Шымкент қаласы тұрғындарының бестен бірі жастар. 248 мың 178 азамат осы санатта.  Мегаполистегі жастар орталығы оларға ақпараттық қолдау және бағыт беріп,  түрлі шараларға қатыстырып келеді.

Қаладан шалғайда орналасқан елді мекендердегі жастарды орталыққа жұмылдыру мақсатында 2021 жылы Шымкент қаласы әкімінің бастамасымен 4 ауданда Жастар орталығының филиалы ашылды. Бұл орталықтар күніне 800-ге жуық жасқа қызмет көрсетеді.

Жастармен кездесуде Дархан Қыдырәлі еріктілердің жұмысына да тоқталды.

– Ерікті болу, ізгі бастамаларға қолдау көрсету, қайырымдылық істерге атсалысу қазақ халқының қанына сіңген қасиет. «Шымкент –қайырымды қала» деп аталуы да тегін емес. Қайырымдылық тек кітапта жазылатын дүние емес, әр қазақтың жан-дүниесінде бар ұғым. Ерікті болуға талпынған жастарға қолдау көрсету де біздің міндетіміз, – деді ол.

Жастар ресурстық орталығымен 10-нан астам еріктілер ұйымы, жоғары және орта арнаулы оқу орындарында 4 мыңнан астам белсенді ерікті тығыз байланыста жұмыс істейді. Олар елімізде және Шымкенттегі әрбір маңызды істерге өз үлестерін қосып келеді.

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі азаматтық ресурстық орталықта да болып, «Азаматтық альянс» пен оның құрамына енетін үкіметтік емес ұйымдардың жұмысымен танысты. 2021 жылы ашылған  орталық үкіметтік емес ұйымдарға  заңгерлік көмек көрсетеді, түрлі кеңестер береді, жаңа жобалар түзуге жәрдемдеседі.

«Азаматтық Альянс» құрамына 57 үкіметтік емес ұйым тіркелген.  Министр  бұл жолғы кездесуде мүмкіндігі шектеулі азаматтармен жұмыс істеу тәсіліне баса назар аударды. Ерекше күтімді қажет ететін жандардың осындай орталық қызметіне барынша қол жеткізу мүмкіндігін қарастыру жайын айтты.