ЖАСТАР ДҰРЫС ҰСТАНЫМДА БОЛСА, ТУРА ЖОЛДАН АДАСПАЙДЫ
-
Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру және түсіндіру бойынша бірқанша жұмыстар атқарылып келеді. Солардың бірі «Нашақорлық – қоғам дерті» тақырыбындағы кездесу болды. Қаратау ауданының жастарымен жұмыс жүргізу бөлімі ғимаратында болған жиынға мемлекет және қоғам қайраткері Е.Тұрниязұлы, Шымкент қаласының құрметті депутаты Х.Сәрсенов, Қаратау ауданы жастар ресурстық орталығының басшысы Б.Төлебай және қаладағы студенттер қатысты.
Күн тәртібінде талқыланатын мәселе бойынша спикерлер «Нашақорлық – қоғам дерті» тақырыбында студенттерге түсіндірме жұмысын жүргізіп, зиянды нәрседен аулақ болуға шақырды.
–Тәуелсіздігімізді алғанға дейін нашақор деген сөз жат ұғым еді. Зиянды затқа тәуелділік адам тағдырын құртып қана қоймай, бір отбасыны қиратуы мүмкін. Президент Жолдауда бұл мәселені де назардан тыс қалдырған жоқ. Мемлекет басшысының айтуынша, соңғы үш жылда тәркіленген синтетикалық есірткінің көлемі 10 есе артқан. Бұл – аса қауіпті әрі ауқымды әлеуметтік кесел. Сонымен қатар, есірткіге тәуелділік күн өткен сайын өмір сүру деңгейін төмендетіп, өлімге алып келуде. Сондықтан, бұған тосқауыл қоймасақ, жайлап кету қаупі көп. Жастарға айтарым, зиянды әдеттерден аулақ болып, өз денсаулықтарыңды күтіп, жат қылықтан сақтанғандарың өздеріңе жақсылық әкелері сөзсіз, – деді Еркін Сатқанбаев өз сөзін жастарға арнап.
Сондай-ақ, спикерлер сананы улаған кеселге тап болғандардың өмірі қиындай түсетінін ескертіп, жастарды білімді болуға шақырды.
–Нашақорлыққа әуес болған адамның одан құтылуы екіталай. Сондықтан жақсы нәрсені көп үйреніп, жаманнан жиренсеңдер, болашақтарың үшін пайдасы зор. Біз қазір дамыған заманда өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан, білімді арттырып, қоғамның үлгілі азаматы болыңдар. Дұрыс ұстанымды ұстап жүрген жастар тура жолдан адаспайды,-деді сөз алған Хайрулла Сәрсенов.
Қаратау ауданы Жастар ресурстық орталығының басшысы Бекзат Төлебай келген қонақтарға өз алғысын айтып, танымды, тәрбиелі кездесу болғанын жеткізді. Алдағы уақытта еркін форматтағы іс-шаралардың жүзеге асатынын жеткізді.