ЖАСТАР ЖҰМЫССЫЗ ҚАЛМАЙДЫ
-
Шымкент қаласы, Еңбекші ауданы
Жастар арасындағы жұмыссыздықты жою мақсатында «Алғашқы жұмыс орны» және «Жастар практикасы» бағдарламасына биылдан бастап өзгеріс енеді. Олардың тиімділігін арттыру үшін жас мамандардың бағдарламаларға қатысу мерзімі ұзартылып, еңбекақысы өседі. Мемлекет басшысының бұл тапсырмасы мамандық алған жастардың бос сенделмей тұрақты жұмыс табуына мүмкіндік бермек.
Шымкент қаласы бойынша биыл жыл басынан бері «Жастар практикасы» бойынша 864 жас маман жұмысқа орналасты. Солардың бірі Шымкенттегі колледждің түлегі Аружан Тұрлыбекова. Заңгер мамандығын иегіріп шыққан жас екі жылдан бері әр істің басын бір шалып жүрген-ді. «Жастар практикасы» бағдарламасы бойынша ұлттық статистка бюросының аймақтағы департаментіне жұмысқа орналасты.
– Президентіміз халыққа арнаған биылғы жылғы Жолдауында «Жастар практикасының» мерзімін ұзартуды тапсырды. Сондай-ақ оған қатысатын жас мамандардың еңбекақысын көтеруі жайы да айтылды. Бұл мен секілді жастарға үлкен мүмкіндік. Тұрақты жұмыс істейсің, еңбек өтілің де болады,-дейді Аружан Тұрлыбекова.
Сондай-ақ, «Алғашқы жұмыс орны» жобасы да мамандықты енді игеріп шыққан жастар үшін аса тиімді болды. Осы мүмкіндіктің арқасында Шымкентте 130 азамат жұмысқа орналасқан. Бұл биылғы жылы осы жоба бойынша жұмыспен қамтылатын азаматтардың 57 пайызы.
Шымкент қаласында былтыр «Жастар практикасы» бойынша 2 жарым мың жас маман жұмысқа орналасты. Ал «Алғашқы жұмыс орны» 100-ден астам жастың тұрақты жұмыс табуына мүмкіндік берген. Олар былтыр 60 мың мен 76 мың теңгенің аралығында еңбекақы алған болса, биылдан бастап жалақы 90 мың теңгеден асып отыр.
Шымкентте жыл сайын жас жоғары және орта арнаулы оқу орындарын 30 мың түлек бітіріп шығады. Кешенді бағдарламалардың арқасында былтыр жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,7 пайызға азайған. Биыл бұл көрсеткіш мұнан да жоғары болмақ.